Саясат • 05 Наурыз, 2019

ДАИШ жендеттері жойылды ма?

1692 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сирия мен Ирактағы террористік ұйымдар, олардың жендеттері жойылды ма? Осы сұрақ соңғы кезде әлемдік қауымдастықты жиі мазалап жүр. Неге? Біріншіден, оған Шам елінен АҚШ әскерінің шығарылу жоспары себеп болды. Екіншіден, жақында Сириядағы күрд жасақтары ДАИШ-тың соңғы нүктесін жоямыз деп жоспарын жариялады. Үшіншіден, дәл осы тақырып таяуда өткен атақты Мюнхен қауіпсіздік конференциясында кеңінен талқыланды. Бірақ бұл сауалдың нақты жауабы жоқ. Шынында, ДАИШ күштері түгел жойылды ма, әлде әлемге тарыдай тарап кетті ме?

ДАИШ жендеттері жойылды ма?

ДАИШ қалай «шынықты»? Бұл сауалға жауап бермес бұрын, ұйымның қалай пайда болып, етек жайғанын еске түсірейік. Қазақстанда террористік деп танылып, тыйым салынған бұл ұйым 2014 жылы Ирак мен Сириядағы хаосты пайдаланып, сол аймақта жаңа халифат, яғни шариғат негізіндегі мемлекетті жариялады. Жер көлемі бірнеше рет өзгерді. Бірақ күшіне енгенде 100-110 мың шаршы шақырым жерді бақылады, қол астындағы халық саны 8 млн-ға дейін жетті. Бір кездері Ирактың Мосул, Тикрит сияқты ірі қалаларын да иеленді. БҰҰ деректері бо­йын­ша 2015 жылы бұл тер­ро­р­­лық ұйымның бюджеті 2 млрд долларға дейін жетіпті. Банк­­терді тонаған, мұнай мен тари­хи жәдігерлерді заңсыз сат­қан. Жер­гілікті халықтан салық жи­ған.

Алайда, ХХІ ғасырда, ірі ар­­мия­лар Таяу Шығысты бақы­лап отырғанда бір тер­ро­рис­тік ұйым қалайша осындай кең жерді, көп халықты жаулап алды? Оған бір­неше фактор әсер еткен. Бі­ріншіден, 2003 жылы АҚШ бастаған коали­ция­ның Иракқа басып кіруі алғаш­қы себеп болған. Кезінде оны Бри­та­нияның экс-премьері Тони Блэр да мойындады. Екін­шіден, кейбір ірі араб елдері­нің Сириядағы Башар Асадқа қар­сы күштерді қарумен қол­дауы ықпал етті. Қалайша? ДАИШ жа­сақтары әлгі топтардан сол қа­ру­ларды не тартып алып отыр­ған не сатып алған.

Үшіншіден, Ирактағы жаңа шиит­тік үкіметтің жергілікті суннит мұ­сылмандарды тықсыруы, Сирия­дағы азаматтық соғыстың өршіп кетуі ДАИШ-тың күш жиюына жағдай жа­саған. Төртіншіден, сол қос елдегі халық арасындағы жұмыссыздық, кедейлік, Башар Асадтың қатаң ре­жимі, Ирактағы соғыс салдары тер­роризмнің тарауына түрткі болды.

ДАИШ қалай жеңілді? Міне, сол сөз болған ДАИШ террористік ұйы­мының көзін жоюға 79 мемлекет ат салысыпты. Олардың қатарында АҚШ, Ресей, Түркия, Иран, Сирия, Ирак, Еуро­па елдері және басқалары болды. Қазақстан да жауласқан тараптарды Астанада жолықтырып, бітімгер рөлін ат­қарды. Негізгі қақтығыс 2015-2018 жыл­дары жүрді. Әрбір мемлекеттің әскері, әсіресе Сирия жерінде қарулы топ­тардың ықпалын азайтуға тырысты. Алайда соңғы 2 жылда Шам елінде негізгі рөлді Ресей, Түркия, Иран үштігі ойнағанын байқадық. Те­­геран мен Стамбулдағы саммитте Си­рия бойынша көптеген мәселенің келешегі анықталды. Әсіресе, Ресей мен Түркияның армиялары террорист­терге үлкен соққы жасады. Башар Асад­қа қарасты Сирия армиясының да еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Бі­рақ соғыс оты сөніп, соңғы ошақтар қал­ғанда әр мемлекет жеңіс менікі деп таласа бастады.

