01 Наурыз, 2019

Заманына қарай талабы

516 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қашықтықтан оқыту – әлемде жаңалық емес. Тіпті, ескі технология деуге келер, себебі 1728 жылы алғаш рет АҚШ-тағы бостондық газетте пошта арқылы оқитын студенттерге іздеу салған жаңашыл мұғалім туралы жазылған. Бұл әдіс заманның талабына қарай түрленіп, біздің ғасырда «Онлайн оқыту» деген атауға ие болды. Дүние жүзіндегі белді университеттер әлдеқашан тәжірибесіне енгізген білім берудің бұл түрінің біздегі қарқыны қандай?

Заманына қарай талабы

Біз неге онлайн оқуды таң­дайтын болдық? Алдымен осы сауалға жауап тауып алайық.      1. Уа­қыт. Уақыт – қазір адамдар үшін кейде ақшадан да қым­бат. Оны үнемді пайдалану – адамзатқа ортақ мәселе. Ал онлайн оқуда ЖОО барып-қайтуға, көлік күтуге уақыт кетпейді; 2. Ақша. Ізденімпаз адам үшін интернетте бір-бірімен жарысып тегін курстар жариялайтын платформалар жетерлік. Бұл – қаржыны қалтада қалдырудың бір жолы. Білімге инвестиция салуда мұғалімнің алдында отырып алатын дәрістерден гө­рі онлайн курстардың бағасы тө­мен. Бұдан бөлек, университетке немесе орталыққа бару үшін жолпұл кетпейді; 3. Бірден бір­неше диплом. Қос диплом алу трендте тұрған біздің заманда бір мезетте бес түрлі біліктілікті игеруге тек қана осы онлайн оқу мүмкіндік береді; 4. Жүйке. Қа­зір ірі қалаларда жұмыстан шы­ғып, оқуға бару жүйкені жұқартумен тең. Өйткені бұл кез кемі бір сағаттық кептеліске тап келеді. Ауылда немесе қала сыртында тұратындар да үздіксіз білім алғысы келеді, бірақ жол – қолбайлау; 5. Шексіздік және мүмкіндік. Бұл – интернет орнатқан революцияның шы­ңы. Өзіңіз ойлаңызшы, Оралда отырып, Еуропадағы белді университеттің грантын, дип­ломын, болмаса сертификатын иемденуге болады. Шексіз мүмкіндік деген осы. Өндірісте жүрген мұнайшы жұмыстан босай қалғанда қолындағы ұялы телефонымен-ақ еліміздегі белді университеттерде немесе олар­дың курстарын оқи ала­ды. Оған жағдай жасалған ба? Иә, мәселен, open.kaznu.kz сайтына Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары курстарын жүк­теген. Мархабат!

Біз мұнда бакалаврды ғана сөз етіп отырмыз, ал шетелдік университеттер магистратура, докторантураға да талапкерлерді қашықтықтан, яғни онлайн оқытуға шақырады. Мәселен, masterstudies.com сайты жалғыз Журналистика факультетін қашықтықтан оқытатын және магистр дәрежесін беретін 37 шетелдік университеттің ал­дағы қыркүйектен бастап қабылдауға әзір екенін жариялады. Ал postgraduatesearch.com порталы Англиядан докторанттарды қабылдайтын 15 университеттегі 37 факультеттің тізімін ұсынған. 

Қашықтықтан оқыту технологиясы негізінде білім беретін жоғары оқу орындар барлық стандартқа сай диплом береді. Дегенмен, әрдайым өзгеріп отыратын қоғамда 4 жыл жүріп алған бір парақ қағаздан да жоғары бағаланатын біліктілік қатары көбейді. Өйткені нарықтағы сұраныс өзгерді. Мысалы: ағыл­­­шын тілінен 6-дан жоғары балдық ІЕLTS сертификаты бар адам жақсы жалақы төлейтін тіл орталықтарында сабақ бере алады; кей есепшілерден экономист-бухгалтер екенін дәлелдейтін дип­лом емес, белгілі бір деңгейлік курстан өткенін анықтайтын сертификат талап етіледі. Айтпақшы, бір мұғалім Малайзиядан арнайы келген өкілдің ментальды арифметика дәрісіне 3 ай қатысып, үлкен қосымша білім беретін орталық ашып алғанына куә болғанбыз. Ал жақында фото-видео студия­сы бар кәсіпкердің әңгімесінен қол астындағы қызметкерлері арасында аталған салаға мүлде қатысы жоқ жандардың да бар екенін естідік. Қалай жұмыс істеп жүр? Adobe Photoshop, Adobe Premiere pro бағдарламасын же­­тік білсе жеткілікті. Маман­ның бакалаврдағы, болмаса магистратурадағы ғылыми дис­­сертациясының көп адамға қажеті жоқ. Міне, осыдан-ақ қоғамдық көзқарастың 180 гра­дусқа бұрылыс жасағанын білуге болады: «Қазір – қызыл дип­ломның дәурені өткен заман». 

Бүгінде осындай қажет­тілік­тер мен заманауи талаптарды қанағаттандыру мақсатында ашылған ашық университеттер де бар. Ал оны мемлекеттік деңгейде реттеу әлемде ХХ ғасырдың 70-жылдарында басталып кеткен. Қазіргі Англияда 1965 жылы Біріккен Корольдігінің Білім министрі Дженни Ли (Jennie Lee) Ашық универсиет моделін жасады. Ал 2017 жылы Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты бірігіп жасаған Open edX платформасы негізінде «Қазақстанның ашық университеті» іске қо­сылды. Онда бүгінде 20228 адам тіркелген. Қазақ және орыс тілдеріндегі 110-нан аса курсты әзірлеуге еліміз­дегі маңдайалды оқу орын­­дарының білікті ғалым-оқыту­шылары ат­сал­ысты. Ха­лық­аралық стан­дарт­қа сай, ұзақ­тығы 1000 сағат­тан асатын 2700-ге жуық видео­лекцияларға қосымша конспектілер, түрлі тап­сырма, тест сұрақтары дайын­далған. Біздің OpenU.kz Ұлы­бри­та­нияның Open University платформасымен серіктестік байланыс орнатты. Курстарды мобильді қосымша арқылы да көріп, тыңдауға болады. 

Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті Жур­налистика және саясаттану фа­куль­тетінің сту­денті Мархабат Ті­леген (аты-жөні спикердің қа­лауымен өзгертілді) OpenU.kz-ке тіркеліп, «Интернет психологиясы» курсын таңдаған. «Біз қозғалмастан тоқсан минут лекция оқитын оқытушылардан жалығамыз. Отандық ашық университетте ұнайтын курстар көп, бірақ қызықтырмайды. Бір орын­да отырып, еш көрнекіліксіз сөй­лейтін лектордың видеосын 30 секундтан соң сөндіріп тас­тағым келеді. «Tedtalks» форма­тында түсірсе, жақсы еді», дейді ол. 

Қазір әлемде онлайн білім беретін платформа аз емес. Бұл тегін интерактивті курс­тарды тұтынатын 750 мың студенті бар Udacity; сұра­ныстағы маман­дардың білік­тілігін арттыру мен жаңа білім алуына жағдай жасайтын тегін һәм ақылы курс­тар ор­наластырылған Udemy; тегін онлайн-курстар жөнінен алдың­ғы қатарды бермейтін Coursera, әлемнің әр қиырынан мил­лион студенті бар, 4000-ға жуық видео сабақтарды табуға болатын Khan Academy білім беру платформалары дәлел. 

Үздіксіз білім бүгінгі адам­затқа ауадай қажет. Оған осы заманда тек онлайн оқыту арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Қазіргі таңда онлайн курс­тар тыңдайтын адамдар саны әлемде 100 млн-ға жуық. Бұл – ойлантатын көрсеткіш.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»