Парламент • 02 Наурыз, 2019

Сенатор студенттерді толғандырған сауалдарға жауап берді

738 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды​​технология және сервис колледжінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

 

 

Сенатор студенттерді толғандырған сауалдарға жауап берді

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы Н.Назарбаев ұсынған бастамалар сенатордың мұғалімдермен және студенттермен кездесуінің басты тақырыбы болды. Жүздесуде көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау деңгейін көтеру, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Р. Әбдікеров мұғалімдер мен студенттердің көптеген сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Атап айтқанда, бюджет саласында еңбек ететін қызметкерлердің еңбекақысын 30 пайызға көтеру мәселесіне назар аударылды. Сенатордың айтуынша, әл-ауқатты жақсарту жөніндегі шаралар ел халқының елеулі бөлігінің әлеуметтік жағдайын айтарлықтай жақсартады.

Колледж директоры Жұмағали Мағзиев өз кезегінде барша азаматтарға, оның ішінде мұғалімдер мен жастарға уақытылы қамқорлық көрсеткені үшін мұғалімдердің атынан еліміздің басшылығына алғысын білдірді.

Сенатор білім ордасында болған кезде болашақта даярланатын мамандықтармен танысты және дәрісханаларда болды. Оқушылардың білім алудағы табыстары мен болашақ жоспарлары депутатқа кеңінен таныстырылды. Кәсіби біліктілікті анықтау жөніндегі WorldSkills республикалық және халықаралық жарыстардағы студенттердің жеңістері колледждің мақтанышы болып табылады.

Депутатқа студенттердің экономика және бизнес мектебінің жұмысы туралы да айтылды. Бүгінгі таңдағы сұранысқа ие мамандықтарды оқытудың арқасында түлектерді жұмысқа орналастыруда жақсы жетістіктер бар екені белгілі болды.