Аймақтар • 07 Наурыз, 2019

Құрылысқа қуат беретін зауыт

1022 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында Рудный қаласында ірі өндіріс орны – заманауи цемент зауыты ашылды. Бұл зауыттың кеншілер қаласы үшін ғана емес, облыс, еліміз үшін маңызы зор.  

Құрылысқа қуат беретін зауыт

Цемент – құрылыстың негіз­гі материалының бірі екені белгілі. Еліміздегі бар-жоғы 3-4 цемент зауытының өндірістік қуаты бүкіл республиканы қам­­­­тамасыз етуге жетпейді. Руд­­­­­­ный қаласындағы жаңа өн­ді­­ріс орны облыстағы ірі инвес­ти­­циялық нысандардың бірі. Облыс басшылығы жүргізген жұмыстардың нәтижесінде іске қосылған зауыт жылына 500 мың тонна сапалы цемент шығарады. Заманауи нысанға жұмсалған қаржы көлеміне қарап-ақ, құ­рылыстың күрделі болғанын бай­қауға болады. Зауыт пен оның инфрақұрылымы дайын болғанға дейін салынған инвес­тиция мен бюджет қаражатын қосқанда барлығы 18 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. 

– Елімізде «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары бас­тау алғалы, баспана құ­рылысы қарқынды жүріп жатыр. Қостанай облысында 2019 жылы 300 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Құрылыстың қай түріне де цемент керек. Сондықтан бұл зауыт облыстағы ғана емес, еліміздің өзге өңірлердегі құры­лыс мәселелерінің шешімін табуына ерекше ықпал ететін болады. Рудныйдан 500 шақы­рым төңіректе цемент зауыты жоқ, тіпті Қазақстанның ба­­тыс аймағы цементті алыстан тасиды. Қазақстанның сол­түс­тік және батыс өңірлері осы құрылыс материалы үшін Руд­ныйды бетке алатын болады, – деген еді облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов зауыттың ашылуы сәтінде. 

Рудный цемент зауыты салынып бітпей жатып 700 мың тонна өнімге алдын ала тапсырыс түсті. Оның тең жартысы іргедегі Ресей қалаларынан түс­кен. Облыс басшысы айтқандай, цемент зауыты еліміздегі экспорт мәселесіне өз үлесін қо­сады. 

Қазір құрылыс қыс айларында тоқтамайды. Кенші­лер қаласындағы зауыт­ өні­мі­­нің сапасы соған бейім­дел­­ген, ол қақаған аязда да шы­ты­­намайды. Өндірілген це­­менттің ПЦ-400, ПЦ-500 және ССПЦ-400-500 маркала­ры азаматтық, өнеркәсіптік және гидроқұрылыстардың бар­лығына жарамды, жоғары сапалы. Зауыт директоры Артем Мак­ласовтың айтуынша, бұл жер­де болашақта цементтің бес түрі өндіріледі.

– Уақыт өте келе тұтынушы­лар тарапынан сұраныстың көптігіне байланысты оны орындауда қиындық тууы мүмкін. Өйт­кені сапалы құрылыс материалын бәрі алғысы келетіні анық. Қазірдің өзінде тапсырыс жасаушылар кезекте тұр, – дейді А. Макласов.

Отандық өнім шикізатының 90 пайызы жергілікті жерден алынады. Зауыт мамандарының айтуынша, цементтің құрамына кіретін саз, әк, құм өзімізде өндіріледі екен. Ал гипс пен қожды Ресейдің Самара және Магнитогорск қалаларынан алдырады. Цементке қажетті ши­кізаттың 10 пайызы техно­гендік, яғни қолданыла бер­мейтін материалдар. Ал оны це­мент зауытына пайдалану өңір­дің экологиясына да жақсы әсер береді.

– Бұл зауыт өте күрделі технологиямен, компьютерлік заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. Сондықтан оның әр бөлігі біртіндеп іске қосылып жатыр. Қазіргі жұмыстың бар­лығы зертханалық деңгейде. Бұл уақытты керек ететін процесс, сондықтан әлі сатуға шы­ғ­а­ратын өнім көлемі өн­діріле қой­ған жоқ. Зауыт осы көк­темде толық іске қосылатын болады, – дейді Рудный қаласы әкімінің орынбасары Денис Петрухно.

Зауыт толық іске қосылмаса да онда қазір 166 адам жұмыс істейді. Ал өндіріс толық қуа­тына көшкенде жұмысшылар са­ны 400-ге жуықтауға тиіс. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

РУДНЫЙ