01 Наурыз, 2019

Тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған шаралар бекітілді

685 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды.

Тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған шаралар бекітілді

Әлеуметтік көмек көбейеді

Съезде Елбасы аз қамтылған және көп балалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бас­тамалар ұсынғаны белгілі. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар барысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев кеңінен баяндады. Оның айтуынша, 1 шілдеге дейін ең төменгі күнкөріс деңгейі 14 849 теңге болады. Ал 1 шілдеден бастап бұл 20 789 теңгеге көтеріледі. Яғни, егер аталған көмекті осы уақытқа дейін 571 мың адам алып келсе, енді ол 260 мыңға көбейіп, 830 мың қазақстандық үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік тумақ. 

− Мысалы, 4 балалы жалғызбасты отбасы 1 шілдеге дейін табысы жоқ бол­ғандықтан 63 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, 1 шілдеден бастап ол 40 мың теңгеге кө­бейіп, 103 945 теңгеге жетеді. Ал қосым­ша төлемдерді есептегенде ол отбасының жалпы табысы айына 114 448 теңге болады, – деді ол.

Министр атаулы әлеуметтік көмекті дайындау үшін отбасылардың жиынтық та­бысында да өзгеріс орын алатынын айтты.

− Атаулы әлеуметтік көмек тағай­ын­даған кезден бастап, яғни 1 шілдеден кейін отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға, «Күміс алқа» жә­не «Алтын алқа» төс белгілерімен ма­ра­патталған көп балалы аналарға мем­лекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ ба­ла­ларға арналған мүгедектігі үшін бері­летін жәрдемақылар, стипендия алынып тасталады, – деді Б.Сапарбаев. Министрдің айтуынша, аз қамтылған отбасының балаларына берілетін жәрдемақы қазір 4 834 теңге болса, 1 шілдеден бастап 20 789 теңгеге жетеді. Ол 18 жасқа дейін төленеді. Егер ол балалар оқитын бол­са, онда 23 жас­қа дейін төленеді. Оған қосымша ата-анасының табысы күн­көріс деңгейінен төмен болса, онда да оларға қосымша жәрдемақы төленбек. Мү­гедектігі бар балаларға және 18 жас­тан асқан, бала кезінен бірінші топ­тағы мүгедектің күтімі үшін 100 мың аза­маттың жәрдемақысын 31,1 мың тең­геден 41,6 мың теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Министр әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде халыққа ыңғайлы жағдай жасап, адамдарды бекерден-бекер сандалтпау үшін талап етілетін құжаттар саны азаятынын айтты. 

− Енді осының барлығы қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан «е-ха­лық» жүйесімен жүзеге асырылады. Кей­бір мәліметтер жоқ болса, ата-ана­ның келуі­нің керегі жоқ. Жергілікті жер­лердегі жұ­мыспен қамту орталықтары, әкім­ші­лік­тер тиісті мемлекеттік орган­дар­ға сұрау жасап, өздеріне тиісті мәлі­мет­­терді алады, – деді Б.Сапарбаев.

Жалақы жоғарылайды

Білім беру мәселелеріне қатысты алға қойылған міндеттерді орындау бойынша Білім және ғылым министрлігінің жоспарлары мен міндеттерін министр Күләш Шәмшидинова баяндады. Оның айтуынша, алдымен білім беру са­ласындағы жалақысы төмен қызмет­кер­лердің табысын  ұлғайту, орта білімде реформаны нақты түрде іске асыру, сондай-ақ озық жоғары оқу орындары мен заманауи колледждерді анықтауға қатысты бір­қатар міндетті орындау қажет. 

− Білім саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту дифференциалды түрде 30 пайызға дейін жүзеге асады. Бұл саладағы 500 мың адамның жалақысы өседі. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері және олардың көмекшілері, әдіскерлер, әлеу­меттік педагогтар, балабақшалар мен колледждердің психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, тәлімгерлер, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, аула тазартушылар, күзетшілер, пеш жағушылар, сантехниктер мен электриктер және тағы басқалары бар», деді К.Шәмшидинова.

Білім және ғылым министрлігі кел­тірген мәлімет бойынша білім беру сапасын арттыру мақсатында 2019-2021 жылдар аралығында жаңартылған мазмұн бойынша 144 мың мұғалім, 82 мыңға жуық сынып жетекшісі мен психолог, 15,5 мың колледж маманы мен 2,4 мың ЖОО оқытушысы қайта даярлау курстарынан өтеді. 

Жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің ай­лы­ғын 30 пайызға көтеруге қатысты баян­дама жасады. Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы 1 шілдеден бастап еңбек­ақысы төмен барлық медбикелер мен кіші медициналық персоналдың жалақысы 30 пайызға өседі. 

− Елімізде жұмыс істейтін медби­келердің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мың теңгеге дейін көтеріледі. Ал кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мың теңгеге артады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаяды. Жалпы, 225 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысы өседі. Осыған орай 2019 жылы республикалық бюджеттен 37,6 миллиард теңге, ал 2020 жылдан бастап 78,7 миллиард теңге бөлінеді, деді Е.Біртанов. 

Президенттің тапсырмасы бойынша жергілікті жерде жалақысы төмен әкімдік қызметкерлерінің айлығын 25 пайызға арттыру қажет. Бұл бағытта қандай межелер бекітілгені жөнінде Ұлт­тық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

− Елімізде жергілікті жерде жұмыс істейтін 78 мың мемлекеттік қызметші бар. Негізінен, сарапшылар, жетекші мамандар және бас мамандар. Олардың жалақысы орташа есеппен алғанда 25 пайызға өседі. Мысалы, егер бас маманның орташа жалақысы 84 мың теңгені құраса, енді ол 100 мың теңге болды, деді Р.Дәленов.

Министрдің айтуынша, әкімдік қыз­мет­керлерінің табысын көтеруге қосым­ша 76,5 миллиард теңге қажет. Биыл бұл бағытта жұмсалатын қаражат көлемі – 15,3 миллиард теңге. 

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, шағын қалаларды дамытуға жы­лына 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл сол қалалардағы инженерлік-коммуни­ка­циялық инфрақұрылымның 100 жобасын салуды немесе реконструкциялауды қамтамасыз етеді. 

− Перспективалық ауылдарды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жоба­сы қаржыландырылады. Оған 3 жылда 90 млрд теңге бөлінеді. 1,5 мыңға жуық ауыл қамтылады. Болашағы бар ауылдар халық санына, орналасқан орнына, даму әлеуетіне және тағы басқасына бай­ланыс­ты анықталады, деді Р.Дәленов.

Көп балалы отбасыларға жалдамалы баспана беріледі

Жиында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын жандандыру және жол салу қарқынын күшейту туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады. Министрдің айтуынша, қазір елімізде 340 мың көп­балалы отбасы бар, оның 28 мыңы тұр­ғын үй кезегінде тұр. Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес, 7 жыл ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пә­тер, 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жал­дамалы пәтер салу жоспарланған.

− Кезекте тұрған аз қамтамасыз етіл­ген көп балалы отбасылардың мәселесі толық шешілетін болады. Биыл мамыр айында біз көп балалы отбасыларға жалдамалы пәтер беруді бастаймыз, деді Р.Скляр. − Аз қамтылған отбасыларға «Тұр­­ғын үй құрылыс жинақ банкі» ар­қы­лы 20 жылға жеңілдетілген несие бе­ріледі, оның жылдық сыйақы мөлшер­­лемесі 2 пайыз болады. Ипотека бекі­тіл­ген негізгі шарттар бойынша төрт және одан көп баласы бар отбасыларға, мүгедек баласы бар немесе мүгедек баланы бағатын отбасыларға, кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасыларға беріледі. Екі жылда біз осы аталған санаттарға 22 мың жеңілдетілген зайем беруді жоспарлап отырмыз, деді Р.Скляр. Министрдің сөзіне қарағанда, 22 мың ипотекаға үш жылдың ішінде рес­пуб­ликалық бюджеттен 50 млрд теңгеден бөлінбек. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес жол құры­лысына, қалалық және ауылдық инфра­құрылымды дамытуға, жергілікті магистралды жолдарға республикалық және жергілікті бюджеттен 150 млрд тең­ге­ден астам қаржы бөлінуде. Қосым­ша қа­ражаттың бөлінуін ескергенде, қаржы­лан­дыру көлемі 200 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы 5 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік береді.

Отырыста Үкімет басшысының орын­­басары Гүлшара Әбдіқалықова да сөз алып, Елбасы тапсырмаларын түсін­ді­ру жұмыстары жанданатынын айтты. 

Премьер-Министр Асқар Мамин эконо­микалық табыс ең алдымен әрбір адам­ның әл-ауқатын арттыруға бағытта­луға тиіс екенін айта келіп, «Нұр Отан» пар­тиясы съезінің тарихи шешімдерін жүзеге асыру мәселелері маңызды екенін жеткізді. 

− Елбасының жаңа әлеуметтік қам­қор­лық шараларын сапалы және уақтылы іске асыру керек. Үкімет мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша тиімді жұмыс жүргізуге тиіс. Бюрократия мен формализмге жол берілмесін. Қарапайым адамдардың мәселелерін шешу қажет. Барлық мемлекеттік органдардан осы бағытта қарқынды жұмыс атқаруды сұраймыз, деді А.Мамин.

Үкімет басшысы ірі қалалардың қала маңы аумағында, шағын және моноқалаларда тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, жаңа тұрақты жұ­мыс орындарын, әсіресе ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымды дамы­ту, білім беру, денсаулық сақтау, мәде­ниет және спорт нысандарын салу, олар­дың қолжетімділігі мен қызмет сапа­сын қамтамасыз ету, инженерлік-ком­му­налдық инфрақұрылымды, оның ішінде жергілікті жол желілерімен, энергетика және газбен жабдықтау жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»