«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын сайыс Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында жүргізілмек.
Жандар Асанның айтуынша, интеллектуалды олимпиада 5 айналымнан тұрады.
Алғашқы кезеңде әр команда өзінің университеті мен мүшелерін таныстырып, команданың атын қорғайды.
«Тарихи хронология» атты екінші айналымда әр команда ұяшықтардың артында жасырылған тарихи даталардың мағынасын дұрыс ашуы тиіс. Бұл сандар Ұлы даланың ұлы қыздарының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметімен байланысты. Командалар дұрыс жауап бергеніне қарай ұпай еншілейді.
Үшінші турда қатысушыларға «Ұлы даланың қаһарман қыздары» тақырыбындағы арнайы бейнетаспаға түсірілген сауалдар қойылады.
«Тарихи терминология» атты төртінші айналымның шарты бойынша әр команда тарихи терминдерге 3 деңгей негізінде анықтама беруі тиіс. 1-деңгей «қола қақпа», 2-деңгей «күміс қақпа» және 3-деңгей «алтын қақпа» деп аталады. Толық жауап берген команда ғана үш қақпаны ашқан болып, толық бағаланады. Үшінші қақпаның сұрағы ағылшын тілінде қойылады, сәйкесінше командалар сұрақтарға ағылшын тілінде жауап береді.
Соңғы кезең «Ой толғау» деп аталады. Бұл айналымда ел тарихындағы есімдері ұлықталған ұлы қыздар туралы эссе сұрақтар жеребе негізінде әр команда жетекшісіне үлестіріледі. Шарт бойынша сайыскер тапсырманы орындауға берілетін 10 минутта 100 сөзден кем емес эссе жазуы тиіс. Эссенің жазу барысында қатысушының жеке көзқарасының көрінісі, фактілер, теориялық негіздемесі, терминдерді қолдануы, логикалық заңдылықтардың сақталуы, салыстыру және бағалау, қорытындылау әдістерін қолдануы басты назарға алынады.
Зияткерлік олимпиада қазақ тілінде жүргізіледі. Команданың құрамы «Тарих» мамандығында оқымайтын 3 студенттен жасақталуы шарт.