Жеңіл өнеркәсіп саласы тұралаған тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерде, 2000-жылдардан кейінгі аралықтағы экономикалық дағдарыс кезінде тарап кетуге шақ қалған тігіншілер ұжымы бүгінде қайта түлеген. Елімізде қабылданған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы серіктестіктің еңсе тіктеп, екінші тынысын ашуға дем берді деуге болады. Ұзақ жылдан бері осы жерде жұмыс істейтін Айгүл Аюпова кетеуі кеткен фабриканың ұжымын сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсаған жан. Қол қусырып қарап отырса атақты фабриканың жабылып қалатынына көз жеткізген, нарықтық экономиканың талаптарын терең түсіне білген ол өзін кәсіпкерлік қызметте сынап көрмек болды. Сөйтіп, аталған бағдарлама аясында несиеге ие болып, жеке шаңырақ ретінде өз жұмыстарын қайта құрды. Осылайша, «Астана тігін өнеркәсібі» аталған жаңа серіктестіктің бар жауапкершілігі тігін өнеркәсібі саласында 1991 жылдан бері еңбек етіп, едәуір тәжірибе жинақтаған тігінші келіншектің мойнына түсті. Ауыртпалық та аз болған жоқ.
Ондаған жылдық тарихы бар тігін фабрикасының орнында құрылған «Астана тігін өнеркәсібі» 2012 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Түскен тапсырыстардың көлеміне байланысты тігіншілерінің саны өзгеріп отырады. «Астана тігін өнеркәсібі» аталатын ұжымды қалада орналасқан мемлекеттік мекемелер мен іскерлік құрылымдар қазір жақсы біледі. Серіктестік олардың тапсырыстарын уақытында талапқа сай орындап, сенім үдесінен шыққан.
– Прокуратура органдарының, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның, медицина саласындағы «Медикер» бірлестігінің, «Апрель» ЖШС, «Астық логистика» ЖШС, «Цесна» корпорациясы және басқа да көптеген ұжымдардан тапсырыс алдық. Астанада өткен ЭКСПО көрмесіне қатысты тапсырыстарды да орындадық. Негізінен мамандандырылған арнаулы қызмет орындарының үлгілік киімдерін, ерлер костюмін, китель, белдемше, пальто, плащ, күрте, комбинезон, көйлек тігеміз. Тікпейтін киіміміз жоқ деуге болады. Соған сай, тапсырыс та аз емес. Дегенмен түйіткіл жоқ деп айта алмаймын. Мәселен, Қазақстанда әлі күнге дейін отандық сапалы маталар тапшы. Сондықтан матаны Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан секілді елдерден қымбатқа сатып алуға тура келеді. Бұл жағдай біздің бәсекелестік қабілетімізге әсер етеді. Жалпы бұл еліміздің тігін өнеркәсібінің ортақ проблемасы, – дейді Айгүл.
Ұжымда тәжірибелі тігіншілер еңбек етеді. Олардың арасында ісмер Жұмагүл Әміршина, Айгүл Сұлтанова, Айгүл Сүлейменова, Гүлмайраш Жакина, Еңлік Райымбекова, есепші Антонина Рудновалардың алды еңбек жолдарын Мәншүк Мәметова атындағы тігін фабрикасында 17-18 жастарында бастаған, 30-40 жыл тәжірибе жинаған, бүкіл өмірін осында өткізіп келе жатқан жандар.
– Ұжымымыздағы қыз-келіншектердің көбі осында тұрақты жұмыс істейді. Біз жұмысты тігіншілеріміздің отбасылық жағдайын ескере отырып ұйымдастырамыз. Жұмысты таңғы тоғызда бастасақ, кешкі бестер шамасында үйлеріне қайтарамыз. Сенбі, жексенбі күндері демалады. Әрине, тапсырыстар төтенше көбейіп кетсе, кейде сенбі күні де жұмыс істеуге тура келеді, – дейді А.Аюпова. Есесіне тігінші қыз-келіншектердің табысы да көбейе түседі. Тапсырыс көбейгенде тігіншілер саны 70-80 адамға дейін көбейеді, олардың табысы да жаман емес.
Ісмер арулар жиналған мекеменің әлі күнге дейін шешімін таппаған бір мәселесін де айта кетелік. Серіктестік кәсіпорынға қажетті ғимарат мәселесін шеше алмай келеді. Қазіргі жұмыс орны тарлық етеді. Екіншіден, тәжірибелі тігіншілер аз. Демек, еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту үшін тігін өнеркәсібінің осы тектес проблемаларына да назар аударған жөн. Мәселен «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында тігіншілер даярласа артық болмас еді.
Осылайша, арулардың төл мерекесі қарсаңында Астананың ісмер қыз-келіншектері еңбек ететін кәсіпорынның жұмысын көріп, ісмер қыз-келіншектердің қолынан шыққан көздің жауын алатын өнімдеріне тәнті болдық. Он саусағынан өнер тамған бұл арулар өздерінің отбасын ғана емес, отанның өнеркәсібін де өрге сүйреуге үлес қосып жатқаны анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»