Бұл әдіс бойынша операция аз инвазитті болғандықтан, дене мүшесіне үлкен тілік жасауды және ұзақ уақыт қалпына келтіруді талап етпейді. Бар болғаны жіңішке иненің көмегі арқылы ауырсыну пайда болатын жүйке «күйдіріледі». Егер ем сәтті өтсе, онда емделушіні 2-3 сағат өткен соң үйіне жібере беруге болады. Бірақ ол үш-төрт жыл бойы дәрігердің бақылауында болады. Егер ауру мазалай берсе, онда отаны қайта жасауға болады.
Отаның мұндай түрін жасау үшін Х.Мақажанов атындағы клиниканың үш маманы шетелде оқып, бұл техниканы толығымен меңгерген. Сонымен қатар, мұнда радиожиілік абляциясы үшін қажетті деген құрылғының бәрі бар.
– Біз мамандарымызды оқытуды жалғастыра береміз. Бұдан бөлек, біздің клиникамызға шетелдік мамандар да келіп, дәріс оқиды, шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Алдағы уақытта біздің кейбір дәрігерлеріміз тек ауру синдромы еміне мамандандырылады деген болжам бар. Бұл өте маңызды, себебі созылмалы дерті бар адамдар әлеуметтік өмірге араласа алмайды, яғни жұмысқа бара алмайды, серуендеу қиындау болады, бір сөзбен толық өмір сүруге кедергі келтіреді, – дейді Х.Мақажанов атындағы клиника директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев.
Қазіргі таңда клиникада радиожиілік абляция әдісі бойынша аптасына екі емделушіге ота жасалады. Мұндай емнің науқасқа қаншалықты жағатынын дәрігерлер тест-блокада арқылы анықтайды, яғни ауру нүктесіне аз мөлшерде ауруды сездірмейтін препарат енгізеді. Егер ауырғаны басылса, онда адамға инновациялық ота жасалады. Ал ауырғаны басылмаса, онда мамандар ауру көзін іздеуді жалғастырады да, ең тиімді емделу жолын ұсынады.
Отаның мұндай түрі Қарағанды облысы бойынша тегін жасалады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды