Еуропаны ереуіл елесі кезіп жүр
Сейсенбі, 20 қараша 2012 7:11
Төрт жылдан бері төрткүл дүниені дүрліктірген дағдарыс кәрі құрлықты тағы бір сілкініске ұшыратпай тынбайтын секілді. Сонау ХІХ ғасырда Карл Маркс «Еуропаны белгісіз бір елес кезіп жүр – коммунизм елесі», деп адамзат тарихының ХХ ғасырындағы ұлы төңкерісін дәл болжаған еді. Енді міне, ХХІ ғасырдың басында Еуропаны тағы да жаһандық бір жойқын елес кезіп кетті. Оның ақырының қайда апарып соғарын кім болжапты…
Сейсенбі, 20 қараша 2012 7:11
Төрт жылдан бері төрткүл дүниені дүрліктірген дағдарыс кәрі құрлықты тағы бір сілкініске ұшыратпай тынбайтын секілді. Сонау ХІХ ғасырда Карл Маркс «Еуропаны белгісіз бір елес кезіп жүр – коммунизм елесі», деп адамзат тарихының ХХ ғасырындағы ұлы төңкерісін дәл болжаған еді. Енді міне, ХХІ ғасырдың басында Еуропаны тағы да жаһандық бір жойқын елес кезіп кетті. Оның ақырының қайда апарып соғарын кім болжапты…
Иә, кәрі құрлықты құрсаулаған қарыз дағдарысы өркениет шоғырының алдыңғы легіндегі елдерді әбден титықтатып бітті. Еуроаймақты әбден сарсаңға салған бұл құбыжықтың таяу уақытта беті қайтатын түрі де көрінбейді. Ғасырлар бойы өркениет игілігін молынан тұтынып келген Еуропа мемлекеттерінің қабылдаған шешімдері радикалдық сипатта емес. Сондықтан еуроаймақтың созылмалы сырқатын жаза алмай отыр. Тіпті, еуроаймақ дағдарыс батпағынан шығу соқпағын табудың орнына, қайта сол түпсіз сорға тереңдей батып бара жатқан сияқты.
Еуропадағы дағдарыстың тереңдеген бүгінгі сипатын тілге тиек етпестен бұрын, жаһандық экономиканың шешуші үлесін иеленетін Еуропалық Одақ дегеніміз не екеніне қысқаша тоқталып өтейік. Еуропалық Одақ (ЕО) – Еуропаның 27 мемлекетін біріктіретін экономикалық және саяси бірлестік болып табылады. ЕО құрамына Австрия, Бельгия, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланд, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция және Эстония мемлекеттері кіреді. Құрамына кіретін мемлекеттердің экономикалық даму деңгейінің әртүрлі болуына қарамастан, Еуропалық Одақ 500 миллионнан астам адамды біріктіретін әлемдегі ең бай экономикалық одақ болып табылады. Оның біріккен ІЖӨ көлемі 15 триллион долларды құрайды. Бұл әлемнің ең ірі экономикасы – АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің көлемімен пара-пар. Соңғы жылдары Одақтың 17 мемлекеті айналымға бірыңғай валюта – еуроны енгізіп, еуроаймақ құрған болатын.
«Шөміштен қысу» саясаты сілкіністерге бастайды
Міне, бүгінде осы еуроаймақ елдерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы өте шиеленісіп, халықтың күнделікті тұрмыс жағдайы күрт төмендеп барады. Ұзақ жылдар бойы тұтыну деңгейінің жоғары дәрежесінде өмір сүріп келген кәрі құрлық тұрғындары дағдарыс салдарынан әлеуметтік жағдайларының төмендеуіне барынша қарсылық білдіруде. Қазір еуроаймаққа кіретін елдер аумағы тұтас бір ереуілдер алаңына айналып барады. Көп ретте бейбіт сипатта басталған шерулердің арты тәртіп сақшыларымен болатын қақтығыстарға ұласып, адамзат өркениетінің небір озық үлгілеріне куә болған тарихи қалалар қақтығыспен өрілген ереуілдер құшағында сілкініп-ақ тұр.
Үстіміздегі жылы 14 қарашада Еуропада соңғы онжылдықтар ішінде болып көрмеген ірі қарсылық акциялары орын алды. Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясы жариялаған жалпыға бірдей бұл күнгі ереуілге ЕО-ға қарасты 23 мемлекеттің тұрғындары түгелдей атсалысты. Еуропалық одаққа кіретін мемлекеттердің халқы осы елдердің үкіметтері қолға алып отырған мемлекеттік шығындарды қысқарту, зейнет жасын ұзарту және бюджетті үнемдеу шараларына қарсы көзқарастарын осы ереуілдер арқылы білдіріп отыр. Әсіресе, Еуропаның оңтүстігінде қоныстанған Испания, Грекия, Португалия және Италия мемлекеттеріндегі ереуіл екпіні ерекше қатты болды.
Испания және Италия елдеріндегі ереуілдер полициямен ірі көлемдегі қақтығыстарға ұласты. Пиреней түбегіндегі елде орын алған осы көше қақтығыстарының салдарынан 74 адам ауыр жарақат алып, жүздеген ереуілшілер қамауға алынды. Соңғы уақытта болып көрмеген осындай бұқаралық қарсылықтар барысында Италияда ондаған тәртіп сақшылары жарақат алды. Марио Монти басқаратын Италия үкіметінің бюджетті қатаң үнемдеу шаралары радикалшыл жастардың үзілді-кесілді қарсылығына тап болды. Рим және Турин қаласындағы бейбіт шерулер осындай жастардың басбұзарлығына жалғасып, автокөліктер өртелді. Дүкен сөрелері тоналды.
Ереуіл шырқау шегіне жеткен күндері Еуропалық одаққа қарасты елдердің күнделікті өмірі тоқтап қалды. Қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатып, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері жабылды. Испания және Португалияда бүкіл темір жол және әуе қозғалысы тоқтады. Тек қана Испанияда 600-ден астам бағыттағы әуе сапарлары кейінге қалдырылды. Кәрі құрлық елдерін түгел қамтыған осы ереуіл шерулерін Испания кәсіподағы «Еуроодақ тарихындағы шешуші кезең» деп атады.
Португалияда өткен ереуілдерге ірі кәсіпорындардың және мемлекеттік кәсіпорындардың 90 пайызға жуық еңбеккерлері қатысты. Тіпті бұл елде ереуілшілдерге тәртіп сақшылары да қосылды. Грекия, Испания, Португалия және Италия мемлекеттерінде орын алған осындай зор халықтық қарсылықтарға қарамастан, бұл мемлекеттердің үкіметтері «шөміштен қысу» саясатынан бас тартпай отыр. Осындай текетірестің салдарынан Португалияда ІЖӨ-нің төмендеуі қатарынан 8 тоқсан бойы жалғасуда. Жұмыссыздық деңгейі өсуде. Ереуілге шыққан халық билік басындағыларға қарапайым тұрғындардың есебінен бюджетті қатаң үнемдеу саясатының жақсылыққа апармайтынын барынша дәлелдеп бағуда. Дағдарыс зардабын барынша сезініп отырған елдердегі «қатаң үнемдеу» саясаты халықты көшеге шығарды. Үкімет пен тұрғындар арасындағы бұл текетірестер тек ереуілдермен ғана аяқталса жөн. Еуроаймақ халқын титықтатқан «шөміштен қысу» саясаты ірі сілкіністерге ұрындырмаса жарады.
Жаппай жұмыссыздық жарға жықпасын
Қаржы дағдарысынан қиналған халықты жаппай белең алған жұмыссыздық та титықтатып бітті. Еуропадағы жұмыссыздық деңгейі биылғы жылы соңғы 17 жыл ішінде болып көрмеген биік деңгейге жетті. Еуропалық Одақтың статистикалық басқармасының деректері бойынша, ЕО-ға мүше 27 мемлекеттегі жұмыссыздар саны 25,5 миллион адамнан асты. Әсіресе, Испаниядағы жағдай өте күрделі болып отыр. Бүгінде бұл елдің еңбекке қабілетті тұрғындарының 25 пайыздан астамы еңбек биржаларының кезегінде тұр. Халықты күйзеліске ұшыратқан жұмыссыздық кеселінің деңгейі жөнінен одақ бойынша екінші орынды эллиндер ұрпағы иеленуде. Бұл елдегі жұмыссыздық халықтың 24,5 пайызын қамтиды.
«Жұмыссыздық деңгейі барған сайын өсуде. Оны тоқтату шаралары байқалмайды. Алдағы уақытта жұмыссыздықтың беті қайтатындығына мүлде сенім жоқ. Бүгінде бұл кесел тек әлсіз мемлекеттердің ғана емес, Германия сияқты барынша дамыған елдердің де еңбек рыногын жаулап барады», дейді Брюссельдегі NG Group аға экономисі Карстен Бржеск. Bloomberg-тің хабарлауынша, еуропалық компаниялар әлемдік экономикалық өсімнің тежелуінен, бюджеттік қатаң үнемдеу шараларынан және рецессия қаупінен қорғанып инвестициялық шешімдердің қабылдануын кейінге қалдыруда. Соның салдарынан экономикада ешқандай алға басушылық байқалмайды. Deutsche Bank AG, PSA Peugeot Citroen and Air France-KLM Group сияқты әлемдік ірі компаниялар да осындай саясатты ұстануда.
Өткен жылы Еуроодақ елдерінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 70 пайызға өсті. «Ланта-банк» АКБ-ның инвестициялық басқармасының бастығы Олег Поддымниковтің айтуынша, көп ретте дағдарыстан шектен тыс қорғанған компаниялар жұмыссыздықтың белең алуына жағдай жасауда. Егер биылғы жылдың қалған бір-екі айында Еуропа елдеріндегі жұмыссыздық көлемі осындай қарқынмен өсе беретін болса, онда келесі жылы кәрі құрлықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалында үлкен әлеуметтік сілкініс орын алатындығы айқын.
Грекияның ертеңі бұлыңғыр
Қарыз дағдарысынан тұншыққан Грекия үкіметі елдің дефолтқа ұрыну шегіне жеткенін ашық мойындауда. Мемлекет қазынасында мүлде қаржы жоқ. Ал Еуропалық орталық банк елдің қарызды қайтару мерзімін шегеруге мүмкіндік берер емес. Осы қадамдары арқылы банк бұл елге қарыз беруші үштіктің қалған екі мүшесі – Еурокомиссия мен Халықаралық валюта қорын грек қарызын қысқарту шегін белгілеу жөнінде жылдамырақ шешім қабылдауға мәжбүрлемек. Бұл Грекия үшін көптен күткен кезекті қарыз траншы – 31,3 миллиард еуроны алуға мүмкіндік берер еді. Айта кетер болсақ, 2010 жылы Грекияға берілген 110 миллиард еуро көлеміндегі бірінші көмек қаржысы бұл елді рецессиядан құтқара алмады. Еуроодақтың қаржылық көлемінің екінші траншы бойынша Афина 130 миллиард еуро қаржыға ие болды. Бұл бағдарламаның стратегиялық мақсаты Грекияның мемлекеттік қарызын 2020 жылы ІЖӨ-нің 120,5 пайызына жеткізу болып табылатын. Сонымен бірге, осы келісім шеңберінде Грекияның жеке меншік банктерге деген қарызын 53,5 пайызға қайта құрылымдау туралы келісімге қол жеткізілді. Ал бұл қарыз деңгейі 230 миллиард еуродан асып кеткен болатын. Қазірдің өзінде мәлім болғанындай, Грекияға жасалған көмек шаралары бұл елдің қарызын 2020 жылы ІЖӨ-нің 120,5 пайызына дейін төмендете алмайды. Сондықтан еуроаймақтың жетекші мемлекеттері Грекияны құтқарудың үшінші траншын беруге мәжбүр. Бұл Грекияны құтқаруға арналған кезекті қаржы траншы 31,3 миллиард еуроны құрамақ.
Алайда, осы бір қаржыны беруді үштік әлі емексітіп отырса, оны күтуден Грекия үкіметі де шаршаған сияқты. Еуроаймақ мемлекеттері Грекияға беретін бұл көмекті тағы да кейінге қалдырып, оның шешімін 26 қарашада болатын еуроаймақ мемлекеттері қаржы министрлерінің кездесуіне қалдырып отыр. Алайда, Грекияны қаржы құрсауынан құтқаратын негізгі үштіктің арасында бірауызды келісім жоқ. Үштіктің екеуі – Еурокомиссия мен Халықаралық валюта қоры Грекияның қарызын қандай мөлшерге дейін қысқарту және мүмкін болатын шығындарға кім жауап беретіндігі жөнінде әлі келісе алмай келеді.
Халықаралық валюта қоры Грекия мемлекетінің рецессиядан шығу мүмкіндіктері өте әлсіз деп санайды. Сонымен бірге, ол бұл елде мүлікті жекешелендіру барысында жиналуы мүмкін 50 миллиард еуро қаржыға да сенімсіздік білдіреді. Сөйтіп, Грекияның мемлекеттік қарызын 2020 жылға дейін азайту жөніндегі Халықаралық валюта қоры мен Еурокомиссия арасында бірауызды шешім болмай отыр. Оның үстіне Халықаралық валюта қоры Грекияның мемлекеттік қарызын 2020 жылға дейін ІЖӨ-нің 120 пайызына дейін қысқартылуы керек десе, Еурокомиссия одан гөрі жұмсағырақ көзқарасты – елдің мемлекеттік қарызы 2022 жылға дейін 125 пайызға дейін қысқартылуы керек деген ұстанымды басшылыққа алады.
Ал Грекия үкіметі болса, несие берушілердің дегенінен шығу үшін бюджетті үнемдеуді одан әрі жалғастырып, онсыз да бүйірі солған әлеуметтік шығындарды қысып жатыр. Бұл елде зейнетақы, еңбекақы және әлеуметтік төлемдер мөлшері бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін қысқартылды. Несие берушілердің талабы бойынша алдағы екі жылда бюджеттің мұндай шығындары тағы да 13,5 миллиард еуроға дейін қысқартылып, 2016 жылға дейін елде еңбек реформасы жүзеге асырылып, салық мөлшері артуы керек. «Барар жер, басар тауы» қалмаған Грекия үкіметі келесі жылы әлеуметтік бюджетті тағы да 9,2 миллиард еуроға қысқартып, еңбеккерлердің зейнеткерлікке шығатын жас мерзімін 65-тен 67 жасқа дейін көтеруді жоспарлап отыр.
Өкінішке қарай, бұл елдің алдағы жылдардағы экономикалық ахуалының болжамы да көңіл көншітерлік емес. Reuters агенттігінің болжамы бойынша, келесі жылы ІЖӨ-нің төмендеуі 3,8-4 пайызды құрайды. Үстіміздегі жылы бұл елдегі экономиканың құлдырауы 7 пайыз болмақ. Сонымен бірге, еуроаймақ елдері ішінде Грекиямен бірге Португалияның, Испанияның және Италияның да экономикалары құлдырау кезеңдерін бастан кешуде. Сарапшылардың пікірінше, бұл мемлекеттердегі ІЖӨ-нің төмендеуі жылдың аяғына дейін жалғасатын болады.
2012 жылдың ІІІ тоқсанындағы мәліметтер бойынша, Испанияның еңбекке қабілетті әрбір төртінші тұрғыны жұмыссыз қалған. Жұмыссыздықтың 25 пайыздық межеге жетуі ел үкіметін мүлде тығырыққа тірейді. Үкіметтің бюджет шығындарын барынша үнемдеу жөніндегі саясаты ахуалды одан әрі шиеленістіре түсуде. Испанияда қазір орын алып отырған жұмыссыздық деңгейі 1970 жылы диктатор Франсиско Франконың билік құру дәуірінде болған межеге жетті. Елдегі жұмыссыздар саны 5,8 миллионнан асып жығылады. Reuters агенттігінің болжамы бойынша, биылғы жылы бұл елдегі жұмыссыздық деңгейі өсуін одан әрі жалғастыратын болады. Испания экономикасы өткен жылдың соңында рецессияға ұшырағанын білеміз. Сарапшылар алдағы 2013 жылы да бұл елдің экономикасының оңалуы неғайбыл деген пікірде.
Алаңдатқан қауіпті ахуал
Әлем сарапшылары Еуроодақтың дағдарыстан шығу кезеңін болжап, қара тер болып жатқанда, Еуропаның оңтүстік бөлігі үкіметке қарсы шерулерге толды. Қатаң үнемдеу саясаты елдің шын мәніндегі ашу-ызасын тудырды. Жағдай осылай шиеленісе беретін болса, кейбір дуалы ауыз сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта Еуропаның басты проблемасы экономика емес, саясат болуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде бір, тіпті бірнеше мемлекетте үкіметті қауіпті радикалдар басып алуы мүмкін. Үстіміздегі жылдың шілде айындағы Еуропалық орталық банктің басшысы Марио Драги «еуроны құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын» деген уәдесінде тұрып, ортақ валютаның жағдайын біршама түзегендей болды. Еуроны доллармен салыстырғандағы бағамы 10 пайызға көтерілді. Еуропа банк және фискалдық одақтар құру жөнінде де біршама жетістіктерге қол жеткізді. Бұл өз кезегінде кәрі құрлықтың өркениетті елін біршама қанағаттандырғандай болды. Осыдан кейін іле өткен сайлаулар барысында халық Антонис Самарас және Мариано Рахой сияқты сабырлы саясаткерлерді сайлап, ұстамдылық танытты.
Белгілі экономист Барри Эйченгрин, Калифорния университетінің профессоры Беркли сияқты сарапшылардың айтуы бойынша, кәрі құрлықтағы дағдарыс алдағы уақытта да тереңдей түседі. Сөйтіп, мемлекеттердің тізгінін ұстаған қазіргі үкіметтер халықтың қолдауынан айырылады. Міне, осындай шиеленісті жағдайларда Еуропа мемлекеттерінің үкімет басына радикалдар мен ұлтшылдардың келу мүмкіндігі барынша жоғарылап отыр.
Бюджеттің әлеуметтік шығындарын шексіз қысқарта беру, салық деңгейін көтеру онсыз да тығырыққа тірелген халықты ашындырады. Қалыптасқан осындай жағдайды пайдаланған әсіре саясатшылар халық санасын баурап алуы мүмкін. Соңғы уақытта Грекияда осындай жағдай орын алды. «Алтын арай» атты радикалдық партия халықтың қолдауы тұрғысынан үшінші орынды иеленді. Еуропаның еңбек рыногында қалыптасқан қазіргі ахуал саясат сахнасына қауіпті ойыншылардың шығуына барынша мүмкіндік туғызып отыр. Әсіресе, бұл елдерде жұмыссыз қалған жастардың жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызуда. Португалия, Грекия, Испания және Италия мемлекеттерінде жастардың 50-55 пайызына дейін жұмыссыз қалып отыр. Міне, осындай жағдайда құрғақ уәдеге бай радикалды партиялар жастарды өздерінің көкейкесті пиғылдары үшін пайдаланады. Бүгінде Грекия парламентінде «Алтын арай» партиясы 18 дауысты иеленіп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, келесі сайлауда бұл партияның жеңіске жетуі әбден мүмкін.
Дамудың соны соқпағы керек
Дүние жүзінің өркениетті ақыл-ойы бүгінде Еуропаны дағдарыстан шығарып, экономиканы даму жолына бағыттауды басты мақсат тұтып отыр. Бұл ретте кәрі құрлықты дағдарыс тұзағынан құтқарудың тиімді жолы экономикалық дамудың жаңа бағыттарын белгілеп, еңбек өнімділігін арттыруға барынша бетбұрыс жасау қажеттігіне саяды. Еуропа «шөміштен қысу» саясатынан құтылып, өндірістік даму жолына түсуі керек. Еуропа экономикалық қатынастардың ескірген тетіктерінен құтылып, дамудың инновациялық жаңа жолдарын табуы қажет. Англияның премьер-министрі Дэвид Кэмеронның пікірінше, еуропалық мемлекеттер экономикалық жағынан жылдам дамып бара жатқан мемлекеттермен әріптестік қатынастар жасап, келісімдерге жол беруі керек. Ал Испания үкіметінің төрағасы Мариано Рахой өзінің парламентшілер алдындағы сөзінде, «біздің заңдық базамыз бұдан 30 жыл бұрын қабылданған. Біз жаңа дәуірде өмір сүріп отырмыз, өткеннің салмағынан құтылып, бәсекелестікті арттыруымыз керек. Менің ойымша, жаңа реформалар шағын және орта бизнес өкілдеріне, жұмысшыларға, әсіресе, жастарға кең мүмкіндіктер ашып, еңбек өнімділігін арттыруға жол салуы керек», деп атап көрсетті. Еуропаның экономикалық ахуалын терең зерделеген сарапшылардың да, саясатшылардың да бірауыздан мойындап отырғанындай, бұл құрлықта белең алған экономикалық дағдарыстан шығудың тиімді жолдарының бірі қордаланған инвестициялық бағдарламаларға серпін беріп, еңбек өнімділігін барынша арттыру болып табылады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».