Қазақстан • 03 Наурыз, 2019

Солтүстік Қазақстан полицейлері көпбалалы 31 отбасыға көмек көрсетті

796 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандық полицейлер Алғыс айту күні «Жылулық сыйла» қайырымдылық акциясын қорытындылады.

Солтүстік Қазақстан полицейлері көпбалалы 31 отбасыға көмек көрсетті

Жарты айға созылған шара барысында  барлық қызметтер мен бөліністердің қызметкерлері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларді, зейнеткерлерді өз қамқорлықтарына алды

Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов қызметкерлерге ұлы отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, асырауында мүгедек балалар бар отбасыларға, ерекше мұқтаж азаматтарғакөңіл бөлуге арнайы тапсырма берді. Алғашқылардың бірі болып акцияға жылдам әрекет ететін арнайы жасақ инспекторлары үн қосты. Олар жер үйде тұратын жалғызілікті зейнеткер әжейдің ауласын қардан тазарты. Арнайы даярлық басқармасының қызметкерлері жалғыз өзі төрт бала тәрбиелеп отырған Манап Серікбаевтың отбасына  азық-түлік, бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстады. Әкімшілік полиция басқармасының офицерлері  алты бала  өсіріп отырған Мақашевтар отбасына базарлықтар әкеп берді. Ал, жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілдері Пипустардың отбасын киім-кешекпен, азық-түлікпен, отынмен қамтамасыз етті. Он үш аудандық полиция бөліністерінің қызметкерлері де үлкен белсенділік танытты.

   Жарты айға созылған шара барысында 31 мұқтаж отбасыға жан-жақты көмек беріліп, Алғыс айту күні түйінделді.

Полиция департаментіндегі әйелдер кеңесінің бастамасымен көпбалалы полицейлердің  балаларына арнап кинологиялық қызмет орталығына және патрульдік полиция батальонының кавалериялық взводына экскурсиялар ұйымдастырылды.

  Департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаевтің айтуынша, қайырымдылық акциялары жүйелі түрде жалғасатын болады.

Өмір ЕСҚАЛИ.

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.