– Дәулет, жуырда ғана 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдесін иеленгеніңіз туралы хабарды естідік. Бұл жаңалықты сіз қалай қабылдадыңыз?
– Алғашында бұл жаңалықты жанымдағы достарымнан естідім. Ақпарат бірінші интернетте таралады ғой, ал мен ондайға сенбеймін. Жалпы, әлеуметтік желі дегенді суқаным сүймейді. Кім не болса соны жаза беретін алаңға айналып кеткен.
– Бұл ақпарат туралы сізге Ұлттық Олимпиада комитеті немесе федерация хабарлаған жоқ па?
– Не Ұлттық Олимпиада комитетінен, не федерация мамандары хабарласып, бұл мәліметті алғашында растаған жоқ. Мен ол уақытта Алматыда Қазақстан біріншілігіне даярлық жасап жатқан едім. Бар ойым – жаттығу жұмыстарын тыңғылықты орындап, бабымды сақтау болды.
– Құрама сапында қаласыз ғой?
– Әрине, күрестен кететін ойым жоқ. Қатардан сызып тастауға әлі ерте. Аллаға шүкір, қазір даярлығымыз жақсы.
– Былтыр сәуірде АҚШ-та өткен әлем кубогында топ жарған соң кейін жарқ еткеніңізді байқамадық...
– Рас, өткен жылы АҚШ-та жеңіске жеттім, алайда одан кейінгі жарыстардың бәрінде үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік болмады.
– Халықаралық жарыстардың бірінде Олег Болтинге есе жібергеніңізді білеміз. Жалпы, аса ауыр салмақта еліміздегі жастардың деңгейі қандай?
– Олег Болтиннен бөлек те жастар бар. Бірақ олар әлі де «шикілеу» секілді. Балуандарға әлі де жетіле түсу керек, тәжірибе жинақтау қажет деп ойлаймын. Турнирлерде жеңіліп жүргенім әлсіздігімнен емес, тек жарақаттан кейін бабыма келіп үлгермегендігіме байланысты. Қазір денсаулығым жақсы, жарақаттан толық емделдім.
– Сіз үшін допингпен ұсталған Давид Модзманашвили бейтаныс қарсылас емес, бозкілемде кездескенсіздер. Қалай ойлайсыз, талай аламанда топ жарған грузин балуаны тыйым салынған препараттарсыз жетістікке жете алмаушы ма еді?
– Естеріңізде болса, біз Давид екеуміздің жолымыз Лондон Олимпиадасының алдында, 2012 жылдың мамыр айында түйіскен. Ол кезде Бакуде өткен Әлем кубогында Қазақстан құрамасы Грузиямен бесінші орынды сарапқа салып, командамыз да, соның ішінде мен де жеңіске жеттім. Тұманды Альбиондағы төртжылдықтың басты додасында грузин балуаны ерекше өнер көрсетті. Финалға дейін жетті. Әркім өз жолын өзі таңдайды ғой, бірақ қитұрқы әрекеттердің соңы қай кезде де жақсылыққа апармасы анық. Давид мұны ойламаған тәрізді.
– Биыл балуандарды ғана емес, елімізді маңызды сын – Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты күтіп тұр. Алға қойылған мақсат қандай?
– Бұйыртса, алтын медаль аламын деп отырмын. Алдын ала болжау қиын ғой. Дегенмен, сәті түсіп жатса, бас жүлде үшін таласамыз.
– Құрамада бапкер жиі ауысады. Ал тізгінді Әсет Серікбаев ұстағалы не өзгерді? Әлем чемпионатында өзге балуандарымыздың мүмкіндігі қандай?
– Бұл сұрақ мен үшін қиын. Себебі, Әсетке сырттай баға бере алмаймын. Ол менің жақын досым. Адамгершілігі мол, спортты бір кісідей білетін маман.
Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист