27 Наурыз, 2012

Шарайна

264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шарайна

Сейсенбі, 27 наурыз 2012 7:19

АХМАДИНЕЖАД НАТО-НЫ АЙЫПТАДЫ

Душанбеде өтіп жатқан Ауғанстан бойынша экономикалық қызметтестік жөніндегі өңірлік конференцияда Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Ауғанстандағы барлық бақытсыздықтарға НАТО мен АҚШ кінәлі деп мәлімдеген.

 

Сейсенбі, 27 наурыз 2012 7:19

АХМАДИНЕЖАД НАТО-НЫ АЙЫПТАДЫ

Душанбеде өтіп жатқан Ауғанстан бойынша экономикалық қызметтестік жөніндегі өңірлік конференцияда Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Ауғанстандағы барлық бақытсыздықтарға НАТО мен АҚШ кінәлі деп мәлімдеген.

Ауған халқы үнемі өз үйлерінде отырып шабуылдарға ұшырауда. Пәкстандағы, Палестина мен бірқатар африкалық елдердегі жағдай да дәл осындай. Бүкіл проблема терроризмге қарсы күрес желеуімен Ауғанстанға енген НАТО-ның саясатында, ол енді дәл осындай ұранмен Ресей мен Қытайды да қоршауға алуда. НАТО мен АҚШ, олардың әлемге өз шарттарын қоятын уақыты өткендіктен, өз саясаттарын өзгертуі тиіс, деп атап көрсеткен ол.

АТОМ ЭНЕРГИЯСЫНАН БАС ТАРТУ ҚАДАМЫ

Жапония атом энергиясынан то­лық бас тартуға қарай тағы бір қадам жасай отырып, кезекті атом электр стансасын жапты.

Дүйсенбі күні таңертеңгілік Tokyo Electric Power Co компаниясы Касивадзаки-Карива атом электр стансасында жұмыс істеп тұрған соңғы энергоблокқа жоспарлы жұмыстар жүргізу үшін оның жұмысын тоқтатты. Осылайша, Жапонияда бүгінде 54 ядролық реакторының біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Хоккайдо аралындағы ол реактор­дың жұмысы үстіміздегі жылдың мамыр айында тоқта­тылатын болады.

ҚАЗА ТАПҚАНДАРҒА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНДІ

Америка Құрама Штаттары америкалық сержант Роберт Бэйлстің қолынан қаза тапқан әрбір ауғандық үшін 50 мың доллар өтемақы төледі.

Құрбан болғандардың отбасыларына бұл ақша 24 наурызда Қандағар провинциясы губернаторының резиден­ция­сында табыс етілген. Ауғандықтарға қаржы АҚШ пре­зиденті Барак Обамадан келіп түсті, деп хабарлаған. Жа­раланғандар болса, әрқайсысы 11 мың доллардан ақша алған көрінеді.

БІРІГУ МАРШЫ ӨТТІ

Кишиневте Молдованың Румыниямен бірігуін жақтайтын радикалдық күштер акциясы – Бірігу маршы өтті.

Марш 24 наурызда атап өтілетін Бессарабияның Румыниямен бірігуінің 94 жылдығына орайластырылып отыр. Құрамында Румыниядан шыққан «Noua Drepta» фашистік легионының жүздеген жастары бар Румынияға қосылуды жақтаушы унионистер қала көшелерімен салтанатты түрде жүріп өткен. Оларға Молдова мемлекеттілігін сақтап қалуды жақтаушылар қарсы шыққан. Марш кезінде аздаған қақтығыстар да орын алған көрінеді.

ОППОЗИЦИОНЕР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Сенегалдың 85 жастағы қазіргі президенті Абдулай Вад президент сайлауының екінші турында өзінің жеңіліске ұшырағанын мойындады.

Ол 50 жастағы бұрынғы премьер, «Альянс за республику» партиясының негізін қалаушы және төрағасы Маки Сальға телефон соғып, оны жеңісімен құттықтаған. Екінші турдың нақты нәтижелері әзірге белгісіз. Бірінші турда сайлаушылардың 34,8 пайызы Вадты, 26,6 пайызы Сальды қолдап, дауыс берген еді. Президент сайлауының ресми қорытындылары 27-28 наурызда белгілі болады.

ЧИЛИДЕ ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛДЫ

Чилидің орталық аудандарында өте күшті жер сілкінісі болды.

Цунами қаупіне байланысты құтқарушылар тұрғын­дар­ды жағалаудағы аудандардан сыртқары жерлерге көшіруді жүзеге асырған. Абырой болғанда, табиғи апат елеулі зардаптар әкеле қоймаған көрінеді. 7,1 баллды құраған жер сілкінісінің кіндігі Тальк қаласынан солтүстік-батысқа қарай 27 шақырым қашықтықта 35 шақырым тереңдікте бол­ған. Сілкіністі сезінген ел астанасы Сантьяго тұрғын­дары өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Дегенмен, цунами қаупі жоқ екені  хабарланып, халық тыныш­тандырылған.

КОФИ АННАНҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТПЕК

Ресей мен АҚШ БҰҰ-ның арнаулы елшісі Кофи Аннанның дипломатиялық миссиясына өздерінің көмектесуге әзір екендіктерін білдірген.

Бұл туралы кеше Сеулде өтіп жатқан ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит шеңберінде президенттер Барак Обама мен Дмитрий Медведев мәлімдеген. Сол сияқты Ресей мен АҚШ басшылары КХДР-дың «Ынха-3» зымыранын ұшырудан бас тартуына қол жеткізбек ниетте. Зымыранды ұшыра отырып, Солтүстік Корея БҰҰ қарарын бұзады. Ондайға жол беруге болмайды. Солтүстік Корея дұрыс таңдау жасауы тиіс, деп мәлімдеген АҚШ пре­зиденті.

ҰЛТТЫҚ КИІМ КИЮГЕ МІНДЕТТІ

Жалалабад (Қырғызстанның облыс орталығы) басшылығы мемле­кет­тік қызметшілерді жұма күндері жұмысқа ұлттық киім киіп келуге міндеттеген.

Kginform порталының қала әкім­ші­лігі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып келтірген мәліметі бойынша, Жалалабад мэрі Бақыт Адылов тиісті қаулыға 2011 жылдың желтоқ­санында қол қойған екен. Өткен жұма күні, яғни 23 наурызда мэрия қызметкерлері қаланың мемлекеттік меке­ме­лерінде рейд өткізген. Дегенмен, қаулыны бұрма­ла­ған­дар, яғни ұлттық киімнен бас тартушылар табыл­маған көрінеді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.