«Егемен» – ең алдымен елдігіміздің, бірлігіміздің, берекелі тірлігіміздің, ел ішінде болып жатқан жақсылық пен жаңашылдықтың жаршысы. Осы биігін әсте аласартып көрмеген бас басылым елдің көкейіндегі көптеген түйткілді мәселенің шешілуіне сеп болып, игі істерге дәнекер болудан тайған емес. Бұл орайда ел газеті шалғай ауылдың мұңын мұңдап, қарапайым жұрттың сөзін сөйлеп, байыпты әлеуметтік сынның биік мінбері бола білді. «Егеменнің», әсіресе, Алаш арыстарының қайраткерлігі мен асыл мұрасын елге таныта түсудегі еңбегі, Ахметке еткен еңбегі ұшан-теңіз.
Биыл 105 жылдығын атап өтіп жатқан бас басылымның тұрақты оқырманы ретінде газет ұжымына, жалпы оқырман қауымға құтты болсын айта отырып, «Егеменнің» елдік жолы жалғаса берсін деген ізгі тілегімді жолдамақпын.
Ибрахим АҒЫТАЙ,
ахметтанушы
Қостанай қаласы
Жолдар жолды түзеді
Менің жасым – 88-де. Қарт ұстазбын. «Egemen Qazaqstan» газетін жаздырып алып, оқып келе жатқаныма жарты ғасырға жуықтады. Заман өзгерісіне сай дамып келе жатқан газет ұжымына сәттілік тілеймін. Мен сияқты екі дәуірдің тынысын сезген оқырмандарыңыз көбейе берсін!
Елдің тыныс-тіршілігі, шаруашылығы, өнері мен мәдениеті, білімі мен денсаулығы, табиғатты қорғау мәселелері түрлі тақырыптармен тұздықталып, мейлінше қарапайым да түсінікті етіп жазылып жүр. Бас басылым өңірлердегі көлік жолдарының жағдайы туралы ауқымды мәселелер көтеріп келеді. Осы газеттен еліміздің солтүстігіндегі көлік жолдарының жайы туралы жазылған мақаланы сүйсініп оқыдым. Жол күретамыр деп бекер айтпаса керек Жолы дұрыс елдің шаруасы да тез оңалады.
Мен ұзақ жылдан бері Ақтөбе облысында 1997 жылы жабылған Ембі ауданын қайтадан ашу жөнінде мәселе көтеріп жүрмін. Мұғалжар ауданына Октябрь ауданын қосып, орталығын Қандыағаш қаласы деп жарияланған күннен бастап, Ембінің күйі кете бастады. Адамдар көшіп кетті, тәп-тәуір жұмыс істеп тұрған мекемелер жабылды. Ембінің қазіргі жағдайы маған қатты батады. Үкімет шағын қалаларды дамытуды шындап қолға алса, күйі кеткен Ембінің тамырына қан жүгірер ме еді деп үміттенемін.
Ыбырай ТЕМІРБАЕВ
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы,
Бершүгір ауылы