Мемлекеттік деңгейде көтерілді
Елімізде 125 волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істейді. Олар мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүргізуде, халықтың әл-ауқатын жақсартуға сүбелі үлес қосып келеді. Әсіресе мәдени-спорттық іс-шараларда, қайырымдылық марафондары, ауыр дертке шалдыққан балаларды қолдауда, балалар үйлері мен қатерлі ісік бөлімшелерінде әзірге осы волонтерлердің еңбектері өлшеусіз болып тұр. Ең бастысы, олардың басты ұстанымы немесе қызметтерінің бұлжымас қағидасы – қоғамға пайда тигізу.
Мысалы, елімізде Қысқы универсиада мен «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізілуіне шамамен 6 мыңнан аса ерікті студент атсалысты. Сондай-ақ еріктілердің дені жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, созылмалы және ісік ауруларына шалдыққан жандарға қолұшын созып, қайтарымсыз көмек көрсетуде. Елімізде 2016 жылы «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат еріктілердің қызметін реттеп, тынысын аша түскенімен, осы істің басы-қасында жүрген белсенділер заңда қаралмаған мәселелердің бар екендігін алға тартады. Оның ішінде арнайы әзірленген 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасына өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, волонтерлік ұйымдардың белсенділері «Еріктілерді мотивациялық қолдау» бабын талап етуде.
Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «Студенттер қауымы еріктілік пен қайырымдылықтың қуатты ресурсы болып саналады. Бұл жас адамдардың еңбек нарығында жедел бейімделуіне және олардың әрі қарай өз жолын табуына септігін тигізеді. Мысалы, халықаралық бағалау бойынша әлемнің ең ірі 300 компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс уақытының 1 сағатына жуығын волонтерлік қызметке жұмсайды. Үкіметке волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын ЖОО студенттерінің стипендиясын 30%-ға дейін көтеруді тапсырамын. Бұл біздің студенттеріміз үшін елеулі қолдау болады», деді.
Мемлекет басшысы сонымен қатар «Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажеттігін мәлімдеді. Әлбетте, аталған ұсыныстар еліміздегі волонтерлік қозғалысқа серпін беретіндігіне күмән тудырмайды.
Оның үстіне халықаралық деңгейде волонтерлікке баланатын қызметтердің қаныңызда бар үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, мұқтаж жандарға қолдау көрсету қасиеті қазақстандықтарға жат еместігін айтуға болады. Бір ғана «Асар» салты қазақстандықтардың қайтарымсыз еңбекке деген көзқарасын айғақтайды.
Әлемдік тәжірибе әрқилы
Қазір шетелдік тәжірибелерге көз жүгіртсек, дамыған мемлекеттерде бұл іспен негізінен жастар емес, тұрақты жұмысы бар, ақылы толысқан азаматтар айналысады. Мәселен, АҚШ-та еріктілердің саны 70 миллионнан асып жығылады екен. Олардың нақты еңбегін есепке алғанда, шамамен 7,9 млрд сағат құралады. Ал атқарған жұмыстарының көлемі 184 млрд долларға пара-пар екен. Ең қызығы, АҚШ-тағы еріктілердің дені – зейнеткерлер.
Еуропа мен Азияның дамыған мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімі немесе ұлттық табысының көлеміне шаққанда еріктілердің үлесі басым болып отыр.
Еріктілік қызметті еңбек өтілі ретінде санау, оқуға түсердегі жеңілдіктер қатарына қосу, ішінара ақы төлеу тәрізді еріктілерді ынталандыратын табысты жобалар жетіп-артылады.
Президент тапсырмасынан кейін Білім және ғылым министрлігі волонтер-студенттерге ақы төлеудің жобасын жариялады. Ол бойынша «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы іске асырылмақ. Бұл бастама қазір мүдделі тараптардың қатысуымен талқылануда. Дәлірек айтқанда, студенттерге келісілген пәндер бойынша екі түрлі ваучер ұсынылады: 2 және 5 кредиттік ваучер. Бұл – 20 немесе 50 сағаттық волонтерлік қызмет және оған сағатына 1 000 теңгеден төленеді. Үш жылда жобаға қатысатын студенттер санын 20 мыңға жеткізу жоспарланған. Министрліктің хабарлауынша, әлеуметтік студенттік ваучер төмендегі бағыттар бойынша әлеуметтік пайдалы қызметпен айналысатын студенттерге беріледі: 1) инклюзивті білім беру; 2) қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылықтан қосымша сабақ беру; 3) девианттық мінез-құлқы бар кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеу; 4) аула және спорт клубтарын ұйымдастыру; 5) егде жастағы адамдармен әлеуметтік жұмыс.
Сайып келгенде, бұл салаға мемлекеттің араласуы – заңдылық, ал жастардың үлес қосуы қажеттілік болып қала бермек.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»