Мәлім болған деректерге жүгінсек, Алматы облысындағы ет өндірісінің көлемі 3,7 процентке өсіп, өткен жылы экспортқа 1000 тонна ет жөнелтілген екен. Енді осы бағыттағы жұмысты жетілдіру қажеттігі туды. Әсіресе, шет ел нарығына шығарылатын ет өнімдері дайын күйінде болуы тиіс. Облыста жұмыс істеп тұрған өндіріс сұранысты өтеуге қауқарлы болғанымен, жыл өткен сайын тапсырыс артып, қосымша өндіріс ашу күн тәртібіне шықты. Бұл мақсатта қазір аймақта 5 ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Жаңадан ашылатын ет комбинаттарының өнім дайындау қуаттылығы тәулігіне 91 000 тонна болады деп күтілуде. Яғни, жақын күндері іске қосылатын «Империя Фуд» кәсіпорыны 8 000 тонна, «Лунюань-Жетісу» мен «Қайыңды» ет зауыттары 16 000 тонна, «Inalca» кәсіпорыны 21 000 тонна және «Бауман» ет және ет өнімдері зауыты 30 000 тонна етті тәулігіне өндіріп, ішкі-сыртқы нарыққа шығармақшы.
Әрине, етті молынан өндіру үшін қордағы малдың басы толық болуы тиіс. Әсіресе, етті тұқымды ірі қараның саны көбейгені керек, Асыл тұқымды сиыр мен жылқыға сұраныс та өсетін анық. Осы жерде өңірдің шаруаларына мемлекеттік бағдарламалар көмекке келуде. Мысалға, өткен жылы Алматы облысының мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарына 497,5 млн теңге несие берілген. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген арзан несиені 14 шаруа қожалығы алып, бұл қаржы 1317 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алуға жұмсалған екен. Ауыл шаруашлығын қаржылай қолдау қоры жүзеге асыратын «Сыбаға» бағдарламасының бір саласы мүйізді ірі қара малының басын көбейтіп, экспортқа ет шығару мақсатында шетелден асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру болса, екінші бағыты ішкі нарықтағы қой мен ешкі малының санын көбейтуді көздейді. Былтыр бұл мақсатта облыс малшылары 383,2 млн теңгеге қой мен ешкі сатып алып, 12113 бас уақ жандық қыстамаға кірген.
Жалпы, Ауыл шаруашылығын қолдау қоры бойынша берілетін несие тек мал сатып алуға ғана емес, агробизнес саласында қызмет көрсететін нысандарды да қаржыландырады. Мәселен, «Кәсіпкер» бағдарламасы шаруашылыққа қызмет көрсету, өнім алу мен сауда – саттық сияқты жұмыс түрін субсидиялайды. Былтыр осы «Кәсіпкер» бағдарламасы аясында жетісулық 103 кәсіпкер 763,3 млн теңге несие алып, кәсібін дөңгелетіпті.
Нақты мысал үшін, облыстың Панфилов ауданынан бірер дерек келтірейік. Аудан шаруалары «ҚазАгроқаржы» компаниясының қолдауымен ет пе сүтті мол беретін асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Бір ғана «Сыбаға» бағдарламасының арқасында 96 млн теңгеге Ресейдің Астрахань облысынан 217 бас «Қалмақ» тұқымды сиыр әкелінген. Жалпы «ҚазАгроқаржы» компаниясыны Панфилов ауданы бойынша ауыл шаруашылығын қолдауға 258,5 млн теңгеге несие беріпті. Ал өңірдегі Көктал Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет пен сүт өндірісе жолға қоюға қатысты үлкен жоспары бар. Бұйырса, шаруашлықтың жеке тауарлы сүт фермасы болады. Серіктестік 2000 бас «Симментал» асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуға 2,6 млрд теңге жұмсамақшы.Оның 1000 басы биыл, қалған 1000 басы 2020 жылы әкелінеді екен.
Сөз басында былтыр Алматы облысы 1000 тонна ірі қара етін экспорттаған жайлы айттық. Бұйырса, биыл оның көлемін 4000 тонна жеткізу мақсаты тұр.
- Елбасы еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы саласындағы өңделген өнім экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе ұлғайту туралы тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Алматы облысындағы экспорт үлесі сояның, күнбағыстың, уыттың, крахмал өнімдерінің, балық пен балық өнімдері экспортының өсуі есебінен 37 процентке өсті. Табыс 57 млн. АҚШ долларына дейін ұлғайды. Ал ет экспортына сұраныс жыл сайы нартып келеді. Былтыр сиыр етін дайындау 7 процентке өсіп, экспорт көлемі 1000 тоннаға дейін жетті. Биыл бұл көрсеткішті 4000 тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз, - дейді бұл жайында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы