Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 25 жыл толады

1999 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2019 жыл орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білім беру жүйесінің құрылған сәтінен бастап 25 жыл толуымен есте қалмақ. 1994 жылы жоғары әкімшілік кадрларды даярлау және мемлекеттік аппаратқа жоғары білімді азаматтарды тарту үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі құрылды.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 25 жыл толады

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша 25 жылдық қызмет шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы республикалық және халықаралық сипаттағы бірқатар іс-шараларды жоспарлап отыр.

Жыл бойы Академияда «25 қонақ дәріс» білім беру жобасы жүзеге асырылады.  Дәрістерді қазақстандық және халықаралық саяси, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, олардың ішінде Академияның түлектері мен профессорлары оқиды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешевтің, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, министрлер мен вице-министрлер, облыс пен қала әкімдері, халықаралық серіктестер мен Қазақстанның ірі компанияларының бірінші басшыларының қатысуы жоспарлануда.

Лекторий анонсы Академияның сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады (Instagram @apa.kz және Facebook: @academyofpublicadministration). Дәрістерге алдын ала онлайн-тіркеуден өткен барлық адамдар қатыса алады. Академияның YouTube-арнасында (Academy of Public Administration of Kazakhstan - https://www.youtube.com/channel/UCw80-vBlb1GBkGC-ovmS4mQ) дәрістердің тікелей көрсетілімі қарастырылған.

Сонымен қатар Академияның 25 жылдығына арналған бірқатар ірі іс-шаралар өткізіледі:

Астана экономикалық форумы аясында 2019 жылы мамырда өзгермелі әлем жағдайындағы трансформациялық көшбасшылық мәселелеріне арналған сессия өтеді. Бұл ретте Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің кәсіптік білім беру жүйесін қалыптастырудағы Академияның рөліне назар аударылатын болады.

Мемлекеттік қызметте персоналды стратегиялық басқару тетіктерін одан әрі енгізу мақсатында 2019 жылғы сәуірде мемлекеттік басқару саласында алғашқы HR-форум өткізу жоспарлануда, ол мемлекеттік және корпоративтік секторлардың сарапшыларының басын біріктірмек.

2019 жылдың маусым айында өтетін Академия түлектерінің форумы Академияның 25 жылдығының басты іс-шарасы болмақ.

Жыл бойы Академияда және оның бүкіл елдегі филиалдарында «Академияның 25 әлеуметтік жобасы» және «Мемлекеттік басқару саласында 25 стартап» іске асыру жоспарланып отыр.

Дәстүрлі жұма күндері өтетін «Идеялар фабрикасы: «Memlekettik qyzmet: quick wins» брейнстормингін өткізу жалғасады, онда мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту мақсатында нақты жобаларды одан әрі іске асыру үшін идеялар іріктеледі. Брейнсторминг қатысушылары айтқан мәселелер мен нақты ұсыныстар одан әрі пысықтау және оларды іске асыру үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне беріледі. Брейнстормингтерге Академияның тыңдаушылары мен қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің сапасын арттырудың өзекті мәселелерін жылдам шешуге мүдделі барлық адамдар қатыса алады. Идеялар фабрикасы да Академияның YouTube-арнасында (Academy of Public Administration of Kazakhstan - https://www.youtube.com/channel/UCw80-vBlb1GBkGC-ovmS4mQ) онлайн-режимде өтіп, одан әрі арнада сақталатындығын айта кеткен жөн.  

Академияның заманауи дамуы болашақ мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталған, мемлекеттік қызметшілерді оқытудың және мемлекеттік басқаруды дамытудың өзекті трендтеріне негізделген. Осының барлығы Академия қызметін трансформациялауды және инновациялық технологиялар мен құралдарды енгізуді талап етті.

Трансформациялық жобалардың бірі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Цифрлық Академия» жобасы болды. Жобаның мақсаты – Академияны мемлекеттік қызметшілердің ІТ-құзыреттіліктерінің білім беру орталығына айналдыру. Жоба барысында оқу кеңістігінің редизайны, инфрақұрылымдық жарақтандыруды жаңғырту және мультимедиалық жабдықтың интеграцияланған жүйесін орнату жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта IT-технологияларды кешенді пайдалану, жаңа технологиялық және басқару шешімдерін енгізу, цифрлық білім беру ресурстарын қолдана отырып, онлайн-оқыту технологияларын пайдалану жүзеге асырылуда.

Қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу мақсатында Академияда Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті дамыту орталығы құрылды. Орталық аккредитациядан сәтті өтті және ҚР СТ ISO 21500-2014 «Жобаларды басқару жөніндегі нұсқаулық» ұлттық стандарты бойынша мемлекеттік қызметшілерге сертификатталған оқытуды жүргізеді. Сондай-ақ, SPOCE (Ұлыбритания) компаниясымен келісім негізінде Қазақстан аумағында Prince2 жобалық менеджмент әдісі бойынша сертификациялық емтихан өткізіледі.

Бүгінгі таңда Академия халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тиімді басқару шешімдерін қабылдауға қабілетті, кәсіби және жеке құзыреттіліктерінің толық жиынтығымен жаһандық ойлайтын мемлекеттік қызметшілерді дайындауға бағытталған, - деп атап өтті Академия ректоры Фатима Жақыпова.

Ағымдағы жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы магистратураның 11 мамандығы және докторантураның 4 мамандығы бойынша оқуға қабылдау жүргізеді. Магистратура мамандықтары: Мемлекеттік менеджмент (MPM), Мемлекеттік басқару (MPA), Цифрлық мемлекеттік басқару (MDPA), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат (MACP), Экономика (ME), Мемлекеттік саясат (MPP), Өңірлік даму (MRD), Мемлекеттік саясат (шетел азаматтары үшін) (MPP), Мемлекеттік саясат және құқық (MPPL), Адам ресурстарын басқару (MHRM), Халықаралық қатынастар (MIR). Докторантура мамандықтары: Мемлекеттік менеджмент (EDPM), Мемлекеттік басқару (DPA), Экономика (DE) және Халықаралық қатынастар (DIR).

Ректордың айтуынша, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан магистратура мен докторантура бағдарламалары одан әрі тәжірибеге бағдарлануға, 3 тілде оқытуға және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқарудың ағымдағы және перспективалық қажеттіліктеріне барынша жақындауға бағытталған.