Бүгінде компания жанынан құрылған Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар басқармасына (ҒЗТКЖ) озық технологияларды пайдаланып инновациялық жүйелерді әзірлейтін мамандар тартылған. Олар жасаған жобалардың бірі – энергоресурстарды есептеу құралдарынан деректерді қызмет көрсететін компанияларға беруге арналған заманауи интеллектуалдық құрылғы. Жаңадан әзірленген Деректерді беру жүйесінің авторлары – Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенті Қуаныш Қырықбаев пен Назарбаев Университет түлегі Жарасхан Қуанышұлы.
Бұл жаңалықтың нарықтағы бәсекелестерінен негізгі айырмашылығы – жаңа модемнің өзіндік құнының төмен, оған қоса деректерді берудің барлық жүйесін енгізуге болады. Сондай-ақ мұндай «ақылды» құрылғылардың болуы шоттарды есептеу үдерісінде қате кетуді барынша төмендетеді. Оған қоса шоттарды ұсыну кезінде жеделдік пен ашықтықты қамтамасыз ете алады. Ең бастысы, нақты тұтынылған ресурстарды есепке алу арқылы коммуналдық төлемдерді үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл радиомодемдерді бұрыннан орнатылып қойған есептеуіштерге қосуға болады. Электр жарығы өшкен жағдайда интернет-қосылыссыз, автономды жұмыс істей де алады. Оның бұзылуға қарсы цифрлы қорғанысы бар.
«ТКШ Қаз Орталығы» хабарлағандай, мұндай мәліметтер беру жүйесі ТКШ-ны цифрландыру бағдарламаларын іске асыру кезінде қолданылмақ.
Жаңа Деректерді беру жүйесі елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде сынақтан өткен. Жақын арада оны Астананың және басқа да қалалардың көп пәтерлі тұрғын үйлеріне енгізу жоспарланып отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