
«Оскар» – АҚШ Кино академиясының сыйлығы. Сондықтан бұл жүлдені алу батысты, алпауыт АҚШ-ты мойындатумен бағаланады. Сарапшылардың сөзіне сенсек, «Оскар» төңірегіндегі нәсілшілдік мәселесі соңғы 5-10 жылда көптеген кикілжіңдер мен пікірталастарға себепкер болған. Бірақ кино сыншысы Әсия Бағдәулетқызы ондағы талас-тартысқа түрткі болатын түйткілдер мұнымен толастамайтынын айтады. «Оскардың» жалпы нәсілге және жынысқа қатысты саясаты айқындалып қалған. Оған қоса кейінгі кезде «көп қаралым жинаған, көрерменнің көңілінен шыққан фильмдер неге «Оскар» алмайды?» деген әңгімелер де өрбіді. Осыдан соң биыл комикс болса да «Қара Пантера» (Black Panter) «Үздік фильмге» үміткер қатарынан көрінді», дейді. Кино сыншысының айтуынша, биылғы нәтижеде «Оскар» – бар тарапқа құшағы ашық» деген имидж үшін жасалған дүниелер ешкімді ренжітпеуге, қайсыбір қөзқарастағыларды қалыс қалдырмауға тырысқан.
«Оскардағы» кей «даудың басы» дінге барып тіреледі. Махершала Әли 2017 жылы 2016-да экранға шыққан «Ай жарығы» (Moonlight) рөлі үшін «Оскарды» алды. Оны сол сәтте осы сыйлықты алған алғашқы мұсылман деп жариялап жатты. Бірақ Махершаланы тегі Әли болса да, мұсылман емес дейтіндер бар. Оған нақты себептер де жоқ емес. Оның анасы – дін қызметкері, ал әкесі – театр актері. Махершала есімі оған Библиядағы пайғамбардың құрметіне қойылған. Христиан дінінде тәрбиеленіп өскен ол кейін исламды қабылдайды. Алайда, оны жақтырмайтындар басқа діннен келгендіктен емес, «Ахмадия» ағымын ұстанатындықтан мойындамайды.
Ал биылғы басты номинация жөнінде кино сыншы Джин Сеймур (Gene Seymour) CNN-ге берген пікірінде: «Жасыл кітаптың» жылуы, голливудтың ұжымдық ұмтылысы Трамп қарамағындағы әкімшіліктің тарапынан болып жатқан қазіргі нәсілдік қарым-қатынастардағы шиеленіске қарсы соққы беруі мүмкін», деп бұған дейінгі даудан да күрделі проблемаға тоқталады. Оның ойынша, түнгі клубта қызық қуған ақ нәсілді адамның жанында сүйкімді, жағымды рөлдегі қара нәсілді афроамерикандықтың арасындағы қарым-қатынас үлкен ойдың басын ашады.
Ә.Бағдәулетқызы «Жасыл кітаптың» жеңіске жеткен себебін «Оскардың» саясаты мен ұстанымдарына барлық жағынан сай келгендіктен деп түсіндіреді. «Бұл – ақтар мен қаралардың ортасында көпір болып тұрған фильм. Сондай-ақ жыныстық мәселелер де көрініс тапқан», дейді ол. Сарапшының пікірінше, түзу жолдағы мейірімді қара адам бойындағы кей құндылықтарын жоғалтқан ақ нәсілдіні өзгертеді. Мұнда «өмірде бір-бірімізді түсініп, нәсілшілдікті жою үшін бір-ақ нәрсе керек, ол – бір-бірімізбен әңгімелесу» деген ойлар бар.
Ал кино редактор, сыншы Кэтрин Шоард (Catherine Shoard) биылғы «Оскар» сыйлығының берілуі жөніндегі қайшылықтарды келтіре келе, «Академия өз дауыс берушілерінің талғамын бақылай алмайды», деп сынады. Ол егер осылай жалғаса берсе, аудиторияның ауқымды бөлігі шу шығаруы не теріс айналуы мүмкін деген пікірде.
Өзімізге оралайық. Қазақ қыздары, бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы түскен деректі фильм мен Самал Еслямова басты рөлде ойнаған «Айка» «Оскар» сыйлығына ұсынылған еді. Жүз жылға жуықтаған халықаралық сыйлыққа сай болуға бізде ұмтылыстың өзі жоқ секілді. Өйткені осынша уақыт өтсе де, номинация алмақ түгілі үздікке үміткер болған ешбірі жоқ. Жоғарыда аталған екі фильмді де бар болғаны қазақ қыздары ойнағандықтан іш тартып тұрмыз. Әйтпесе... Иә, әйтпесе екеуі де қазақ киносы емес. «Қазақ фильмдері «Оскар» сыйлығын алу үшін жоғарыдағы саясат бағдарымен таныс болуы керек. Әлемге ортақ мәселелерге негізделген, әсіресе дәл осы жүлдеде батыстың гуманистік ойларымен санасқан, солармен үндескен дүниелер өтеді. Өйткені мұндай әлемдік жүлделер, әрине белгілі бір мөлшерде фильмнің көркемдік ерекшелігіне қарайды, алайда, негізінен оның идеялық құндылығына, көзқарастар сәйкестігіне баса назар аударады», дейді ол. Иә, себебі де салмақты, бұл ұлтаралық, нәсілдік, жыныстық, халықаралық конфликтіге ұласып кетуі мүмкін. Әйтпегенде академияның өзі бір-біріне тіпті қарама-қайшы көзқарастармен санасып отырмас еді ғой. Міне, сондықтан сыншы айтқандай, «Оскарды» көздесек, бізге кей нәрселерді құрбандыққа шалуға тура келеді...
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»