01 Наурыз, 2019

Қуыршақ театрындағы «+18»

758 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қуыршақ театры десе, ересектердің епті саусақтарының ұшында жіппен бірге тербеліп, баланың дауысымен еркелеп сөйлейтін кейіпкерлер, ғажайып ертегі әлемі ғана елестейді. Бірақ мұның ертеңгі күнмен еш қабыспайтын ескірген қасаң түсінік екенін Алматы Қуыршақ театры «Ана жүрегі», «Ана – Жер-ана», «Медея» спектакльдерін сахналауымен дәлелдеп келе жатыр. 

Қуыршақ театрындағы «+18»

Өзгеріп, дамып бара жатқан өмірмен бірге қуыршақ театр­ла­ры­ның да есейіп, үлкендер айтатын тақырыпты баласынбай, барлық жағынан ашып көрсетуге талпынып жатқанынан жалпақ жұрт­тың көбі бейхабар да. Енді­гі жерде, қуыршақ театрын тек балаларға ғана арналған театр деп есеп­тейтін болсақ, қат­ты қате­лесеміз. Қызыл телпек ки­­ген қыз­дың оқиғасы мен «Чи­п­­о­­л­­линодағы» көтеріліс жа­с­ап жүретін қызанақ пен қияр­лардың қызығына алданып қалатын баланың азайып бара жат­қанын бүкіл әлем мойын­да­ған­да, тез таралатын ол үрдіс­тен қанша тұмшаланғысы келге­німен, отандық театрлар тыс­қа­ры қала алмас еді. Алматы Қуыршақ театры «Ромео мен Джуль­еттаны» тамашалауға ша­қыр­ғанда, таңырқауымыз «екі ғашықтың махаббат хикая­сын кішкентай көрермендерге қалай көрсетпек?» деген ойдан туған еді. 

Рас, «+18 жас» деп алдын ала ескер­тілді. Махаббатты қуыр­шақ тілімен таныстыратын қойылымды көруге барған әр көрерменнің жүзінен тас-түйін ішкі дайын­дығы көрініп тұр. Әрине мұндай шартты белгі қуыршақтар сахнаға жалаңаш шығады дегенді білдірмесе керек, мұны қуыршақ театрына ересек көрермен тарту үшін күрделі тақырып ұсынылады деген ескертуі деп қабылдадық. 

Жалпы, спектакльде жаңа­­лық көп. Алғашқысы, спек­такль­дің шымылдықсыз ашылғаны болды. Сахна мен зал шекарасыз бірігіп кеткендіктен, үстіне орта­ғасырлық темір сауыт тәріз­дес костюм киген негізгі кейіп­кер­лер көрерменмен араласып бірге отырды. Осы жаңашыл ша­ғын штрихтың өзі аядай сахна­дан ауқымды ізденістің ізде­рі сайрай жөнелетінінен ха­бар беріп тұр. Екінші жаңалығы, қос ғашықтың рөлін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының 3-курс сту­дент­те­рі Ғалым Аман­келдіұлы мен Салтанат Төре­байдың ойнағаны. Екеуі Қазақ­станның халық әртісі Тұң­ғышбай Жаманқұловтың шәкірт­тері ғана емес, 50-ге жуық талап­кер қатысқан іріктеу сынынан топ жарып шыққан жас таланттар. Спектакльдің тағы бір ерекшелігі, бір актердің өзіне бір­не­ше рөлдің жүктелгені. Леди Капулетти, Розалина, Леди Монтеккиді актриса Арай Сақтағанова, Лоренцо пірәдар, Тибальт, синьор Монтекки, Бенволио, синьор Капулеттиді актер Шоқан Құлназаров, Мерку­цио, Эскал, Парис, Бал­та­­зар, Бенволионы Мақсат Қама­лов мінезі де, табиғаты да кере­ғар кейіпкерлерді бір-біріне ұқсатпай, дара дауыспен ойнады. Капулетти мен Монтекки отбасыларының ортасындағы мәңгі бітіспейтін оқиға балалар сахнасы үшін тың тақырып болуымен қатар, оқыс әрекет, күтпеген шешімнің көптігімен таңғалдырады. Режиссер спектакльде екі тәсілді де ұтымды пайдаланады, сахнадағы ойын жанды планда және қуыршақтар бейне­сінде қатар жүреді. Жан­ды планда ақ көйлек киген Джуль­ет­та мен кіршіксіз сезімін жасыра алмайтын Ромео, ал қалған кейіпкерлердің бәрі қуыршақ бейнесінде көрінеді. Сахнада декорация атаулыдан екі қап­тал­ға орнатылған аппақ екі қағаз қабырға мен көп қызмет атқа­ратын ортадағы қара үстел қоз­ғалмай-ақ бүкіл оқиғаны өріс­те­тіп тұр. 

Ромео мен Джульетта осы уа­қыт­қа дейін барлық театр­да сомдалып келе жатқан өз бей­не­­лерінен көп ауытқымайды – бірін-бірі көре алмаса тұра ал­май­тын құштарлықтың, өр­те­­нуге шақ, от-жалын сезім­нің құлы. Қағаз қабырғаға шелек­теліп аяусыз шашылып жат­қан қызылды-жасыл бояу мен сезімнің мөлшерден тыс көптігі қай заманда да жарқ-жұрқ еткен қандай тіршілік қалыбында да буырқанған сезім толастамайды дегенді тұспалдап тұрғандай.

Спектр секілді әр алуан бояу – өмірдің өз түсі. Махаббат пен таза­лықтың символы секілді сезім­нің ең биігін бастан кешіп жүр­ген қос ғашық үстіндегі ап­пақ киімдерімен былғанады деп қорық­пастан алуан бояудың үсті­не әрі-бері аунап, лас кейіп­ке түсуі арқылы ақ пен қарасы, жақсы мен жаманы итжығыс түсіп жататын пенделік өмір­ден біз де алыс емеспіз, өз қа­лау­­ымызбен ырқына бой алды­ра­­мыз, анадан пәк тусақ та, ақы­рында осылайша кір болып был­ғанамыз дегенді ишарамен ұғын­дырады. Адам болып туы­лып, бірте-бірте пенделіктің иірі­­міне түсіп, батып кету проце­сін сахнадан сырттай тамашалап отыру тым қорқынышты. Бала түгі­лі үлкен адамның өзі жаға­лап барып сырына әрең бой­лай­тын спектакльді сахналаудағы мақсат ертегіні әлдеқашан ұмытқан ересектерге қуыршақтар бейнесімен өз өмірінің шындығын көрсеткісі келгені анық. Трагедияның аты – трагедия, қуыршақ театрының қойы­лымы болса да, оқиға «хэп­пи эндпен» аяқталмады. Адам бойын­дағы қанды кек пен қыз­ға­ныш, менмендік ға­шық­тарды айналып өте алмады. Ескі көзқарас пен байырғы қоғамның қарым-қаты­насына қарсы шыққан шыр­ға­­лаңға толы Ромео мен Джуль­ет­таның оқиға­сы жаңа өмір­ге бәрібір үлгі болып қалды. 

«Ромео мен Джульеттаның» музы­камен көркемделуі – спек­такль­дің арнайы сөз етуге тұра­тын қыры. Жастар сүйіп тың­дай­­тын Billie Eilish, Inessa Galan­te­нің сезім тұңғиығына баты­ратын сазды ырғағы қойы­лым мазмұнын арттыра түскен. Спек­так­ль­ді заманауи­лан­ды­ру­да нақ осы әуен үлкен рөл атқарады. Дегенмен дәл осы сарындас музыка Д.Жұмабаеваның М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойған «Жүрегімнің иесін» оңай еске салады. Бағыты, жанры екі бөлек дүниенің «бір қолдан» шыққанын аңғартып, ізде­ніс қолтаңбасында қайта­лау­ға ұрынғанын осы әуен аңғар­та­ды.

Драма театрларының өзі жү­р­ек­­­­сіне қолға алатын Шекс­пир­­­дің өлмес туындысын режиссер Д.Жұмабаева қуыршақтарға лайық­тап қойғанда, қиялын мейлін­ше самғатқан. Сахнаның өлшеусіз мүмкіндік алаңы екенін әр театрдың спектакльдері дә­лел­­­дей бермейді. Ал мұнда ре­жис­­сер сахналық этиканы қа­ла­са – сақтайды, қаламаса – қасыңдағы балаға қазақы тәр­би­е үлгісімен «көзіңді жұмып отыр» дегенің қалады. Солай бол­са да, мөлшерін біледі. Не нәрсе мөлшерден аспаса ғана қабылданады. Ойы, қия­лы еркін режиссер бір жарым са­ғат­­­­тық спектакль ішінде тың қадам­­да­ры­мен Шекспирді қа­лау­ынша «төң­керіп» тастады. Ұлы драматург­ке бұлайша азу көрсету өз талантының өлшемін білетін, өзіне-өзі сенімді режис­сер­дің ғана қолынан келетін дүние. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