Ел тарихында бұрын-соңды қандай да бір салаға бір мезетте 2 трлн 400 млрд теңге бөлінген емес. Елбасы оған қоса толық емес көп балалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасауды, ал ауылдағы көп балалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелердің жекелеген квотасын бөлуді ұсынды. Бұл жұмыстарды енді Үкімет пен әкімдер «Нұр Отан» партиясымен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асыруы тиіс.
Шынтуайтына келгенде, жуырда аймақтардағы сайлаушылармен кездесулер уақытында Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар елді мекендерінде болып, жергілікті халықпен жүздескен едім. Сол уақытта біздің сайлаушыларымыз дәл осы мәселені көтеріп, алдымызға көлденең тартқан болатын.
Міне, Елбасы халықтың көкейіндегі сауалдарды дөп басып, ұлттық мұраттарымызды жүзеге асыратын тапсырмалар беріп отыр.
Алайда, тұрғындар да өз тарапынан «Еңбекпен келген мал тәтті» деген қасиетті ұғымды қаперінен шығармауы керек. Сондықтан да Мемлекет басшысы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты әлеуметтік келісімшарт және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы болып қала беретінін айтты.
Жалпы, Мемлекет басшысының 7,5 млн ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік бар екенін, бірінші кезекте Үкіметке әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп, болашағы бар ауылдарды анықтау, сол жерлерде әлеуметтік саланы дамыту, интернаттар құру қажеттігін тапсыруы да көңілімізден шықты. Сол себепті ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті дамытуға да басымдық беріле түспек.
Бұл сонау жылдары Президенттің «Адамдарға балық бергенше, қармақ беріп, балық аулауды үйрету керек» деген сөзін қуаттай түседі.
Елбасы сонымен қатар білім жүйесіне үш тілділікті енгізуде асығыстыққа, шалағайлыққа жол бермеу керектігін қадап айтты. Расында да, нақты пәндерден сабақ беретін мұғалімдерді қысқа уақытта ағылшын тілін үйренуге мәжбүрлеуге болмайды.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасы «Нұр Отан» партиясының мерейтойлық съезінде елдің мерейін көтеріп тастады.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Мәжіліс депутаты