Аймақтар • 04 Наурыз, 2019

Шымкент базарларында фитосанитарлық талаптарға қоғамдық мониторинг жүргізілді

1191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген карантинге жатқызылған өнімдерді ел нарығына енгізуге тыйым салу мақсатында  Шымкент қаласындағы базарларда арнайы қоғамдық мониторинг жүргізілді.

Шымкент базарларында фитосанитарлық талаптарға қоғамдық мониторинг жүргізілді

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанындағы арнайы мониторингтік топ және ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қаласындағы аумақтық инспекциясының өкілдерімен бірлесіп «Қазыбек би» көтерме базарында тексеру шарасы өтті.

Осы жылдың 19 ақпаннан бастап уақытша карантиндік фитосанитариялық шараның қабылдануына байланысты елімізге көрші мемлекеттерден әкелінетін өнімдерді ішкі нарыққа кіргізуге тыйым салу туралы шешім шыққан еді.

Аталған мониторинг барысында базар аумағында алма өнімдері бар Қырғызстанда тіркелген екі жүк көлігі анықталды. Әрі 8 тонна және 4 тонналық көлік құралдары ел аумағынан шығарылды.

Сонымен қатар, Алматы қаласынан жеткізілген 10 тонна алма өніміне карантиндік сертификаттың болмауы фактісі анықталып, оған ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 13-бабының 4-1 тармағын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 400-бабы 1 тармақ 16 тармақшасына сәйкес жеке тұлғалға айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Салалық министрлік таратқан мәліметке сүйенсек, Қырғызстан мен Өзбекстаннан енгізілген карантинге жатқызылған өнімдерден жүйелі түрде мынадай карантиндік объектілердің анықталуы жиілей түскен.

Атап айтар болсақ, алма және құрмада карантиндік объект комсток сымыры, Pseudococcus comstocki (Kuwana), картопта карантиндік объект картоптың алтын түстес жұмырқұрты Globodera rostochiensis (Wollenweber) Behrens байқалған.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент