Сондай-ақ 2020 жылы ІТ-технологиялар индустриясынан түсетін пайданы жалпыұлттық ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу көзделіп отыр. Бағдарлама шеңберінде Түркістан облысында бірқатар ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мысалы, биыл Түркістан қаласында «SmartCity» тұжырымдамасы негізінде «ақылды аялдамалар» салынады. Қанатқақты жоба ретінде пайдалануға берілетін аялдамалар жазда салқын, қыста жылы болмақ. Әрі «WI-FI» жүйесімен қамтылады. Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараевтың айтуынша «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан қаласындағы «Отырар» шағын ауданында 10 көп қабатты тұрғын үй таңдап алынып, «E-SHAŃYRAQ» жүйесіне толық интеграциялау жұмыстары атқарылды.
«Бұл импульсті қашықтықтан басқарылатын есептегіштер арқылы суды, жылуды және электр энергиясы көздерінің берілуін бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, төлемдерге берілетін түбіртектерді нақтылап берумен қоса, су, жылу, электр энергиясы жүретін арналардың ақаулары қай жерден екенін нақты көрсете алады. Сонымен қатар ағымдағы жылы Түркістан қаласында «ақылды жарықтандыру» жобасын саябақтар мен көшелерге енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл қаланың электр энергиясына жұмсалатын шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ биыл «SmartCity» тұжырымдамасы негізінде Түркістан қаласындағы тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз аула» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Облыста жол ережелерін бақылау мақсатында 25 фото-бейне камера және құқық бұзушылықтарды анықтауға арналған 20 камера орнату да биылғы шаруа. Ал архив саласында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, Белоруссия жерінде партизандық қозғалысқа белсенді қатысып, ерлікпен қаза тапқан жерлес жауынгерлерді анықтау мақсатында аталған елге іссапар ұйымдастыру және «Түркістандық партизандар» атты естелік кітап шығару ісі қолға алынбақ. Түркітілдес елдер архившілерінің қауымдастығын құру жобасын жүзеге асыру да жоспарланып отыр. Сондай-ақ туризмді дамыту мақсатында және туристердің интернет желілерін пайдалану арқылы облыстағы мәдени, тарихи орталықтардан хабардар болуы үшін саябақтар, кесенелер, оның ішінде ең алдымен Қожа-Ахмет Ясауи кесенесі аумағы 100 метр көлемді алатын тегін «Wi-Fi» желісімен қамтылған. Қазіргі кезде, осы «Wi-Fi» желісінің көлемін 500 метрге жеткізу бағытында тиісті жұмыс қолға алынды.
Білім ошақтарын ғаламтормен қамту бағытындағы жұмыстар да нәтижелі жүргізілуде. Түркістан облысындағы 902 мектептің 775-і немесе 86,1 пайызы интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ 735 мектеп, яғни 81,4 пайызы «WI-FI» желісімен қамтамасыз етілген. Шалғай ауылдардағы 127 мектепті кең жолақты интернетпен және 167 мектепті «Wі-Fі» нүктелерімен толық қамту осы жылдың жұмыс жоспарына енгізілді. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен оқушыларға ең озық технологиялық әдістемелер бойынша бағдарламалауды тереңдетіп үйрету үшін, облыста өткен жылы 20 мектепте IT - сынып ашылды. Басқарма басшысының айтуынша, мектептерде оқушыларды компьютермен қамту жоғары деңгейде емес. Облыс мектептерінде 40 мыңнан астам компьютер бар. Яғни, бір компьютерді орта есеппен 10,6 оқушы пайдаланады. Білім басқармасы тарапынан 561 миллион теңгеге 1700 «Bilimbook» компьютер-планшет алынып, 235 мектепке таратылды. Осылайша, жаңаланғанымен ескі компьютерлерді толық ауыстыру кемінде 3-4 жылға созылуы мүмкін. Өңірде 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты барлық салаға жаңа технологияларды енгізу екені мәлім. Қағазсыз құжаттар айналымына толық көшкен жағдайда сыбайлас жемқорлық қауіптері жойылып, бұл жүйенің өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Заманауи технологиялар арқылы көрсетілетін қызметтер автоматтандырылып, сапасы арта түседі. Бұл орайда тұрғындардың, әсіресе ауылды жерде электронды жүйені пайдалануды дұрыс меңгергені маңызды. Иә, бүгінде электронды қызмет көрсету аясы кеңейе түсуде. Дегенмен ауыл тұрғындары оны пайдалануда деп айта алмаймыз. Ғаламторға қосу, электронды жүйені үйрету қажет. Осы мақсатта әлеуметтік желілерде үгіт-насихаттық бейнероликтер таратылды. Қазір дәрігерлер, мұғалімдер, әкімшілік қызметкерлерінің электронды жүйені толық меңгеруін қамтамасыз ету міндеті тұр. Цифрландыруға өткен ауруханалар мен емханалардағы мамандардың өздері тұрғындарға үйретуі керек. Бұл жұмыс бірігіп жасалуы тиіс. Басқарма басшысының айтуынша, цифрландыру жүйесі, әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласында кең қолданыста. Мәселен, өткен жылы 10,955 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 9,350 мыңы электронды түрде, қалған 1 372 мыңы қағаз түрінде іске асырылған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы