02 Ақпан, 2012

Шарайна

217 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Бейсенбі, 2 ақпан 2012 7:31

ІШКІ ІСІНЕ ҚОЛ СҰҒУ ДЕП САНАЙДЫ

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Араб мемлекеттерінің лигасы (АМЛ) ұсынған Сирия бойынша қарар жобасын тал­қылаудың жаңа кезеңі басталды. Жобада Сирия прези­денті Башар Асадтың отставкасы қарасты­рылады. Бұл ұсыныс­ты АҚШ пен Франция тарабы да қолдап отыр.
Мұндай ұстанымға Ресей жағы өзінің наразылығын білдірді. Мәселен, осы елдің БҰҰ-дағы өкілі Виталий Чуркин жоғарыдағы ұсынысты Сирияның ішкі ісіне сырттан араласу деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, белгілі бір елдің короліне немесе үкімет басшысына БҰҰ сондай шешім қабылдады, сен орныңды босат деп талап қою қандай қисынға келеді? Қытай  жағының пікірі де Ресейдікіне ұқсас болып отыр.

 

Бейсенбі, 2 ақпан 2012 7:31

ІШКІ ІСІНЕ ҚОЛ СҰҒУ ДЕП САНАЙДЫ

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Араб мемлекеттерінің лигасы (АМЛ) ұсынған Сирия бойынша қарар жобасын тал­қылаудың жаңа кезеңі басталды. Жобада Сирия прези­денті Башар Асадтың отставкасы қарасты­рылады. Бұл ұсыныс­ты АҚШ пен Франция тарабы да қолдап отыр.
Мұндай ұстанымға Ресей жағы өзінің наразылығын білдірді. Мәселен, осы елдің БҰҰ-дағы өкілі Виталий Чуркин жоғарыдағы ұсынысты Сирияның ішкі ісіне сырттан араласу деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, белгілі бір елдің короліне немесе үкімет басшысына БҰҰ сондай шешім қабылдады, сен орныңды босат деп талап қою қандай қисынға келеді? Қытай  жағының пікірі де Ресейдікіне ұқсас болып отыр.

ИРАНҒА ШАБУЫЛ ДАЙЫНДАУҒА ШАҚЫРДЫ
Құрамына отставкадағы генералдар, барлаушылар мен саясаткерлер кі­ре­­тін Республикалық, сондай-ақ Де­мо­кратиялық партиялардың саясат­кер­лері Иран бойынша ұсыныстар па­ке­тін дайындаған. Құжатта АҚШ-тың аса маңызды  сыртқы саяси мін­деті Теһранның ядролық қаруға қол жеткізуін болдырмау болып табылатыны атап көрсетілген.
Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Барак Обаманың әкім­шілігіне бірқатар нақты шаралар қабылдау ұсынылады. Атап айтқанда, Иранмен  пікірталаста қатаңдық таныту, қата­ңырақ санкциялар енгізу, елдің ядролық өнеркәсібін жоюға бағытталған әскери операция дайындап, жоспарлау.

ТАЛИБТЕРДІ ҚОЛДАУДА ДЕП АЙЫПТАДЫ
Пәкстанның ведомствоаралық барлау қызметі «Талибан» қозғалысына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл қолдау Ауғанстанда орналасқан НАТО-ның коали­циялық әскеріне бірлесе шабуыл жасау әрекеттерінен де көрінеді, деп мәлімделген НАТО-ның құпия баяндамасында.
Бұл құпия құжат  қандай жолмен екені белгісіз, The Times газетінің қолына түсіпті. Қарулы жасақтар өкілде­рінің сөздеріне қарағанда, Пәкстан талибтерді сондай-ақ жарылғыш заттармен және детонаторлармен қамтамасыз етіп тұратын көрінеді. Дегенмен, дейді баяндаманы дайындаушылар, Пәкстан тарабының қарулы жасақтарды қару­мен қамтамасыз ететініне  айғақтар салыстырмалы түрде алғанда онша көп емес.

ӨЗДЕРІ БІРАУЫЗДЫЛЫҚ ТАНЫТА АЛМАДЫ
Алдағы парламенттік сайлауға байланысты өзде­рінің ұстанымдарын келі­суге ұмтылған белорус оппози­циясының келіс­сөздері нәтиже бермеді. Оппози­­ция­­­­шы­лардың өзара келісе алмағаны өз алдына, тіпті бір-біріне қолды қойып, аяқ жұм­саған. Мұны «Еврорадио» хабарлады.
Дерек көзінің ақпаратына сүйенсек, «Шындықты айт!» қозғалысының өкілі Александр Федута «Белорус христиан демократиясы» қозғалысының көсемі, бұрынғы президент­тікке кандидат Виталий Рымошевскийді белінен төмендеу жерден бір тепкен. Мұны жиналғандардың бәрі көрген. Ал оппозицияшылардың бірінің мұндай қадамға не үшін барғаны нақтыланбайды.

БЕДУИНДЕР 25 ҚЫТАЙДЫ КЕПІЛДІККЕ АЛДЫ
Синай бедуиндері қытайлық 25 жұмысшыны кепіл­дікке алған. Мұны Мысырдың қауіпсіздік қызметіне сілтеме жасай отырып, France-Presse агенттігі хабарлады. Олар қытайлықтарды 2004-2006 жылдар аралы­ғында Таба курортында жасалған лаңкестікке қатысы бар деп тұтқын­далған  туысқандарына айырбастамақ ниетінде екен.
Қамауға алынған қытайлықтар әскерилер иелігіндегі цемент зауытында механиктер және инженерлер болып жұмыс істейтін көрінеді. Олар жұмысқа келе жатқан жолдарында шабуылға ұшырапты. Бедуиндер бүгінде өздерінің талаптарының шешімін күтіп жатқанға ұқсайды. Ал қауіпсіздік кеңесі олармен келіссөзді бастап кетсе керек.

ТЕК АҚ НӘСІЛДІЛЕР ТҰРАТЫН АУДАН ҚАЛМАДЫ
АҚШ-та тек ақ нәсілділер ғана тұ­ратын қалалар мен елді мекендер іс жү­зінде қалған жоқ. Манхэттен  институты жүргізген зерттеу нә­­ти­жесі осылай дейді. Баяндама инсти­­туттың сай­тында жарияланды.
Анықталып отырғанындай, соңғы 50 жыл­да бірде-бір афроамерикалық тұрмайтын елді мекендер 90 пайыздан астамға қысқарған. Мәселен, осыдан жарты ғасыр бұрын қалалық аудандардың 5-тен 1 бөлігінде бірде-бір афроаме­рикалық тұрмаса, қазіргі кезде тұтастай ел бойынша алғанда әр 200 ауданның 199-ында қара түсті адам өмір сүреді екен.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Ликуд» пар­тия­сының партияішілік сайлауында жеңіске жетті. Бұл оның «Ликудтың» серкесі болып қалуына мүмкіндік береді. Премьердің  кан­­дидатурасына партияластарының 75 пайызы өз дауыстарын берген.
Кремльдің қарсысындағы үйге «Ынтымақтастық» қозға­лы­сының белсенділері «Путин, кет» деп жазылған үлкен баннер ілген болатын. Полиция қызметкерлері аумағы 140 шаршы метр болатын полотноны арада 1 сағаттан астам уақыт өткенде шешіп алған.
Мәскеуде Ресей конституциясының 31-бабын қорғау бойынша акция ұйымдастырылған еді. Полиция шараға қатысқандардың арасынан 49 адамды қамауға алған. Мұндай акция Ресейде 2009 жылдан бері өткізіліп келеді.
Жүздеген мың ресейлік студенттер күні бүгінге дейін 2012 жылдың қаңтар айының стипендиясын алмапты. Мұны Ресей студенттер одағының төрағасы Артем Хромов мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, бұл проблема елдің көптеген жоо-ларын шарпып отырса, арасында ММУ де бар екен.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.