Қазақстан • 04 Наурыз, 2019

Қырағы қызмет қырандары

1819 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түнгі қала ұйықтамайды... Керісінше, мегаполистің қауырт қарбаласы күшіне енеді. Халық жұмыс күнін аяқтап, отбасымен дастарқан басында шүйіркелесіп отырар жайбарақат мезгілде де Астана қаласы Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің қызу жұмысы жалғаса береді. Себебі «102» орталығына секунд сайын келіп түсер толассыз қоңырау үні оларды бір сәтке де босаңсытпайды.

Қырағы қызмет қырандары

Астана алақанға салғандай...

Біз Жедел басқару орталығына кел­генде ымырт үйіріле бастаған ала­кө­леңке шақ болатын. Бірақ мұнда «жұ­мыс аяқталды» деп үйіне асыққан адам жоқ. Керісінше, қауырт еңбек күні енді басталғандай, әрқайсысы өз ісімен әуре. Бар зейіні – алдында тұрған алып экран­дарда. Біз де жанарды жаулаған көп камераға таңырқай көз салдық. Ғажап! Алып Астана алақандай ғана... Бас ша­һар көшелерінің бар тіршілігі бір уыс болып, қабырғаға тізілген сансыз экранға қона қалыпты. 

– Кез келген қаланың негізгі мәсе­ле­ле­рінің бірі – тұрғындардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету. Осы мақсатта Үкіметтің іш­кі істер органдарын техникалық қай­та жарақтандыру бағдарламасы ая­сын­да Астана қаласы әкімдігінің қаржылай қолдауымен 1999 жылдың жел­тоқсан айынан бастап Жедел басқару орталығы құрылып, бүгінде елордада 795 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Бейнені жеткізуіне байланысты камералар цифрлық (701) және аналогты (94) болып бөлінеді. Аналогты бейнекамералармен салыстырғанда цифрлы камералар анағұрлым айқын және функционалды. Сондықтан да біз­дің жұмыста негізгі басымдық цифр­лы бейнекамераларға беріледі. Соны­мен қатар қаламызда Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларынан бөлек, Астана әкімдігіне қарасты «Қалалық жедел басқару және бақылау ортал­ығының» 5291 бейнебақылау ка­ме­­расы мен «Қазақтелеком» ЖШС-нің «Облачное видеонаблюдение» бағ­дар­ла­малары бойынша бейне­­бақылау камералары жұмыс істей­ді. Алдағы уақытта мекемелерге қарасты жекеменшік камераларды да интеграциялауға белсенді түрде әрекет жасалуда» – дейді Астана қаласы Жедел басқару орталығының инспекторы, полиция аға лейтенанты Шыңғыс Тлесов. 

«102» тыңдап тұр!

Бар дерек пен әрекеттің қайнар көзі һәм алтын көпірі болған «102» опера­тор­ла­рының қызметімен жақынырақ танысу үшін арнайы бөлмеге өттік.

Толассыз келген қоңырауға жауап беріп отырған операторлардың жылдам­ды­ғына көз ілеспейді. Өз ісіне әбден әккіленіп алған мамандар тұтқаның арғы жағынан жеткен ақпаратты электронды түрде бірден хатқа түсіруде. Сөй­лесу ұзақтығы шамамен 1,5-2 минут­қа созылса, осы уақыт аралығында құқық бұзу­шы­лық жайлы ақпарат хатқа тіркеліп, күллі жұмыс жасағы өз міндетіне сақа­дай сай дайын отырады. 

Операторлар бөлмесіне өтіп, қызмет­кер­­лер жұмысын сырттай бақылай бас­та­ғанымыз сол еді, сағат тілі тура 21 сағат 09 минутты соққанда Астана қала­сы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының «102» арнасына 1998 жылы туған азаматшадан 2 минут бұрын Есіл ауданына қарасты «Керуен Сити» ойын-сауық орталығына қарсы орналасқан жерде белгісіз біреулер арыз­данушыны және оның құрбысын ұрып-соғу арқылы ашық түрде 2 қол сөм­кені алып қашқаны туралы ақпарат келіп түсті. 

