Аймақтар • 07 Наурыз, 2019

Миллионға татитын арман

1194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында 165 ақтөбелік жас өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып, кәсіпкер атанған болатын. Республикалық жобаны жалғастыру үшін биыл жергілікті бюджеттен тағы 40 млн теңге бөлінбек. Ақтөбеде жастардың бастамаларына көмектесетін арнайы тәлімгерлер дайындалғанын да айта кетейік.

Миллионға татитын арман

Жылыжайда жуа өсіреді

Үй шаруасындағы әйел өз отбасын жаңа піскен көк­өніс­пен қалай қамтамасыз етеді және мұқтаж жандарға қалай көмектесе алады? Бұл Әйтеке  би ауданының Комсомол ауы­лында тұратын 23 жастағы Гүлшат Әбдібекованы көп­тен мазалаған мәселе еді. Бұл «Zhas project» жобасы ар­қылы шешілді. Осыдан бір жыл бұрын ол өзінің кәсіп­кер болатынын елестете де алмаған-ды.

– Демалатын уақыт жоқ, бәріне көмектесу керек, дейді қазір Гүлшат. Екі баланың анасы жобаға қатысып, тиісті грантты иеленіп жылыжай салды. Жуа бизнесін жолға қойды. Әбдібековтер отбасы өндірілген өнімнің бір бөлігін ғана алып қалып, қалғандарын мұқтаж жандарға береді, ба­ла­­бақшалар мен мектептерге апарады.

– Жылыжай салу ойыма кенеттен келді. Күйеуім екеуміздің тиісті біліміміз жоқ. Істің мән-жайын интер­нет­­тен қарадық, кей­бірін адам­дар айтты. Енді ауыл­дас­та­рымыздың дастарқа­нында әрдайым көк жуа бар», дейді Гүлшат. 

Көкеніс өсіру кезіндегі қиындықтар бастапқыда ғана кездесті. Бүгінде Гүлшаттың ауласында бір ғана көшетхана тұр, бірақ тағы бірнешеуін сатып алуға қаражаты жеткі­лікті. Жас кәсіпкер басқа кө­көніс түрлерін өсірумен де айналысуға болатынына се­німді, болашақта қызанақ пен қияр өсіруді жоспарлап жүр.

Арман арбаға қарамайды

27 жастағы ақтөбелік Гүл­файра Рамазанова арбаға таңылған жандардың сүйікті ісін бастауы қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Гүлфайра бала күнінен мүге­дек. Бойжеткен өзгелерге көмек­тесу үшін диагнозының кедергі еместігіне іштей сенген. Алайда, осы уақытқа дейін қалай жәрдем беруге болатынын білмепті. 

Гүлфайра «Zhas project» жастар жобасы туралы есті­генде оған қатысу туралы бірден шешім қабылдады. Бір миллион теңге алғаннан кейін жабдықтар сатып алды да, өзінің фотошеберханасын ашты. Енді Гүлфайра мүм­кіндігі шектеулі жандар мен ата-аналары ақылы оқуға түсіре алмайтын балаларға фотосурет өнерін оқытып жүр.

Гүлфайра: – Мен өзім­нің көп нәрсені істей алатынымды түсіндім,  дейді мақтанышпен.

Бүгінде ондаған адам оның тәлімін алып шықты. Ақтө­белік қыз игі ісін жал­ғастыру үшін енді өз біліктілігін арт­тырғысы келеді.

– Адамдар менің немен айналысатынымды білген кезде бұрынғыдай мүсіркемейді, керісінше таңғалады, дейді қайсар қыз.

Ақша орнына алғыс алады 

Рахат Бақдәулетовтің өз ісін ашудағы қадамы әлеу­меттік желілерде жарнама таратудан басталған. Осылайша ол миллионға татитын мүм­кіндік туралы, грант, оқу мен ай сайынғы шәкіртақы ту­ралы ақпарат жинайды. Жобаның нәтижесінде жас жігіт Ойыл ауылында тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларды оңалту үшін иппотерапия орталығын ашты. Онда ерекше балаларды емдеу тегін.

Жылқылар тұрған аула жергілікті емхананың аума­ғында орналасқан. Кіш­кентай емделушілердің «дәрігерлері» - Рахат сатып алған екі жылқы. Ол бұрынғы жұ­мысын тас­таған жоқ, қазір де денешы­нықтыру пәнінен сабақ береді. Неліктен басқа емес, иппотерапияны таңдағаны туралы сұраққа жас жігіт «Бұл қа­зақтың қанында бар кәсіп» деп күліп жауап береді. 

Бүгінде иппотерапия ор­та­лығына жиырмадан ас­там ерекше бала барып жүр. Ауылда жас жігіттің қайы­рым­­­дылығы жайлы бәрі бі­леді. Бі­рақ ол қолынан ке­летін істі ғана жасап жатқанын айтады.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Egemen Qazaqstan»