«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты жауапты міндет пен нақты тапсырма жүктелді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, медицина саласына бөлінетін қосымша қаржы ұлтымыздың денсаулығын сақтауға қызмет етіп, саламатты ұрпақ қалыптастыруға жұмсалуы тиіс.
Анығында, «Отандық медицина, ең алдымен, профилактика мен саламатты өмір салтын ынталандыруды бағдар еткені жөн. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек шығыстары денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінде 40-тан 60 пайызға дейін ұлғайтылуы тиіс. Бұл – әлемдегі барлық дамыған елдің тәжірибесі. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», деген Елбасы сөзі барлық әріптесіме өзіміз таңдаған қызметтік саламызды қолдау ғана емес, дәрігердің парызы мен жауапкершілігін де еселеп арттыруды міндеттейді.
Рас, адам жанына араша тұру дәрігердің кәсіби парызы болғанымен, қазіргі заманғы техниканың дамуы медицина үшін арқа сүйейтін маңызды бөлікке айналды. Яғни, дамыған технология дертті дер кезінде анықтауға, күрделі ота жасаудағы дәлдікті қамтамасыз етуге таптырмас көмекшінің орнын басты. Демек, біздің қызметіміз әрдайым осы құрал-жабдықпен тығыз байланыста бола бермек. Осы орайда біздің Алматы облысындағы денсаулық сақтау саласының жұмысына көз жүгіртіп, атқарылған іске тоқтала кеткен орынды. Бүгінгі аймақтағы емханаларды қажетті құрал-жабдықпен қамту жұмысы оң бағытта жүріп жатыр. Өңірде медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 83 пайызға дейін жетті. Оның ішінде науқасқа бірінші қол ұшын созатын жедел жәрдем қызметіне ерекше жағдай жасалуда, яғни санитарлық автокөлікпен қамту 78 пайызға дейін артты.
Қазіргі күні денсаулық саласының жұмысын цифрлы бағытқа көшіру мамандар үшін де, тұрғындар үшін де тиімді болып отыр. Осы бағытта аймақта «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесі енгізілуде. Бұл бойынша тұрғындар қажетті сұрақтары мен керекті қызметті мобильді қосымшалар арқылы алуға қол жеткізеді. Дәрігер қабылдауына жазылу, қажетті маман кеңесі, аурухана кезегі сияқты қызметтер оңтайланып, науқасқа қолайлы жағдай туды. Осы жерде азаматтарды «Электронды денсаулық паспортымен» қамту туралы айтқан жөн. Қазір облыс тұрғындарының 83 пайызында бұл құжат бар. Ал медицина мекемелерінің 53 пайызы қағазсыз құжат айналымына өтті.
Өңірдегі адам денсаулығын қорғауға бағытталған шараның маңыздысы, медициналық қызмет көрсететін емхана мен ауруханалардың тиімділігін арттыру болып отыр. Өкінішке қарай, көп ауданда мекеме ғимараттары ескірген, орын жетіспеушілігі бар. Қуаныштысы, облыс әкімдігі бұл мәселені шешуді қолға алды. Өткен жылы облыс бойынша денсаулық сақтау саласында 15 нысан жаңадан салынды. Биыл тағы 12 нысанның құрылысы аяқталмақ. Әсіресе аудан орталықтарындағы ауруханалардың күрделі жөндеуден өтіп, жаңа ғимаратқа көшуі дәрігерлердің жұмысына жәрдем беріп, ем-дом сапасын арттыратыны анық.
Негізі, жақсы сөзді көп айтқан дұрыс. Мен өткен жылы әріптестерімнің кәсіби қызметінің арқасында облыстағы жалпы өлім-жітім көрсеткішінің 3,6 пайызға азайғанын атап кеткім келеді. Бұл мемлекетіміздің медицина саласына жасаған қолдауы мен ақ желеңді жандардың жұмыс сапасына маңыз беруінің айқын көрінісі. Ал «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты Елбасы берген тапсырма осы жұмысты ширатып, одан әрі жандандыра түседі.
Өмірзақ НИЗБЕКОВ,
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары
ТАЛДЫҚОРҒАН