«Қаланың шеткі аумақтары мен олардың дамуы елорда үшін өте өзекті. Президент елдің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ ірі қалалардың шеткі мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуды тапсырды. 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 174,5 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылға – 77,1 млрд теңге қарастырылған», – деді Б.Сұлтанов жиын барысында.
Кешенді жоспарды орындау мақсатында таяудағы 5 жылда ұзындығы 121 шақырым болатын автомобиль жолдарын салуға, жылу қуатын сағатына 1038 Гкал-ға және электр қуатын сағатына 120 МВт-қа ұлғайтуға, ұзындығы 231 шақырымды құрайтын сумен жабдықтау және су бұру желілерімен қамтамасыз етуге, Көктал-1, Көктал-2, Теміржол, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарын табиғи газға қосуға, жалға берілетін баспана немесе несиелік баспана бағыты бойынша тұрғын үйдің 530 мың шаршы метрін немесе 9 мың пәтерді салуға, сондай-ақ қаланың шеткі аумағын одан әрі абаттандыруға мүмкіндік береді.