Көңілге қонғаны – Жедел басқару орталығы құрылғаннан бергі 20 жылда «102» жүйесі толық автоматтандырылыпты. Қоңырау қабылданған сәтте дауыс зорайтқыш құрылғының көмегі арқылы залда отырған қызмет­кер­лердің барлығы демде аталған құқық бұзушылық жайлы толықтай ақпа­­раттанып үлгерді. Дәл сол сәтте опера­тордың компьютерінде бірден элек­трон­ды карточка ашылып, қоңырау шалу­шының телефон нөмірі (ұялы байланысты қоса алғанда), оның аты-жөні мен мекен-жай деректері толық экранға шығып тұрады. Сондай-ақ арыз автоматты түрде аудиорежімде жазылып алынады. «Бұл – қажет болған жағдайда, мәселен, жарылғыш құрылғылары жайлы хабарламаларда және тағы да басқа төтенше жағдайларда дауысты сәйкестендіру үшін таптырмас айғақ»,  дейді аталған орталық мамандары. Орталықтағылардың айтуынша, жұмыс күндері тәулігіне орта есеппен 1800-1900 қоңырау қабылданса, демалыс яки мейрам күндері бұл көрсеткіш сәл жоғары – 1900-2000 қоңырауға дейін жетеді екен. 2018 жылдың басынан бүгінге дейін жасалған қорытынды бойынша, «102» пультіне азаматтардан барлығы 675 152 қоңырау келіп түскен.

Жедел әрекет жемістері

«102» арнасына келген қоңырау жайлы барлық ақпарат жүйеленіп, құқық бұзу­шылықтың күрделілік деңгейі анық­тал­ған соң, келесі міндет жедел әрекет жасау қызметкерлерінің құзырына өтеді. Мұнда Күштер мен құралдарды бас­қару тобының кезекші аға инс­пекторлары «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» аталатын елор­­да­н­ың төрт әкімшілік ауданы бойын­ша нақты міндеттерді бөледі. Яғни, «102» қыз­ме­тінен келіп түскен «Оқиғаға қыз­мет көрсету» электронды карточка­сын қабылдап, қолдағы полиция күштері мен құралдарын тиімді пайдалана отырып дереу қылмыстар мен оқиғалар туралы барлық хабарламаларға уақтылы және жедел әрекет жасау ісі ұйымдастырылады. Мәселен, біз куә болған қылмыстық жағдайда Астана қаласы Жедел бақылау орталығының бейне­бақылау операторларының «Есіл» аудандық патрульдік полиция қыз­метімен бірлесіп оперативті түрде жұ­мыс істеуінің нәтижесінде қылмыстың ізі суымай, шамамен 15 минуттан ке­й­ін екі азамат ұсталды. Араға аз ғана уақыт салып «Есіл» аудандық Полиция басқармасының жедел уәкілдері аталған факт бойынша 4 күдіктінің қалған тағы екеуінің ізін кесті. Тәуліктік кезекшілікті атқару кезінде жоғары кәсіби біліктілік көрсеткен полиция қызметкерлерінің табандылығы мен қырағылығы арқылы бас-аяғы 30 минутқа да жетпейтін уақытта нақты нәтиженің куәсі болдық. 

Иә, бұл қиял-ғажайып ертегінің сю­же­ті емес, біз көзімізбен көрген Астана қала­сы Жедел басқару орталы­ғында қызмет ететін полиция қызмет­кер­лерінің атқаратын күнделікті қа­лып­ты жұмыс тәртібі. Бейнебақылау қызмет­керлері тәу­лі­гіне 130-дан астам әкім­шілік құқық ­бұзу­шылық және 3 қылмыс ашады екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 1040-қа жуық қылмыс пен 68870-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, алдын алған. Ал 2019 жылдың басынан бүгінге дейін 100-ге жуық қылмыс және 5000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 

– Бейнеқұрылғылар қала көшелерінің қауіпсіздігі үшін үзіліссіз қызмет етеді. Алда­ғы уақытта бақылау жүйеміз ғылы­ми техни­калық жетістіктердің соңғы үлгі­сі негі­зінде әлі де жасақталып, жеті­ле түседі деп ойлаймыз. Сонымен қатар Елбасы Жолдауында аталып өткендей, жыл басынан бастап құқық қорғау органдары саласында түбегейлі реформа жүргізіледі деп күтілуде. Осыған орай ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында кезектен тыс жалпы аттестациялау өткізу жоспарлануда, – дейді Ш.Тлесов.

Түйін

Иә, өзінің ендіктері мен бойлық­тар­ында тыныштық пен бейбіт пейілді ұйыстырған елорданың сұлу саябақ пен еңселі ескерткішке толы әсем көше­лерін алаңсыз бойлап келе жатып көңіл түкпірін ғаламат бір мақтаныш сезі­мі кернейтіні шын. Әйтсе де қала өмірін қауіпсіз етудегі полиция қызмет­кер­лерінің тынымсыз еңбегі жайында ойлана бермейміз. Ол дұрыс та шығар. Өйткені көзге көрінбей, ойға бойлат­қызбай қызмет атқару кәсіби деңгей­дің дәрежесін көрсетеді. Тек деңгей жоғары­лай берсін дейік.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»