05 Наурыз, 2019

Тампонажды цемент нарықта сұранысқа ие

893 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр Қызылорда облысының Шиелі ауданында еліміздегі ең ірі өндіріс орындарының бірі тампонажды цемент зауыты мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл экспортқа бағдарланған өндіріс орны қазірдің өзінде 11 мың тоннадан астам цемент өндіретін негізгі компонент-клинкер шығарып жатыр. Ал сәуірден бастап зауыт цемент өнімдерін нарыққа шығармақ.

Тампонажды цемент нарықта сұранысқа ие

Күні ертең Қазақстандағы айтулы өндіріс орны болатын жобаны қазақстандық «DANAKE» корпорациясы мен қытайлық «Gezhouba Group Cement Co. Ltd» цемент компаниясы іске асырып отыр. «Геджуба Шиелі цемент» серіктестігінің жалпы құны − 64 млрд теңге. Зауыт 2015-2019 жылдарға арналған индус­­триялық-инновациялық даму мемле­кеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бас мердігер «China Triumph International» осы саладағы әлемдегі ең үздік елуліктің бел ортасынан орын алатын компания екен­дігін де тілге тиек ете кетейік.

Жылына 1 млн тонна өнім шығару­ды мақсат етіп отырған зауыттың 300 тоннасы портланд цементі болса, 700 мың тоннасы тампонажды цемент. Қазір елімізде цемент дайындайтын 11 кәсіпорын болса, соның біреуі ғана томпонажды цемент шығара алады екен. Яғни, стратегиялық мақсатқа Шиелі зауытының орны ерек екендігі байқалады.

Елбасының Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын міндеттердің облыста қалай орындалып жатқандығын бағамдауға келген Парламент Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапарымен Шиелі ауданындағы осы зауытта болған еді.

– Тампонажды цемент құрылыс, мұнай және газ, сондай-ақ уран өнді­рісінде кең қолданысқа ие. Зауыт­тың қуаттылығы да өте жоғары. Жаңа тех­нологиялардың енгізіліп жат­қанын да көрдік. Цифрландыру жүзеге асырылуда. Сондықтан зауыт­тың ел экономикасына қосар үлесі өте зор. Меніңше, мұндай алдың­ғы қатарлы кәсіпорындарды әрі қарай дамытып, олардың айналасын­да кіші және орта кәсіпкерлікті жетілдіруіміз керек, – деді Парламент Мәжілісінің депу­таты, «Нұр Отан» партиясы фрак­­ция­сының мүшесі Бейбіт Мамраев.

Ал депутат Кәрібай Мұсырман кәсіпорын жұмысын Мемлекет бас­шысының елімізге инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту аясындағы Қазақстан – Қытай серік­тес­тігінің және еліміздегі қалыптас­қан қолайлы инвестициялық ахуал­дың жемісі екендігін атап өтті.

Зауыттағы жұмысшылардың 80-85 пайызы – жергілікті мамандар. Мұнда қазір 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Зауыт басшысының орынбасары жергілікті жастарды жұмысқа тарту мақсатында 100 адамның Қытайдағы зауытта өндірістік тәжірибеден өткендігін айтады. Сол сияқты инвесторлар Шиелі индустриялды-аграрлық колледжінің базасында тағы да жергілікті жастар арасынан 100 маман даярлап жатыр екен.

Зауыттың 51 бірлескен қазақстан­дық-қытайлық жобалар тізімінде екен­дігі белгілі. Осыған байланысты ел ішінде қытайлықтар қаптайды деген сөз желдей есіп тұр. Осы жағ­дай облыс әкімі Қырымбек Көшер­баевтың халық алдындағы есепті кездесуінде де айтылды. Бірақ облыс әкімі істі жүргізуді үйретуге келген қытайлықтардың келісімшарт негізінде елдеріне қайтатындығын айтты. Қалай болғанда да Қазақ­стан­ға ірі өндіріс орындары керек. Шиелідегі зауыт сол қуатты кәсіп­орын­дардың бірегейі. 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы