Газетіміздің 25 000-нөмірі шыққан күні жариялаған «Ұлттық рухтың ұстыны» деген шағын мақалада осылай деген екенбіз.
Бас басылымның 105 жылдығы аталатын күні, яғни 2024 жылғы 17 желтоқсанда «Егемен Қазақстанның» 30 973 нөмірі жарық көреді. Бұл – біз жоғарыда санамалап өткен шаруа, газеттің бір нөмірін оқырман қолына тигізу үшін жасалатын жаңағыдай қам-қарекет ...отыз мың тоғыз жүз жетпіс үш рет жасалды деген сөз. Не деген ерен еңбек! Не деген жанкешті жұмыс!
«Егеменнің» ел өмірінде алар орнына сөз де жетпейді, баға да жетпейді. «Ұшқын» атанған кезінде де, «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атанған кездерінде де ел сенімінен табылды. Аты өзгергенде де заты өзгерген жоқ. Бұл жылдарда газет Орынбордан да шықты, Қызылордадан да шықты, Алматыдан да шықты, Астанадан да шықты. Қайдан шыққанда да ойдан шықты. 105 жылдық осынау тарихында «Егемен» қашанда елмен бірге тыныстады, елмен бірге қуарды, елмен бірге қуанды, оның сарғайған беттерінде көрмегені жоқ халқымыздың шыншыл шежіресі сайрап жатыр, бас басылымның өзіне ежелден тән орнықты ойлау, сабырлы сөйлеу, тереңнен толғану сияқты қасиеттері жайнап жатыр.
Міне, бір ғасырдан астам уақыттан бері бұл газет біздің халқымыздың жан серігі болып келеді. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы жаңа өмір құру жанталасы, қырқыншы жылдардағы қырғын соғыстың жаңғырығы, елуінші, алпысыншы жылдардағы тың игеру, алып құрылыс ауқымы, одан кейінгі кезеңдегі халықтың тыныс-тіршілігі осы газеттің бетінен барынша кемел көрініп, басылым тігінділерінде Қазақ елінің талайлы тарихы түзілді. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы газет еңбегі тіпті ересен. Шерағаң – қазақтың Шерхан Мұртазасы басқарған жылдарда бұл басылым егемендік идеясын ең алдымен көтерді. Даламыздың данагөйі – Әбіш Кекілбаев басқарған кезеңде – Тәуелсіздік табалдырығындағы заман өзгеріп, қоғам өзгеріп, адам өзгеріп жатқан жауапты шақта жарияланған мақалалар оқырманды күрделі құбылыстардың мәнін терең пайымдауға үйретті. Нарық жетіп, талай нәрседен парық кетіп жатқан ана бір жылдарда да қайткенде оқылуды, қайткенде таралуды ғана күйттемеді, қазақтың қасиетті сөзінің қадірін қашырмады, алаш баласын арзан сөзбен алдарқатпады, қайта намысын қамшылап, жаңа заманның, жаңа қоғамның қатаң сынағына дайындады.
Күн сайын әріп түзеткен, түн сайын қаріп күзеткен журналистік жұмыс жаныңды жеп жіберетініне, айлар емес, жылдар бойы үйге кешкі сағат он бірден еш ерте жете алмайтыныңа, кейде редакция ғимаратынан түннің бір уағында, кейде тіпті атқан таңмен бірге шығып бара жататыныңа қарамай, осы жасап жатқан жұмысымыз ертең мың-мыңдаған адамдардың алдына тартылады-ау, олар осы арқылы еліміздің тыныс-тіршілігі туралы ой түйеді-ау, осы жазылғандарға қарап ойланады-ау, толғанады-ау дегенді сезінудің өзі жігеріңді жанып, қажырыңды қайрап салатын. Сол жылдардағы жұмысымыз жақсы жемісін де берді: 2000 жылы 38 мың данамен тараған газеттің таралымы 2016 жылы 212 мыңға жетті, яғни бес жарым есе өсті. Сапалық тұрғыдан да соны серпіліс жасап, ел газеті деген атты иеленді, елдіктің бір белгісіне айналды. Мұны дәйім мақтаныш етіп өтеміз. Ұжым қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайын жасау да ұдайы ойда тұрды. 2016 жылы «Егемен Қазақстан» қызметкерлерінің арасында басында баспанасы жоқ бірде бір адам қалмаған еді. Үй алып бере алмағандарға жатақхана салып берген болатынбыз. Редакцияның сегіз қабаттық зәулім ғимараты да сол жылдары тұрғызылды. Сол орынға бүгінде екі редакция сыйып отыр.
Осы басылымның басшысы болу тұрмақ, қосшысы болған жылдарымда да өзім өмірімдегі баянды бір бақытым қазақтың бас газетінде қызмет ететінім деп санайтынмын. Бұл басылымның тізгінін әр жылдары Смағұл Сәдуақасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды қазақтың небір жақсысы мен жайсаңы ұстаған. Сол қасиетті жолды жалғастыру бақытын бұйыртқан тағдырыма тәубе деймін. Бұл сөзім – жүрегімді жарып шыққан жан сырым. Басылымның ғасырлық тойы тұсындағы сұхбатымыздың тақырыбына шығарылған «Азамат еткен «Егемен», ардақтамайын неге мен?» деген сөзімді қайталай айтамын.
Қазір де қаламды қолдан тастамай, бас басылымның бір авторы болып жүргенімізді абырой көреміз. Алтын ұядай ардақты да аяулы ұжымдағы әр қызметкерге де, осы газеттің әр авторына да, қара шаңырақтың қасиетін қастерлеген әр оқырманға да жақсылық, қуаныш, сәттілік, табыс тілейміз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ 2000–2016 жылдардағы президенті,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты