Қазақстанның үш дүркін чемпионы
Әйелдерден және ерлерден құралған «Altay» волейбол клубы Өскеменде 2015 жылдың күзінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен құрылған-ды. Бір жағынан өңірдегі волейбол спортын жаңа белеске көтеру, жергілікті спортшылардың талант көзін ашу, екінші жағынан Алтай брендін әлемге насихаттау, паш ету мақсатында ашылған клуб бүгінде көздеген межеге батыл қадаммен келе жатқанын ешкім жоққа шығара қоймас. «Сол жылы (2015) «Altay»-дың ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да Қазақстан чемпионы болып, Шығыс Қазақстанның волейбол тарихында тұңғыш рет жеңімпаз атанды. Қазіргі уақытта «Altay» волейбол клубының қыздары еліміздің үш дүркін чемпионы. Екі рет Қазақстан кубогын, осынша мәрте Суперкубокты жеңіп алды. 2017 жылы аймақ басшысының ұйытқы болуымен Өскеменде алғаш рет клубтық Азия чемпионаты өтті. Онда қыздарымыз төртінші орыннан көрінді. Былтыр Қытайда жалауы желбіреген клубтық әлем чемпионатында «Алтайдың» арулары дүние жүзінің таңдаулы командаларының арасында 5-орын иеленді», дейді «Altay» волейбол клубының директоры Мархат Шыныбаев.
Сана және оның сіңлілері
8 наурыз мерекесі қарсаңында алтайлық волейбол шеберлерімен кездесіп, жаттығу барысын көріп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құруды жоспарлаған едік. Алайда, жоспарымыз орындалмады. «Altay» волейбол клубының қыздары Қызылжарға жарысқа кетіпті. Десек те, жарыс арасында ұялы телефон арқылы байланысқа шығып, аз-кем сұхбат алуға тырыстық.
«Altay» қыздар волейбол клубының капитаны, шабуылшы Сана Анарқұлованы бұрын теледидардан немесе Өскеменде ара-тұра өтетін жарыстардан көріп, әр соққысын құдды өзіміз соққандай тамсанып: «Міне, қазақ қызы! Бәрекелді! Қалай-қалай ойнайды өзі» деп тақымымызды қысып отырушы едік. Расында, ол кезде ұлттық құрамада үнемі көзімізге жалғыз Сана ғана түсіп, оттай басылатын. Қазір Сананы облыс орталығындағы жарыстар немесе жаттығу кездерінде күнде болмаса да айына бір-екі мәрте көріп қаламыз. Волейболдағы сіңлілерінің санының артып келе жатқанын да байқаймыз. «Өскемендік клуб атынан өнер көрсетіп жатқаныма үш жылдай уақыт болыпты. Шығысқа үйреніп, бауыр басып қалдым десем де болады. Көпшілік бізден: «Сіздер соңғы үш-төрт жылда қарсылас шақ келтірмей жүрсіздер. Мұның сыры неде?» деп таңғалып сұрап жатады. Мен айтар едім, мұның сыры – ең әуелі біздің команданың тұтастығында, береке-бірлігінде. Екіншіден, облыс әкімдігі, спорт басқармасы ойыншыларға барлық жағдайды жасап отыр. Үшіншіден, әлемдік деңгейдегі волейболшылармен бір командада ойнап жатырмыз. Мұның да әсері көп. Төртіншіден, бапкерлер құрамы мықты. Осының бәрі біздің нәтижелі ойын өрнегін көрсетуімізге ықпалын тигізіп жатқаны анық», дейді команда көшбасшысы.
Біреу білер, біреу білмес, «Altay» қыздар волейбол клубы «Altay», «Altay 2», «Altay 3» және «Altay 4» деген командалардан құралған. Соңғы екеуі алдыңғы екеуінің дублері, яғни ізбасарлары екені айтпаса да түсінікті шығар. Бір қуанарлығы, «Altay 2», «Altay 3», «Altay 4» командаларында Сананың сіңлілерінің қатарының көбейіп келе жатқандығы. Соның бірі – «Altay 2» командасының шабуылшысы, Семей қаласының тумасы Мөлдір Жақсыбаева. «Клуб қатарына қосылғаныма алты маусым болды. Осы уақыт аралығында көп нәрсені үйрендік. Шеберлігіміз шыңдалып келеді. Әсіресе шетелдік волейболшылардан талай дүниені үйрендік. Олар ойын кезінде психологиялық тұрғыдан жақсы көмек береді. Бірдеңені дұрыс істемей жатсаң айтып түсіндіреді. Жалпы, шетелдік спортшылармен тәжірибе алмасқаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық», дейді ол.
Жарма ауданы Қалбатау ауылының тумасы Самал Ибраева «Altay 3» командасында жапон бапкері Шуто Коичидің қарамағында жаттығады. Самал Өскемендегі спорттағы дарынды балаларға арналған интернатқа 8-сыныпта қабылданған екен. «Біздің бас бапкеріміздің жаттықтыру мәнері өзгеше. Таңғы 5 жарымнан бастап жаттықтырады. Соның нәтижесі де шығар, көптеген жетістіктерге жетіп жатырмыз. Таиландта өткен 17 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатына қатыстық. Жапонияға барып, шеберлігімізді шыңдадық», дейді бойжеткен.
Шеберлікті шыңдайтын – шетел ойыншылары
«Altay» қыздар волейбол клубында шетелдік спортшылардың өнер көрсететіні де белгілі. Клуб директоры Мархат Шыныбаев қазіргі уақытта «Altay» және «Altay 2» командаларында әлем чемпионы Сильвия Попович, Матея Икич, Әзербайжан ұлттық құрамасының мүшесі Наталья Маммадова мен Бояна Радулович секілді мықты волейболшылардың ойнап жатқанын айтады. Қызылжарда жарыста жүрген Боянамен ұялы телефон арқылы сөйлескенімізде клуб құрамына алынғанына екінші маусым болғанын, алғаш Өскеменге келген жылы тоңып, біріне-бірін қабаттап, екі күртешемен жүргенін, қазір қалаға да, серіктес ойыншыларға да бой үйретіп, тіпті командаластарының көпшілігімен дос болып кеткенін айтады. «Командамыз өте ұйымшыл, тату. Отбасым сияқты көремін. Өз Отаныма қысқа уақытқа демалысқа барған кезде олармен телефон арқылы жиі хабарласып тұрдық. Мен бұған дейін көптеген елде ойнадым. Бірақ ондағы команда мүшелерімен мұндай жылы қарым-қатынас болған емес. Алтайдың ақкөңіл қыздарын ерекше жақсы көріп кеттім. Осы жақтан кеткен күннің өзінде олармен араласып, сыйласып тұратыныма еш күмәнім жоқ. Волейбол – командалық ойын. Бірің бәрің, бәрің бірің үшін жан алысып, жан берісіп ойнамасаң нәтиже болмайды. Командадағы ең маңызды дүние – осы. «Altay» қыздарында осы дүние бар. Бірлік бар, түсіністік бар, ынтымақ бар. Біз – бір командамыз, біз – біртұтаспыз», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН