Осыған орай еліміздің бірқатар өңірінде сахна саңлағының ғасыр тойын мерекелеу шарасы басталып та кетті. Оның алғашқысы – елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақ КСР-нің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналып ұйымдастырылған фильмдер ретроспективасы болса, екіншісі – «Астана» концерт залында тұсауы кесілген «Тақиялы періште» кино-концертінің көрерменмен қауышуы дер едік.
Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» кинотуындысындағы Тана апай рөлі көрермен жүрегіне айрықша жақын. «Ана туралы аңыз» фильмінде актриса сабырды сары алтынға балайтын салмақты, ойлы, мұңды кейіпкер мінезін мүсіндесе, «Тақиялы періштеде» еті тірі, пысық қария кейпіне жеңіл ауысып, бұған дейін жасаған бейнелеріне мүлдем ұқсамайтын бөлекше образ тудырады. Мұндай бір-біріне қарама-қайшы рөлді асқан шеберлікпен кемеліне келтіре ойнап шығу – нағыз хас дарындардың ғана маңдайына бұйырар бақ болса керек.
Атаулы мерейтой аясында «Астана» концерт залында Астана мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен өткен «Тақиялы періште» кино-концерті де сахна мен экранда қайталанбас бейнелер галереясын өмірге әкелген өнер еркесінің жарқын бейнесін көрермен жадында қайта жаңғыртқандай ғаламат әсер сыйлады.
Қалың көрерменге жол тартқаннан бергі жарты ғасырдан астам уақытта «Шәкеннің шедеврі» деген биіктен төмендемеген «Тақиялы періштенің» қанша буынды тәрбиелеп, тамаша сезімге бөлеп келе жатқанын айтулы кино-концерттен кейінгі көпшілік көрермен жанарына тұнған ыстық сағыныштан-ақ айқын сезіп, байқауға болатын еді.
Жоба авторы және бас режиссері Сәкен Әбдірахманов «Тақиялы періште» фильмін тұтастай театрландырып, ондағы орындалатын әндерді топтастырып, әсерлі концерттік кеш жасап шыққан. Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты «Шалқыма» халық би ансамблі, «Эстрада» би ансамблі, Халық әні бөлімі, Классикалық және эстрадалық вокал, сондай-ақ «Музыкалық-шығармашылық» бөлімдерінің өнерпаздары қатысқан айтулы кино-концертте Әмина Өмірзақова сомдаған Тана рөлін Айжан Салаева, Тайлақты Расул Нөгербек кейіптесе, Айша – Маржан Мырзабекова, Алтыншаш – Айгүл Бекмағанбетова, Бибігүл Төлегенова – Бибігүл Жанұзақ, Ермек Серкебаев – Алтынбек Әбілда, Нияз – Нұрай Танабаев, Жамал – Арайлым Рахымның орындауында көпшілік назарына ұсынылды.
Алматының гүлзар бағын, қызығы мол сағым күндерін, жалпы жастық шағын сағынған көрермен кеш кейіпкерлерімен бірге қосыла ән шырқап, тамаша көңіл күйде тарқасты.
Иә, жарқылдай күліп, жан жылуымен экранның арғы жағында отырған көрерменін шексіз мейірімге бөлеп, өзімен айнымас дос еткен аңыз актриса – Әмина Өмірзақованың өнердегі өнегелі өмір өрнегі қай кезде де шынайылығымен құнды. Бүгінге дейін талант иесінің есімі иісі қазақ үшін Ана деген аяулы ұғыммен егіз қабылданып, қатар айтылып жатса, ол да қасиетті өнер дарытқан сол құдіреттің арқасы болса керек. Әмина әлемі мәңгілік жасайды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»