Алғаш рет 2017 жылы Ресей генералдары ДАИШ-ты толық жеңдік деп­ өз президентіне есеп берді. Көп өтпей ортақ жеңіске Иранның еңбе­гі сіңді деген ақпарат тарады. Ал жа­қын­да Түркия президенті Ердоған тер­рористердің жеңілуі Анкараның арқа­сы деп мәлімдеді. Былтыр жел­тоқ­санда Сириядан әскерді алып шы­­ғамыз, себебі мақсат орындалды, ДАИШ жеңілді деген Дональд Трамп жеңіс АҚШ сарбаздарының ең­бе­гі деді. Иә, бұл өзі сондай же­ңімпазы мол, бірақ нақты кім еке­нін анықтау қиын соғысқа айналды.­ Екінші жағынан, жеңімпаз жоқ та шығар. Себебі террористің көзі жо­йыл­ғанымен, терроризм идеясы өш­кен жоқ қой. Ал жеңіс менікі деп таласу – саясаткерлердің әдеттегі ұпай жи­нау амалы емес пе?

Адамзат тарихына қарасақ, саяси сауда, сәтсіз келіссөздер соғыс­тың­ жылдам аяқталуына сан рет кедер­гі болған. Бұл бейбіт халық, сар­баздар­дың өлімі одан әрі жалғасты деген сөз. Сирия мен Ирак мәселесінде де­ дәл осы жайт қайталанғалы тұр. ДАИШ-қа қарсы бірнеше мемлекет өз бетін­ше күресуде. Ал енді Түркия өзі­нің ішкі мәселесін қатар шешу үшін Си­рия­дағы күрд халқының әскери кү­шін жоймақ. Бұл көптен бері айтылып келе жатқан «Зәйтүн бұтағы» опе­рациясы. Жоспардың келесі ке­зеңі АҚШ армиясының Сириядан ке­ту мерзімімен сәйкес келіп қалды. Түр­кия күрд жасақтарын террористер деп атайды. Өз кезегінде, күрд топтары АҚШ-тың одақтастары, себебі екі­ жақ ДАИШ ұйымына қарсы бірге со­ғысты. Сәйкесінше, Вашингтон күр­д­терді қорғап, Түркияны сынға ал­ды. Күрд топтарын қорғау үшін жақында Трамптың кеңесшісі Дж.Бол­тон Анкараға арнайы ұшып кел­ді. Ал Түркия мен АҚШ НАТО-дағы одақ­тастар. Сириядағы соғыс аяқта­лар кез­де осындай саяси күрделі иірім бас­талды.

ДАИШ енді қайда бармақ? Ал­дың­ғы аптада Мюнхен қауіпсіздік конференциясында ДАИШ күштері шынында жойылды ма деген тақырып талқыланды. Яғни, Сирияда көптеген елдің армиясы тұр. Бірақ ДАИШ тер­рористік ұйымы толық жойылған жоқ. Олар Сирия мен Ирак жеріне ұсақ топтар ретінде тарап кетті. Тер­­рористер соң­ғы жылдары 60 мың­ адамынан айы­рылса да, тағы 14-16 мың­ жендеті бас сауғалап, ша­шы­ра­­ған. Немесе өзге ел­дер­дегі тер­ро­ристік ұйымдармен бай­ланысқа тү­­сіп жатыр деген пікірлер ай­тыл­ды.­ Бұл ойды Британияның барлау қыз­метінің басшысы, Германияның қор­­­­ғаныс министрі және АҚШ-тың Ба­тыс Азиядағы әскер ісінің қолбасшысы қуат­­тады.

Иә, қазір ДАИШ Сирия мен Ирак­та жеңілді, жерінен, күшінен айрылды. Оған қоса, өзін Сирияның демо­кратиялық күштері (SDF) деп атайтын күрд тобының өкілдері жақында ДАИШ-тың соңғы тірегі, Дейр-эз-зор про­винциясындағы террористер ба­қылайтын аумақты шабуылдаймыз, содан толық жоямыз деп жоспарын айтты. Ол Багуз қаласы. Әзірге қа­ладан бейбіт халықтың кетуін күтіп отыр. Әдетте күрд жасақтары жерде шабуылдайды, ал АҚШ авиация кү­шімен қолдайды. Бірақ жоспар жүзеге асқан күннің өзінде Ирак пен Сирияда жоғарыда айтқан 14-16 мың террорист қалып отыр. Оның үш мыңы шетелдіктер. Олардың Отанына оралуы екіталай. Себебі елінде соттала­тынын біледі. Біразы партизандық қарсылыққа көшкен.

Тағы бір мәселе – сол террорис­тер­дің қолында болған отбасылар, әйелдер мен балалар қайтпек? Қазақ­стан жақында сол Шам еліне кеткен 47 азаматын, негізінен әйелдер мен бүлдіршіндерді алып шығару үшін «Жусан» операциясын іске асырды.­ Бірақ бұл Сирияға бет алған қазақ­стандықтардың 10 пайызына да жет­пейді. Себебі ол жаққа 900-дей азаматымыз кетті деген мәлімет бар. Оның жар­тысы балалар екен. Енді соғыс көріп, оралғандар арнайы орталықта бейім­делу курсынан өтеді. Алайда Си­рияға өз еркімен барған әйелдердің ра­дикалды діни көзқарастары өзгере қоя ма? Бұл қоғамды ойландырады. Себебі тергеушілер әйелдердің іс-әре­кетінде қылмыстық элементті таппаса, онда азаматшалар туған же­ріне ора­лып, кейбіріңізге қайта көрші бо­луы мүмкін.

Алайда ДАИШ қатарында қару ұстағанның бәрі еліне бармайды. Олар басқа аймақтарға бет бұруы мүмкін. Себебі 2016 жылы ДАИШ күшіне енгенде, оған әлемнің 34 террористік ұйымы адалдық танытқан. Міне, бас сауғалаған жендеттер соларды іздеп, өзге террористік ұйымдардың қата­рына қосылуы мүмкін. Мамандардың пікі­рінше, әзірге ДАИШ-тың Мысыр, Ливия, Йемен, Ауғанстан, Нигерия, Сауд Арабиясы, тіпті, Ресейде «филиалдары» бар екен. Бұдан бөлек, олар әлемнің үш аймағында өз бел­сенділігін арттырмақ деген болжам бар. Біріншісі – Мьянма. Себебі бұл ел­де рохинджа мұсылмандарына қарсы қысым жалғасуда. Террористер оларды пайдалануы ғажап емес. Екіншісі – Ливия мен Йемен. Екі ел де саяси тұрақсыз, қарулы қақтығыстар жиі бо­лады. Ішкі нарықта қару-жарақ өте көп. Терроризмнің тарауына ыңғайлы жағ­дай. Үшіншісі –­­ Ауғанстан және Орталық Азия. ДАИШ бүгінде Ауған еліндегі 34 провинцияның 25-не кіріп үлгеріпті. Оған қоса, қарулы жендет бас­шылары 2015 жылы Ауғанстан, Пәкіс­тан, Орталық Азияны Хорасан уә­лияты деп жариялап та үлгерген екен. Ертең осы аймақ арқылы террорис­тер Қазақстанға келмеуіне кепілдік жоқ.

Алдын алу. Сонымен, өздеріңіз түсін­гендей, ДАИШ-тан төнетін қатер әлі жойылмаған. Олар өз жақтастарын үне­мі ғаламтор, әлеуметтік желі, же­ке таныстар арқылы іздей береді. Біз­­дің елдегі зерттеулер олардың құ­ры­ғына көбіне сауаты мен табысы тө­мен азаматтар түскенін көрсетеді. Бірақ терроризм идеясының тарауы­на қалай тосқауыл қоюға болады? Арнайы қызмет өз міндетін атқарар. Ал жастардың діни сауаты артып, не­нің жақсы, ненің қауіп екенін өзі айыра білгенде, тұрақты жұмысы, табысы болғанда, айналасымен байланысы үзілмегенде, олар діни радикализмнен іргесін аулақ салады, қолына қару ұс­тамайды. Себебі тек тыйыммен алға іл­герілеу қиын. Айталық, үкімет 10 сайтты, 20 аккаунтты бұғаттаса, террористер оның 50-60-ын қайта жасайды. Бірақ біздің жас азаматымыздың са­насы кең, көкірек көзі ояу, сауатты бол­са, оны 500 сайт та жамандыққа үгіт­тей алмайды. Яғни, терроризмді же­ңудің жалғыз «алтын әдісі» жоқ, бұл кешенді амал-әрекеттерді талап етеді. Әскери, барлау, ағартушылық, экономикалық, тәрбие, әлеуметтік және тағы басқаларын...

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

«Egemen Qazaqstan»