Жекпе-жек • 03 Наурыз, 2019

Ел жеңімпаздары Азия және әлем чемпионатына жолдама алады

1548 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

...Иә, иә, дәл солай. Өскеменде өтіп жатқан таэквондадан кадеттер арасындағы ел чемпионатына қатысып, небәрі 12-14 жасар балаларға батасын берген Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, республика таэквондо федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Арман Шылманов салтанатты жиында жеңімпаз атанғандардың шілдеде Иорданияда жалауын көтеретін Азия біріншілігіне, ал қоңыр күзде Әлем чемпионатына (әзірге қай елде өтетіні белгісіз) қатысуға мүмкіндігі бар екенін айтты. 

Ел жеңімпаздары Азия және әлем чемпионатына жолдама алады

         Осымен Өскеменде үшінші рет өтіп отырған ел біріншілігіне осы жолы 506 бала қатысып отыр. Мұның себебін сұрағанымызда, шырайлы Шығыста соңғы жылдары таэквондоның қатты дамып келе жатқанын, қазірдің өзінде спорттың бұл түрімен бір мыңға тарта адамның жаттығатыны жайлы облыстық таэквондо және қоян-қолтық федерациясының президенті Мерхат Болатқанұлы тілге тиек етті.  Ал бес жүзден аса балалардың қатысатын себебі, бұл жолы федерация басшылары балаларды дүбірлі жарыстарда сынап, біліктілігін арттыру мақсатында әр салмаққа бес баладан қосуды ұйғарыпты. Несі бар, орынды бастама.

            Жарыс төрт күнге созылады. Жарыстың бірінші күнінде қыздар 29, 41 келі салмақ дәрежесінде өз өнерлерін ортаға салды. Жан алысып, жан беріскен сайыста 29 келіде Алматы қаласының өрені Сабина Тайырова қарсыластарын шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Сабинаның кәрістің ұлттық күресінің қыр-сырын жетік меңгере бастағанына куә болдық. Таэквондода аяқпен де, реті келгенде қолмен де жұдырық жұмсап, ұпай алуға ұмтылғанның ұпайы түгел болмақ. Ал Сабина осы мақсатта көп ізденген сыңайлы. Біздің жанымызда отырған, өңірде спорттың осы түрінің өркендеуіне көп үлес қосқан, кезінде ардагерлер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған, ардагерлер арасындағы облыстық федерацияның құрметті президенті Нұрсамат Есенғарин Сабинадан болашақта үміт күтуге болатынын айтты. Бұл салмақта екінші орынды Алматы облысының түлегі Әмина Аширова, ал үшінші орындарды қызылордалық Гүлназ Қайболла және Шымкент қаласының спортшысы Шадиена Тахиржанова иеленді. Ал қыздар арасындағы 41 келі салмақта Шымкент қаласының саңлағы Надира Ахметова чемпион атанды. Екінші, үшінші орындарда Арайлым Арапбай(Маңғыстау облысы), Альмира Қанат (Маңғыстау), Нұрай Есқали (Қызылорда облысы).

            Ерлер арасындағы 33 келі салмақта Атырау облысынан келген Серік Артурдың мерейі үстем болып, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Ал екінші орынды Қызылорда облысынан келген Бекзат Қойшыбай,үшінші орындарды атыраулық Мәлік Мерей,қызылордалық Юрий Воронов иеленді. 45 келі салмақта ел жеңімпаздарын анықтау үшін жүзге тарта өрен күш сынасты. Әдетте таэквондамен 6 жастан бастап айналысуға болады. Бас-аяғы алты-жеті жылда шеберліктерін арттыра түскен балғындарға осы жолы разы болдық. Олар күрестің осынау сырбаз түрін жетік меңгере бастаған. Әрине белдесуде жарақат алғандар да болды. Оларға дәрігерлер уақтылы көмек көрсетті. Жалпы осы жолы ел чемпионатына өскемендіктердің асқан белсенділікпен дайындалғаны байқалды. Бұл ретте федерация басшысы Мерхат Болатханұлы көп еңбек сіңірген сыңайлы.

 Хош, сонымен 45 келіге қайта оралайық. Алматы қаласының саңлағы Әлібек Шәйкенов қарсыластарын алып та, шалып та еңсерді. Ол-чемпион. Енді Азия біріншілігіне әзірлене беруге болады. Екінші орынды Алматы қаласының өкілі Байтұрсын Сұлтан, үшінші орындарды Алматы облысының спортшысы Ыбырай Медет, қызылордалық Нұрахан Ерасыл бөлісті.

            Чемпионаттың екінші күнінде қыздар 33, 44 келіде мықтыларды анықтады. 33 келіде Айдана Сүндетбай, Томирис Ыдырысова, Рамина Тайыров, Аружан Әбдіқадыр жүлделі орындарды бөлісті. 44 келіде Эльназ Нажимова чемпион атанды. Айша Әділбекқызы екінші, ал Аянат Болатова мен Әсем Орынбасарова үшінші орынға табан тіреді.

            37 және 49 келі салмақтағы ұлдар арасындағы бәсеке де жиналғандардың көңілінен шықты. Олардың шеберліктерінің өсіп келе жатқаны айқын көрінді. 37 келіде Тілеулес Тамирлан, Еркебұлан Еңсегенов, Әсет Изғалиев, Розмат Раушанбеков ретіне қарай жүлделі орындарды бөлісті. Ал 49 келіде Нұрғиса Сағдатов чемпион атанды. Екінші және үшінші орындарда Аңсат Саттаров, Ергеш Бекасыл, Ханзада Нұрбақыт.

Чемпионат сейсенбі күні аяқталады.

Оңдасын Елубай,

журналист

Өскемен.