Атырауда дзюдодан жастар арасындағы чемпионат басталды. Жарысқа 1999-2001 жылдары туған жастар қатысуда. Жайық жағасындағы додаға еліміздің барлық өңірлерінен 500-ге жуық спортшы жиналды.
Дзюдодан ҚР чемпионатын Атырау облысының әкімі ашты. Нұрлан Ноғаев өз сөзінде спортшыларға табыс тілеп, биыл Конфедерация кубогын жеңіп алған атыраулық дзюдошылардың табысын атап өтті.
-Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спортты дамытуға бағытталған шаралар жасалып жатыр. Көптеген жаңа нысандар салынып, үйірмелер, секциялар, спорт алаңдары ашылды. Алға қарай да жұмысты жалғастырамыз, -деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, дзюдодан республикалық чемпионат 5 наурызға дейін созылады. Жарыс қорытындысы бойынша дзюдодан Қазақстан Республикасының құрамасы жасақталады. Жарыс Жастар жылына және жас қазақстандықтар арасында спортты насихаттауға арналған.
Бақытгүл БАБАШ,
« Egemen Qazaqstan».
Атырау