Биыл еліміз үшін «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы аталып өтетін маңызды жыл. Осыдан 20 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанына топтасқан азаматтар «Отан» халықтық-демократиялық партиясын тіркеу туралы бірауыздан шешім қабылдаған болатын.
Осы жылдарда Елбасымыз бастаған партия еліміздегі саяси және қоғамдық жаңарулардың қозғаушы күші болып келеді.
Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде әлеуметтік қолдауды күшейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ауқымды шараларды ұсынды. Осы шараларды іске асыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінетін болады. Тек биылдың өзінде ел бюджетінің 45 пайызы әлеуметтік салаға жіберілмек.
Съезде халыққа арналған аса маңызды мәселелер – балалардың жәрдемақысы, тұрғын үймен қамту, әлеуметтік саланы жаңғырту және басқа да маңызды міндеттер белгіленді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Жаңа әлеуметтік саясат елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстанның барлық азаматтарына бірдей алға басу шарттарын жасауға тиіс. Бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен жастарға қатысты болып отыр. Көп балалы, табысы аз отбасылар ерекше қамқорлыққа алынып, назарда болады. Қамтылуы төмен отбасыларды қолдауды ұлғайту үшін күнкөріс деңгейінің төменгі шегі 70 пайызға дейін ұлғаяды. Атаулы әлеуметтік көмек үшін көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеге жуық төлем берілуі жоспарланды.
Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар қарқын ала түседі. Елбасы 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтер салуға және осы мақсатта жыл сайын 50 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берді. Көп балалы, толық емес және табысы аз отбасылар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылына 2 пайыздық бағдарлама әзірленетін болады.
Елді әлеуметтік жаңғырту жөніндегі жаңа міндеттерді іске асыруды көздейтін жаңа үкімет құрылды, ол нақты нәтижеге бағытталған іргелі істердің үкіметі болуға тиіс. Мемлекет басшысы Үкімет алдына халық өмірінің деңгейі мен сапасын арттыру, табысы аз азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру және денсаулық сақтау, аймақтарды кешенді түрде дамытуға бағытталған басым міндеттерді қойды.
«Нұр Отан» партиясының мерейтойлық съезінің делегаттары құндылық бағдарын бекемдеуге және партияның алдағы ондаған жылдардағы миссиясын айқындауға бағытталған жаңа саяси доктринасын қабылдады.
Экономиканы дамыту мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың ең өзекті мәселелеріне назар аудару аса маңызды. Бұл мәселелерді шешу біздің партиямыздың бірінші кезектегі басымдығы.
Бүгін партия мүшелерінің алдында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру міндеттері тұр. Отанымыз – Қазақстан Республикасын өркендету жолындағы ел Президенті, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының әлеуметтік және саяси реформалар жөніндегі бастамаларын жүзеге асыруда біз оның сенімді тірегі екенімізді нақты істермен, айқын нәтижемен дәлелдеуіміз керек деп ойлаймын.
Асқар БЕЙСЕНБАЕВ,
Сенат депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы