Дүбірге толы дүние
Жұма, 16 қараша 2012 7:21
Өркениетке қарсы діннің қадірі кетеді
Тағы да өркениетке қарсы тағылық бір әрекет басталғандай – мысырлық салафиттердің бір көсемі шейх Мурган Сәлем әл-Гохари Египеттің бейнесіне айналған атақты Гизадағы пирамидалар мен сфинксті жоюға шақырды.
Әрине, олар сондай үндеу тастады екен деп, әлемдік ғажайыптардың басында тұрған ұлы ескерткіштерге қауіп төнді деуге де болмас, бұған Египет үкіметі жол бере қоймас дейсің. Сөйтсе де, бұлардан бәрін күтуге болғандай. Оған мысал да бар. Осыдан біраз жыл бұрын Ауғанстандағы «Талибан» тағылары Бамиандағы әлемдегі бірегей тауды қашап жасалған Будда статуясын жарып жібергені белгілі.
Жұма, 16 қараша 2012 7:21
Өркениетке қарсы діннің қадірі кетеді
Тағы да өркениетке қарсы тағылық бір әрекет басталғандай – мысырлық салафиттердің бір көсемі шейх Мурган Сәлем әл-Гохари Египеттің бейнесіне айналған атақты Гизадағы пирамидалар мен сфинксті жоюға шақырды.
Әрине, олар сондай үндеу тастады екен деп, әлемдік ғажайыптардың басында тұрған ұлы ескерткіштерге қауіп төнді деуге де болмас, бұған Египет үкіметі жол бере қоймас дейсің. Сөйтсе де, бұлардан бәрін күтуге болғандай. Оған мысал да бар. Осыдан біраз жыл бұрын Ауғанстандағы «Талибан» тағылары Бамиандағы әлемдегі бірегей тауды қашап жасалған Будда статуясын жарып жібергені белгілі. Сол тағылық әрекетте бүгінгі тағылықтың бастамашысы әл-Гохари де қатысқаны анықталып отыр.
Салафиттер көсемінің пайымдауынша, халық қадірлеп, басына баратын ескерткіштердің барлығы пұтқа табынушылық көрінісі екен. Әл-Гохари былай дейді: «Алла Мұхаммед пайғамбарға мұндай пұттарды жоюды бұйырған. Жаратушыға құлшылық ету орнына жұрт баратын бүкіл Египеттегі қаптаған ескерткіштерді біз жоюымыз керек». Радикалды исламистің бұл тұжырымының бұрыстығын дәлелдеп жатудың өзі артық екені даусыз. Әлемдік өркениетке, оның ұлы ескерткіштеріне Мұхаммед пайғамбарымызды қарсы қойғысы келетіндердің әрекетін күпірлік десек жөн болар.
Жалпы, ислам әлемінде әсіре радикалды исламистердің әрекеттері айыпталады. Сөз болып отырған салафиттер көсемі шейх Мурган Сәлем әл-Гохариді де Египеттің бұрынғы басшылығы өмірлік түрмеде отыру жазасына кескен болатын. Кешегі революция дүрмегінің арқасында атышулы радикал да бостандыққа шығып, енді қара ниеттерін жүзеге асыруға кірісіп отыр.
Бұған дейін де салафиттер Мысырдағы барлық ежелгі египеттік тарих ескерткіштерін құрту туралы талай рет мәселе көтерген. Әрине, Египеттің бұрынғы үкіметі мұндай тағылық шақыруға құлақ аспағаны өз алдына, оларды қудалауға да алған. Ол да заңды еді. Сол ескерткіштер елдің әлемдік өркениеттің басында тұрғанына куә болумен қатар, жер жүзінен туристерді шақырып, елдің бүгінгі ұрпағына да экономикалық пайдасын тигізіп келді. Елдің қазіргі үкіметі де салафиттердің жолын кесер деп үміттенуіміз содан.
Өздеріндегі діни радикалдық элементтермен күресті Египет үкіметі ойластыра жатар, бірақ бұл басқаларға да ой салуға тиіс-ау дейсің. Салафиттердің іздері барлық жерден де аңғарылып қалады. Зираттарға тиісу фактілері бізде де кездесіп жатады. Ал еліміздің тарихымен, әдет-ғұрпымен жалғасып келе жатқан әулие-әмбиелерге құрмет көрсету дәстүрімізді ашық айыптайтындар да табылып отыр. Өздерінше құрмет тек бір Аллаға дегенді алға тосып, елдің дәстүрін аяқ-асты еткісі келеді. Ал өміріне иманды арқау еткен әулие-тақуаларға құрмет нағыз иманды іс екенін естірте айта алмай, кібіртіктейтініміз де бар. Сонда сол салафиттер батылдана түседі. Ал оларды айыптаудың да, құрықтаудың да кезі әлдеқашан келген.
Радикалды исламистермен күрес – ислам дініміздің тазалығы үшін күрес. Нағыз иманды дін ешқашанда өркениетке қарсы болмаған.
Құрама Штаттарға кіргісі келетіндер көп
Пуэрто-Рико аралдық мемлекетінде өткен референдумда халықтың басым көпшілігі елдің Америка Құрама Штаттары мемлекетінің құрамына кіруін жақтап дауыс берді.
Кіруді қалайды екенсің, келе ғой деп отырған АҚШ жоқ. Бұл аралдық мемлекеттің өзіне басшылық-қамқорлық жасап отырған алып державаның құрамына 51-ші штат болып қосылуды сөз еткеніне де біраз болған. Бұған дейін де бұл жөнінде төрт рет референдум өтіпті. Ал мемлекетке басқа елді, аумақты қабылдау мәселесін АҚШ Сенаты ғана шешеді.
Енді Пуэрто-Риконың өзіне келейік. Анықтамалықтарға қарасақ, «Пуэрто-Рико ынтымақтастығы АҚШ-тың әкімшілік-аумақтық бірлігі құқындағы өзін өзі басқаратын аумақ» болып табылады. АҚШ-пен байланыстылығы – азаматтығы, валютасы, қорғанысы ортақ. Мемлекет басшысы – АҚШ президенті. Жоғарғы заң билігі – АҚШ Конгресіне тиесілі.
Сонда АҚШ-тың құрамына кірмегенде, несі қалды деуге де болар. Бірақ ішкі тәртібі бөлек. Өздерінің конституциясы бар. Ішкі басқару Пуэрто-Риконың Заңдық жиналысының билігінде. Үкімет басшысы – губернатор. Министрлер кабинетін сол Заңдық жиналыстың келісімімен губернатор тағайындайды. Ішкі бюджетін өздері белгілеп, экономикасын да өздері басқарады. АҚШ-қа жалтақтамайды, тікелей оның экономикалық қамқорлығында емес. АҚШ президентін сайлауға да қатыспайды.
Дегенде, ортақ нәрселері көп екен, құрамына қабылдай салмай ма деген сұрақ та туады. АҚШ-тан біраз қашық, бір аралдағы мемлекет дегенге, АҚШ-тың бір штаты Гавайи да жер түбіндегі бір аралдарда, оны да елдің құрамына енгізген. Көптеген ел өзінің жерін қалай да көбейткенге құмар. Сол үшін тіпті соғысып жатады. АҚШ неге оны өз құрамына қабылдай қоймайды? Жалпы, АҚШ-тың құрамына кіргісі келетін елдер аз емес.
Осы жерде мынадай ескі саяси анекдот еске түседі. Кешегі әлем капиталистік және социалистік болып бөлінген заманда КСРО АҚШ-ты жеңе ала ма деген сұрақ қойылады. Жеңеді, дейді бір білгір. Бұл үшін КСРО АҚШ-қа қарсы соғыс ашуы керек. Сонда күші басым АҚШ жеңіп шыққанмен, жеңілген КСРО-ның халқын асыраймын деп, титықтап, әлсіреп, күйрейді. Сонда жеңіп ала қоясың, дейді. Сол айтқандай, бір елді басып алып, немесе оның «қалауымен» оны құрамына кіргізгенмен, ел күшеймейді. Басына сол елді асырау деген үлкен тауқыметті жамап алады.
АҚШ Сенатының Пуэрто-Рико қалауына елпеңдеп жауап бермей отырғаны содан. Бірақ АҚШ президенті Барак Обаманың бұдан бұрынырақ пуэрториколықтардың таңдауына құрметпен қарайтынын айтқаны бар. Кім біледі, ортақ нәрселері көп елді қосып алуы да мүмкін. Бірақ екі елдің даму деңгейі жер мен көктей. 4 миллиондай халқы бар Пуэрто-Риконы асырау оңайға соқпайды. Бұл өз елінің халқына қиянат. Олардың жасаған игілігін басқаға бере салу жөн емес.
Жалпы, өркениетті ел басқа елді, оның жерін басып алуға құштар емес. Отарлау саясаты – өткеннің ісі. Өткен ғасырда отаршылдықтың күйрегені содан. Қазіргі кезде де кейбір елдердің басқаның жеріне көз сұғын қадауы – өткен тағылық саясаттың сарқыншағы.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».