Аймақтар • 04 Наурыз, 2019

Ақжайық өңірінде ұлы дала ойындары өтті

1231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында «Ұлы дала ойындары» атты ашық турнир өтті. Турнирге қатысушылар көкпар, тай жарыс, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық ат спорты ойындарынан бақ сынасты.

 

Ақжайық өңірінде ұлы дала ойындары өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына үн қосу, ат спортын дамыту мақсатында ұйымдастырылған шара «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы мен мәслихаттардың 25 жылдығына арналған екен.

– Қазақ үшін қасиетті саналған жылқыны дәріптеп, ат спортын одан әрі дамыту – бүгінгі жас ұрпақ үшін ең маңызды іс. Сондықтан Ақжайық аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінен, Шабдаржап ауылынан ат спорты үйірмелерін ашқалы отырмыз. Мұндай үйірме басқа ауылдарда да ашылады. Тамырында қазақы қан тулап, жылқыны қадір тұтқан әрбір жан ата-бабадан қалған осы бір өнерді үйреніп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруы тиіс, - деді ол өз сөзінде Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.

Сонымен, көкпар сайысында Ақжол, Көнеккеткен, Жамбыл ауылдық округі командалары, «Жайықтехсервис» мекемесінің командаыс және «Құлагер» атты ауданның құрама командасы өзара күш сынасты. Бұл сайыста «Құлагер» бәрінен басым түсті.

Тай жарысына 20-дан аса жүйрік қатысты. Бірақ теңге ілуге шығушылар аз болды. Ал аударыспаққа қатысқан жігіттер жеңіл және ауыр (70 келіден жоғары) салмаққа бөлініп күш сынасты.

Сайыс нәтижесінде тай жарыстан шабдаржаптық шабандоз Ерген Таңатжанов шапқанн Батыр Темірболаттың «Ақбақай» есімді жүйрігі І орын алды. Теңге ілуден көнеккеткендік Еділ Оразбай жеңімпаз атанды. Аударыспақтан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орын – көнеккеткендік Өркен Ақтановқа, 70 келіден жоғары салмақта – белгілі атбегі, құрайлысайлық Жанәділ Ғазезовке бұйырды.

Жүлдегерлердің барлығы аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен кубок, медаль, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

- Турнир барысында байқағанымыз – өңірдегі Көнеккеткен, Ақжол, Жамбыл ауылдық округінде ат спортына қызығушылық жоғары екен. Бұл ауылдың жігіттері анық белсенді болды. Болашақта бұл өнерді барлық ауылдық округтерде насихаттап, дала ойындарын жиі өткізіп тұрсақ, жас буын арасынан тақымы мықты тарландар көп шығатыны кәміл ғой, - дейді осы ойындарды тамашалаған ақын Бекболат Қаленов.

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан

Соңғы жаңалықтар