Туристік әлеуетті арттыру елдегі экономикалық жағдайды жақсартып қана қоймай, мәдени, тарихи құндылықтарды танытуға мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардан тыс, инвестиция тарту, сонымен қатар жеке бастамаларды қолға алу өзекті мәселелердің бірі.
Мемлекеттік маңызы бар бағытты қолдау мақсатында «А1» продюссерлік орталығы Еуропа қалаларында (Монте-Карло, Канн, Париж) «Ұлы даланың жеті қыры» атты жас өнерпаздармен концерттік турне өткізеді. «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы негізінде «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған гастрольдік сапар барысында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, TY домбырашылар дуэті, дәстүрлі әнші Айдана Қаржаубаева, қобызшы Айгерім Әшімова мен биші Анель Марабаева өнер көрсетеді.
Қазақстанның туристік имиджін қалыптастыруды, еліміздің танымалдылығын арттыру мен ақпараттар ағынын көбейтуді мақсат еткен ұйымдастырушылар концертке келушілер назарына кең байтақ қазақ жері туралы бейнематериалдар ұсынбақ. Осылайша батыс жұртшылығын ұлы даланың тарихымен таныстырып, бүгіні жайлы ақпарат береді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Француз, Португалия Республикасындағы, Монако Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Жан Ғалиев, Қазақстан Республикасының Монакодағы құрметті консулы Владимир Семенихин, Монако Князьдігінің Ұлттық кеңес президенті, Сыртқы қатынас комиссиясының президенті, Дипломатиялық және консулдық қатынастар директоры, Граф Шереметьев жұбайымен, Мұстафа Шоқай ассоциациясының президенті және өзге де лауазымды тұлғалар қатысады.