Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург, публицист Шерхан Мұртазаның Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келгені қалың оқырман қауымға жақсы белгілі деп ойлаймын.
Географиялық кеңістікке көз салсақ, осы Мыңбұлақ ауылы мен Шыңғыс Айтматовтың балалық шағы өткен Шекер айылының арасы небәрі 30 шақырымдай ғана жер. Демек, екі жазушының да өскен ортасы, жұтқан ауасы, көзін ашқаннан көрген табиғаты бірдей.
Бір-біріне жақын орналасқан қазақ ауылы мен қырғыз айылының адамдары бір-бірінің тілін жақсы түсінеді. Сонымен бірге салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі де ұқсас. Қазақ әдебиетінің классигі Шерхан Мұртазаның қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын соншалықты ыстық ықыласпен қабылдап, қазақ тілінің бояуымен шебер сөйлетуінің өзі де осынау тарихи туыстық пен бауырластықтан бастау алады.
Шыңғыс Айтматов шығармаларын ол алғаш рет «Ботагөз» әңгімесін аударудан бастады. Содан кейін «Қош, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повестері мен «Боранды бекет», «Жанпида» романдарын тәржімалады.
Сөз жүзінде қазақ, қырғыз халықтарының тілі ұқсас дегенімізбен, жазба тілі, әсіресе көркем әдеби тілі мүлде бөлек. Өйткені ауызекі тілде бір-бірін оңай түсінетін екі халықтың қарапайым өкілі кітап бетін ашқанда бір-бірінің тілін түсіне алмай қиналады. Бұл әрине, әр тілдің өзінің көркемдік, танымдық ерекшеліктеріне байланысты дүние. Сондықтан да Шыңғыс Айтматов шығармаларын қазақтың көркем тілімен тәржімалау, олардағы тамаша табиғат суреттерімен, адам мінездерімен қатар өрілетін астарлы ой, терең толғаныстарды шынайы, таза қалпында жеткізу Шерхан Мұртаза секілді біртуар таланттардың ғана қолынан келеді.
Шындығында, Ш.Айтматов шығармаларын аударудың қаншалықты қиынға соққанын Шерхан Мұртазаның өзі бір сұхбатында былай деп атап өтеді:
«Жанпиданы» орысшадан қазақшалау бұл жолы маған біраз қиын соқты. Əсіресе Авдий тараулары: дінге, биік материяға байланысты толғамдар, ойлар, Иисус Христос пен Понтий Пилаттың айтысы... Оны аударудан бұрын тіпті «Библияға» («Інжілге»), оның Кадимше жəне Жəдидше (Ветхий и Новый заветы) өсиеттеріне тағы да үңілуге тура келді.
Бұл кітап жөнінде де кейбір тоғышарлар арасында күңкіл-сүңкіл əңгімелер жүрді. Біздің тоғышарлар: ойбай, Айтматов біздің Мойынқұмды оңдырмай жазыпты! — деді. — Облыс басшыларын сынап тастапты, — деді. Ал Орталықтағы тоғышарлар: Айтматовтың христиан əлемінде несі бар? дегісі келді.
Ал бүкіл дүние жүзі Айтматовтың жаңа романын сиясы кеппей жатып, қолдан-қолға қағып алып, өз тілдеріне аударуға асықты».
Шындығында, шынайы суреткердің шығармасын шынайы суреткер ғана өз деңгейінде көркем, шыншыл етіп аудара алады. Мұндайда қазақ халқы: «Зер қадірін зергер ғана біледі,» дейді.
Жалпы, Ш.Айтматов шығармаларында кең-байтақ қазақ даласының суреттері көп кездесетіні анық. Ал енді, «Жанпида», «Боранды бекет» романдарының оқиғасы қазақ жерінде өтеді. Кейіпкерлері де қазақтар. Және солардың аузымен баяндалатын небір тамаша аңыз-әңгімелер де біздің халқымыздың қазынасы.
Алайда өзге тілде жазылған шығармадағы оқиғалар, кейіпкерлер, аңыз-әңгімелер қаншалықты таныс болған сайын аудармашыға соншалықты салмақ түсіретінін аңғару қиын емес. Себебі аудармашы өзіне жақсы таныс дүниенің барынша шынайы, көркемдік тұрғыдан өте биік деңгейде болғанын қалайды. Сондықтан да өзі жазып отырғандай күй кешіп, екі есе еңбек етеді.
Тіршілік болған соң, аударма ісінің мұнан да басқа қиыншылықтары жеткілікті. Бұл енді, таза адамгершілік қарым-қатынастар мен тұрмыс-тіршілікке байланысты жайттар. Бірақ, осының өзінен-ақ аудармашының бұл іске қандай мақсатпен, қандай ниетпен кіріскенін аңғаруға болады.
Бұл ретте Шерхан Мұртазаның өзі былай деп сыр шертеді:
«Мен «Боранды бекетті» қазақшаға аударып жүргенде мынадай бір сорақылау əңгіме болды. Сол кездегі Госкомиздаттың бастығы баспаның директорын қысады: «Буранный полустанокті» аударуға неге шарт жасастың?, – деп. – Қалайда шартты бұз. Мұртазаевқа айт, басқа кітап аударсын!», – деп. Мұртазаев оған көне қоймайды. Ол кітап аударса ақша табу үшін аударып жүрген жоқ. Өзінің жазатын дүниесі жетеді. Аударса, Айтматовтың кітабын шын құлай сүйгендіктен, бар жан-тəнімен беріле аударады. Басқа кітап керек емес».
Міне, байқадыңыз ба, ол «Аударса, Айтматовтың кітабын шын құлай сүйгендіктен, бар жан-тәнімен аударады». Мұны Шерхан Мұртазаның өзі айтқан. Әйтпесе, оның өзінің де кезек күтіп тұрған шығармалары аз емес еді ғой. Солардың бірі – «Ай мен Айша» романы болатын.
Келешекте ол роман да Еуропа елдерінің тілдеріне аударылады деген үміттеміз. Себебі бұл – қазақ халқының ХХ ғасырда көрген бейнеті мен зейнетінің, тәуелсіздік жолындағы табанды күресінің толыққанды эпопеясы болып табылады.
Ол туралы, әрине, айтатын уақыт келеді әлі...
Алма ШЕРХАНҚЫЗЫ