27 Наурыз, 2012

Тау баласы

411 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тау баласы

Сейсенбі, 27 наурыз 2012 7:30

Бүгінде бүкіл әлемде адамдарды бір-бірімен байланыстыратын, іздегенді табыстыратын жаңаша ақпарат құралы­­­на айналған әлеуметтік желілерді пайдаланбайтындар кем­де-кем. Бұл желілердің біздің күнделікті өміріміздің бір бөлі­гіне айналғаны сонша, кейбір жерде қазіргі өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты FaceboоkTwitter ұрпағы деп те айтып жатады.

 

Сейсенбі, 27 наурыз 2012 7:30

Бүгінде бүкіл әлемде адамдарды бір-бірімен байланыстыратын, іздегенді табыстыратын жаңаша ақпарат құралы­­­на айналған әлеуметтік желілерді пайдаланбайтындар кем­де-кем. Бұл желілердің біздің күнделікті өміріміздің бір бөлі­гіне айналғаны сонша, кейбір жерде қазіргі өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты FaceboоkTwitter ұрпағы деп те айтып жатады.

Біздің елімізде де әлеуметтік желілерді пайдаланушылар өте көп, жастары мен жасамысы, тіпті, үйдегі жеңгелеріміздің өзі осы желілерге кіріп алған. Осылардың ішінде адамның жасына қарай ең көп тіркелгені Facebook әлеуметтік желісі болып саналады. Бұл желіге біздің де біраздан бері тіркеліп, сол арқылы пікірталастарға үн қосып, өзіміздің газетке шыққан дүниелерді де жұртшылыққа жеткізіп жатқан жайымыз бар. Осыдан екі жыл бұрын Facebook арқылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын қандасымыз Жанарбек Ақыбиұлы­мен танысудың сәті түсті. Содан бері екеуміз, ол Алтайдың арғы бетіндегі, біз бергі бетіндегі жаңалықтармен бөлісіп, жақын араласып келеміз. Жәкең – альпинист, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Баян-Өлгей аймағының жыл адамы және ең таңдаулы спортшысы болған. Кезінде мемлекеттік Еңбек құрметі медалімен марапатталған, Спорт және білім министрліктерінің әртүрлі сыйлықтарының иегері.

 Жақында Жәкеңмен тағы бір хабарласып, одан «Егемен Қазақстанға» өзінің сүйікті кәсібі – альпинизм, яғни биік шыңдарды бағындыру туралы айтып беруін өтінген едік. Ол бірден келісті. «Маған осы желі арқылы сұрақтарыңды жібер. Мен оған жауаптарымды жазып жіберейін», деді. Біз де бірден клавиатурада «келістік» деп жазып, сұрақтарымызды жібер­­дік. Бүгін біз интернетте сол сұрақ-жауап пішінінде өрбіген әңгі­мені оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

– Әуелі өзіңіздің шыққан таулары­ңыз­­ды санамалап берсеңіз.

– Мен моңғол еліндегі биік таулар басында мәңгі мұзбен көмкерілген барлық шыңдарға шықтым. Ең биігі саналатын Бесбоғда шыңдарына 60 рет шығыппын.

– 60 рет? Көп екен. Басқа қандай тауларға шықтыңыз?

– Шетел шыңдарына алғаш рет 1994 жы­лы шықтым. Бұл Түркияның 4000 метр­лік биік Бурса шыңы болатын. Одан кейін Алатаудың Тұйық суына, 2002 жылы Тянь-Шаньның 6400 метр биік мәрмәр дуал шыңына, Алтай тауларының 4506 метр биік­тегі шыңы – Белухаға шықтым.

2009 жылы Кавказ тауларының ең биік шыңы – 5642 метрлік Эльбрус шыңына, Көк­шетаудағы Бурабай, Семейдегі Орда, Шыңғыстаудағы Хан тауына шықтым. Қазір шетелден келген әлем альпинистері мен Мемлекеттік тау спорт комитетінің бағдар­ла­масына сәйкес Моңғолиядағы қазақ жас­тарын ертіп, оларды мұздақ шыңдарға шы­ғарып жүрмін.

– Моңғолияның президентін тауға ертіп шыққаныңызды баянөлгейлік қан­­дастар мақтанышпен айтады екен. Моңғолияның қай президентін қай тауға шығарып жүрсіз?

 – 2006 жылы Моңғолия Шыңғыс ханнан бері ел атанғалы 800 жылдық торқалы тойын ЮНЕСКО көлемінде атап өтті. Соған байланысты ел президенті Моңғол Алтайы­ның ең биік шыңына шығатын болды. Сол кезде маған президентті шың басына алып шығу жауапкершілігі жүктелді. Моңғолия басшысы және үш парламент мүшесі бар жалпы саны 41 адамды мұзарт шың басына шығар­дық. Сол шыңға шыққанда оған «Ұлы Моң­ғол» деген жаңа ат бердік. Содан кейін моң­ғол халқы өте ырымшыл ғой, Бейжің Олимпиадасына апаратын ел бай­рағын мұзарт Цамбгарав тауының ең биік шыңына шыға­ратын болды. Бұған президент Намбарын Энхбаярдың өзі бастама көтеріп, өзі тағы да шыңға шықты. Мен сол кезде деректі фильм түсіруші операторды қорғаушының міндетін атқардым. Нәтижесі әсерлі болды. Сол жолы ел президентімен бірге шың басында жел­біреткен байра­ғы­мыз Бейжің Олимпиадасында екі мәрте көкке көтеріліп, тарихта тұңғыш рет екі алтын медальға қол жет­кі­зіл­ді. Олимпиада ел есінде мәңгі қалды.

– Қазақстаннан Моңғолияға барып, сізбен бірге тауда болған қандастарыңыз болды ма?

– Қазақ елінің кәсіпқой альпинистерімен бірге бола алмасам да, Ерлан Қарин деген азаматпен жақсы таныспын. Ол Қазақ­­­стан­да «Нұр Отан» партиясының хатшысы екен. Екеуміз соңғы үш жыл қатарынан Моңғо­лияның даласын кезіп, Алтай шыңдарының маңын шарлап жүрміз. Оның мақсаты – сонау біздің 3 000 жылдық тарихы бар таста­ғы жазу-сызуды және балбал тастарды фо­тоға түсіру. Маған оның не көріп, нені фо­тоға түсірсе де суреттерін елдегі барлық ақпарат құралдарына жариялайтыны ұнай­ды. Сосын мені Ерекеңнің қазақтың ұлан байтақ даласын ерте заманда бабалары­мыз­дың найзаның ұшымен, білектің күшімен, өзіндік әскери тәсіл, қару-жарағымен қор­ғағанын көрсетіп, көне қару түрлерін жи­нас­тырып, бір жебенің өзінің қазақ тілінде жүзге тарта аты бар екенін жазып-сызып, көпшілікке паш етуі қатты қызықтырды. Содан мен де тау-даладан садақтың жебе ұштарын жинастырып жүретін болдым. «Дала жебенің ұштарымен, тарихи деректермен менмұндалап жатыр. Солар әлі де анықтап, зерттеп, қазақы көзбен қарауды қажет етеді», дейді ол.

– Жәке, сіз әлемнің 30-ға тарта мемле­ке­ті альпинистерінің тобын басқарып Ал­тай­дың асқар шыңдарын бағындырып жүр­сіз. Шетелдіктер сізден нені көргісі ке­леді, ал сіз олардың бойынан не байқап жүресіз?

– Бірде Испаниядан келген ерлі-зайыпты қос отбасымен Алтай шыңдарын армансыз бағындырдық. Сапар соңында маған қатты разы болғаны сонша уақыттарының азды­ғына қарамай бір күн әңгімеге ерік бердік, қыза-қыза сөздерімді бейнежазбаға түсіріп те алды. Абылайхан заманынан қазақ же­рі­не қозғалған көштің Қытайды басып бүгінгі Моңғол даласына жетіп енді қайта ұзақ жылдар отардан болған қазақ елі егемендік алысымен қандастарымның Қазақстанға көшіп жатқанын, қандай қиын заманды бастан кешірсе де бабалар ұлттық рухты жо­ғалт­пау үшін қасық қаны қалғанша, ұрпа­ғын аман алып қалу үшін осындай тра­ге­диялық көштің орын алғанын әнгіме­ледім, жылап отырып тыңдады. Бұрында бұл жайлы шет жағалап естігендерін айтты. Өзімді атамекеннен жырақта туғыздыртқан озбыр ұлттың озбырлығын әлем туристеріне аямай әшкерелеп айтып беремін. Ішімдегі қатқан шерді осылайда шығарам да. Еуропа мен АҚШ туристері көбісі қазақтың басынан өткен бұл трагедиядан хабары бар екенін айтып жатады. Ұлттық рух демекші, олар да өздерінің көне салт-дәстүрлерінің жоғалып бара жатқанын, бүгінгі жастар көненің көзін елемейтінін қынжыла айтатындары көп. Бірақ ұлтжанды азаматтардың арқасында әр сатыдағы ақ­парат арқылы әр түрлі бағдарламамен және жоғарғы дең­гейде сыйлық ұсынылып, қы­зық­тырып, насихаттау жұмыстарын жүргі­зіп жүргендерін жасырмады. Мұндай ұлт­жандылықты наси­хаттауға келгенде көбінде жеке ауқатты кә­сіпкерлер тарапынан ықпал мен белсенділік де өте жоғары болады екен.

– Тауға шыққанда қандай да бір оқи­ғалар болды ма?

– Қауіп, қатер, қызықты оқиғалар әр тауға барған сайын кезігіп тұрады. Мына бір оқиға әлі есімнен кетпейді. 2009 жылы Кавказдағы Эльбрус шыңын бағындыруға төрт моңғол әріптесіммен бірге барып едік. Ұланбатырдан шыққан пойызымыз Бурят­тардың Улан-Удэсін, одан кейін Новосібірді басып өтіп, Кавказ тауларына да жеттік. Пойыздан түскен соң, такси ұстап тауға кеттік. Орысшамыз шамалы. Кавказдық­тар­дың тілін қалай түсінеміз деп бір-бірімізге қараймыз. Арасында картамызға қарап жолдан жаңылмасақ болды деп өзімізді жұба­тып қоямыз. Сөйтіп жүргенде, мына қызық­ты қараңыз, маған кезіккендердің бәрі қазақ тілінде сайрап қоя береді. Мен қиналмай жол бағдарымызды біліп отырдым. Артынан елге келген соң әріптестерім «Жанарбек түркі тектес халықтардың барлығының ті­лін біледі екен. Олармен ана тіліндей еркін сөйлесті», – деп таңғала айтып жүрді. Ол жердегі халықтың әйелдері мен басқа да адамдары туристердің жан-жақтан Эльбурус тауына ағылып жататындықтан, тау етегіндегі туристік базада қозы терісінен істелген ұлттық тымақ пен қол кәде бұйымдарын сатып, шағын бизнес жасайды екен. Бірде соларға барып суреттерін тамашалап жүрсем, «Әй бала, қай ұлтсың?» – дейді біреуі. «Қазақпын» десем, олар да қазақша сайрап қоя берді. Өзім де таңқалып «Ойбай! Ел болып жабылып қазақтарға қа­зақ­ша сөйлете алмай жүрсек, сендер қазақ тілін қайдан ұғып алғансыңдар?» – деп қоя­мын. Сөйтсем, олар Кеңес одағы кезінде Қазақстанға пойызбен жөнелтіліп, жер ауда­рылған халық екен. Кеңес одағы ыдыраған соң атамекендеріне қайта оралыпты. Маған кезіккендердің бәрі де Алматы облысынан кеткендер екен. «Қазақ­станды сағындық» деп, таныс-тамырларын еске ала, қазақ­тардың қонақжайлылығын айтып тауыса алар емес. Маған «Тегің қазақ қой, Алматы жаққа барып жатсаң сәлем айт» – деп кейбірі қазақ достарының мекен-жайын жазып та берді. Тіпті, қандастарым көшіп жатқанда, қаражат болмай қинал­ғанда «Мен бай емеспін, бірақ өзіме деп жинаған ақшамды берейін, еліңе жетіп ал»,– деген қазақ азаматының берген ақшасымен еліме жетіп алғанмын. Тірі болып, ауқаттанып алсам, мен жақсылығыңды қайтарамын», деп көзіне жас алған апаның сөзін естігенде, ана мәрт қазақтың ерлігінен Еуропа құр­лығының ең биік мұздақ шы­ңының түбінде тұрып керемет әсер алдым.

– Жәке, осы қазақты альпинист халық дей аламыз ба?

– Менің ойымша, иә. Қазақ тауға тым құмар халық. Оның бір айғағы – хал­қы­мыз­дың тым ертеден қыран баптап,тазы ер­тіп тау кезген халық екендігінде. Анау көне ғасырдан бізге жеткен тастағы қашал­ған суреттерге қарап отырсаң, халқымыз­дың тір­лі­гі таудан алшақ кетпегенін бай­қай­мыз. Бас­қыншы жауларын тауға апарып әр түрлі әдіс-тәсілмен қырып-жойып жіберген аңыз-әң­гімелерде де көп кездеседі, соған қарағанда қазаққа тау таңсық емес, қазақтар тау тілін жақсы меңгеріп қана қоймай, оны өз өмір­леріне байланыстыра білген, сондықтан қазақ­ты тау құмар халық деп айта аламын.

Қазақтар ежелден бүркіт баптап келген халық. Ал балапанды ұясынан ұшарда алып баптағанда ғана ол нағыз мінезді қыран болмақ. Ондай балапандар таулар­дың ең қиын қиялы, құз жартастардағы ұяларда болады. Міне, қазақтар осы балапанды алу үшін де сол адам аяғы тимеген шыңдарға өрмелеп, басын қатерге тігер болса, онда неге қазақ­тар­дың тау перзенті екенін жоққа шығарамыз? Еуро­па­лықтар тау спортын альпинизм дей­ді, ол тер­миннің шығу тегіне тереңдесек, Еу­ро­падағы Альпі тауларына алғаш бір дә­рігер мен бал өсіру­шінің асқарлы мұздақ­тар­ға шығамыз деп қайта-қайта барып жүр­генін көрген жұрт әне Альпілер, Альпіші­лер кетіп барады деп жү­ріп, тау спортына қатысты альпинизм тер­минін қалыптас­тыр­ды. Бұған 100 жылдан астам уақыт болды. Ал біздің қазақтың шың-құзға шығып жүр­гені тым әріден бастал­ғанын жоғарыда айттым. Тіп­ті, қа­зақ ақын­дардың да «тау ұлымын» – деп жыр­лауы да, Абайдың өз өлеңдерінде де тауды сипаттайтыны тегін емес. Қазақ биіктерге алысқа қарап үйренген тау баласы ғой.

– Туризм әлемінде гид деген сөз бар ғой. Бұл барлық халықтың санасына сіңіп болды. Оны біз қазақшалап жолбасшы деп те аударып жүрміз. Осы кәсіп қазаққа таңсық па?

– Түпкі ойыңды түсіндім. Гидтер (guaid) жайлы ойды әріден қарауға болады. Қазақ­тың аңыз әңгімелерінде жолсерік, жолбасшы жайлы аңыз көп, солардың ең бір кереметі – сақ дәуіріндегі Шырақ жайлы. Онда тұтқиылдан шабуыл жасаған парсылар сақтарды бір-біріне қоспай қырғынға ұшырата бастайды. Сақ көсемдері күш алып келе жатқан жаулардан қалай қорға­намыз, қалай құтыламыз деп бастары қатып қиналып жатқанда мал бағып жүріп-ақ қазақ даласын жетік білетін Шырақ көсем­деріне келіп: «Мен туған жерім өскен ортамды жауға таптатпаймын. Сендер менің бала-шағамды бағамын деп уәде берсеңдер мен жауды өзім-ақ тойтарам» деп келісімге келеді де, бет-аузын тіліп, қанын сорғала­тып, парсылардың алдынан шығады. Сол кезде ол: «Сендер келеді дегенде мен шамамыз келмейді, соғыспайық, берілейік деп едім, мені бет аузымды тілгілеп өлтірмекші болды, мен әрең қашып құтылдым» дегенде парсылар сеніп қалады. Сосын ол пар­сы­ларға: «Мен өшімді алам, сендер көмек қылсаңдар, олар жайбарақат жатқанда үсті­нем түсіремін, қане, мен жол бастайын», – дейді. Соғыстың бұл қулық-сұмдық түрін жақсы білетін парсылар құп көріп, Шы­рақтың артынан ереді. Қазақ сахарасын жақсы білетін Шырақ оларды 8 күн бастап жүріп, азық-суы таусылғанда қулығын айтыпты. Дарийдың алданғанын біліп, қол­бас­ы Ранасбат қылышын қынабынан суырып алып, Шыраққа тұра ұмтылады. Өлі­м­нен қорықпаған Шырақ тәкаппарлықпен Ранасбатқа қарсы қарап: «Жеңіске жетті деген осы! Атажұртымды жаулап алмақ болып Дарий I патша бастаған қанқұйлы жауды жалғыз өзім шөлге қамап, қырып тастадым. Төрт жақтарың бетпақ дала, қалай жүрсеңдер де шөлден өлесіңдер. Ал менде ешбір арман жоқ. Қаным кіндігім кесілген туған жерде төгіледі, денем осында көмі­леді» – деген екен. Ашуға булыққан Ранасбат қылышпен Шырақты шауып өлтірге­німен, қай жақтан келіп, қай жаққа барарын білмей дағдарған қалың әскер шөл мен аштыққа ұрынып, шетінен өліп көмусіз қалыпты. Ал туған жерін өз қанымен қорғап қалған Шырақтың есімі мен рухы күні бүгінге дейін Қазақ даласында жаңғырып асқақтап келеді. Міне, бүгінгі ағылшынша гид (жолбасшы) деп жүрген кәсіптің біздің бабалар 517 жылдың өзінде соғыс өнеріне тамаша пайдаланып қойғанын бабалардан бізге жеткен аңыздардан байқаймыз.

Бүгінгі таңда жолсерік қызметін заман­ға сай жетілдіріп дамытсақ, ұтпасақ еш ұтылмаймыз. Себебі, туризмді дамы­тудың бірде-бір жолы – жол серіктердің дархан қазақ далаларын аралатып қана қоймай әр тасы суына дейін сөйлете алар білімі мен өз мамандығын жетік менгергені жоғары дең­гейде болуы керектігін қажет ететінін басты назарда ұстаған абзал.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әнгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.