Шараға елімізге танымал суретшілер туындыларының барельеф-көшірмелері қойылды. Ал 14 картинаны Оқушылар сарайындағы көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері салып әкелді.
Бірегей көрменің ерекшелігі сол, картиналардың екі бірдей нұсқасы ұсынылған. Біріншісі – суретшінің өзі салған түпнұсқа болса, оның астына зағип жандар үшін арнайы жасалған туындылар жайғастырылған. Осылайша, көзі нашар көретін жерлестеріміз Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Сахи Романов сынды белгілі өнер иелерінің жұмыстарын тамашалай алды.
«Былтыр Алматы қаласына іссапармен барған кезде Ә.Қастеев атындағы музейде осындай туындыларды көрген едік. Содан жергілікті жерде неге қолға алмасқа деген ой туды. Оқушылар сарайындағы көркемсурет мектебі ұсынысымызды бірден қабыл алды. Жоғары деңгейде орындалған жұмыстар бірден назар аудартады», дейді бейнелеу өнері музейінің қызметкері Жібек Жүзенова.
16 жастағы Ульяна Популова Ресейдің халық суретшісі Бақи Урманченің табиғат көріністеріне арналған туындысын айнытпай келтіру үшін бір ай уақытын жұмсапты. Ағашты бейнелеу үшін бұтақтарды қолданыпты. Бойжеткен зағип жандарға керемет картинаны сезіну мүмкіндігін сыйлағанына өте қуанышты. Алдағы уақытта да барельефті-көшірмелер жасаумен айналыспақ
Жас суретшілер әрбір пейзаж, портрет пен натюрморттағы детальдарды да ерекше дәлдікпен жеткізе білген.Қып-қызыл алма дейсің бе, әлде өрісе жайылып жүрген төрт түлік мал ма...бәрін қолмен ұстап, айқын сезінуге болады. Картинаны көз алдына елестетуге Браиль шрифімен жазылған анықтамалық ақпарат көп септігін тигізеді.
«Біз бұрындары музейдегі мүсіндердің көрмесіне ғана келетінбіз.Енді суретшілердің туындыларын тамашалау мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Балалар мен мұражай қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз», дейді зағип жандар.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы