Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Хан апаның қазынасы

2151 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әр заман поэзиясының өзіне лайық үні бар, өзіне лайық күйі бар. Жуырда ғана Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарыққа шыққан Ханбибі Есенқарақызының он томдық шығармалар жинағы өлеңге жаны құмар оқырмандар үшін жан жадыратар жаңалық болды. Алғашқы томның  алғысөзінде жазылғандай, поэзия есігін ақын қыз болып имене аттап, ақын апа, Хан апа атанғанға дейінгі аралықтағы күндерін түндерге, айларын жылдарға ұластырған ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің жемісі.  

Хан апаның қазынасы

Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық лабароториясы, ақындық тұлғасы жөнінде Әбіш Кекілбаев ағамыздан бастап, қаншама ақын-жазушы, әдебиет­танушы ғалымдар жү­рек­­­жарды пікірлерін айтып, бас­па беттерінде жарыққа шы­ғар­ды. 

Ханбибі ақынның 10 томдық шы­ғармалар жина­ғы­ның ал­ғаш­қы томында 1972-1997 жылдар арасындағы шығар­ма­ла­рының ішіндегі таңдамалы туындылары жарияланған. 

Ханбибі апамыз өзінің өлең­де­рінде бүгінгі қоғамдағы кемшін тұстарды қалт жібермейді. Тіпті алда болатын игілікті істерді елден бұ­рын болжап, өлеңіне арқау етеді.

Тұранымды ұмыттым,

Ұранымды ұмыттым.

Құранымды ұмыттым,

Сонда нені ұғыппын –

деп күллі қазақ баласының түбі бір түркі жұртының рухани астанасы Тұран туы астында бірігіп, басқосуын армандайды. Бүгінгідей Түркістан қаласы облыс орталығына айналған уақытта ақынның осыдан жиырма бір жыл бұрын асқақ арманмен жазылған өлеңінің ақиқатқа айналып келе жатқанына іштей қайран қаласың.

Он томдық жинақтың үш­інші томы төрт бөлімнен тұ­ра­­ды. «Махаббатқа қызмет ете алмадым» деп аталатын алғашқы бөлімде соңғы жылда­ры жазылған, бұрын-соңды жа­рық­қа шықпаған жаңа өлең­де­рі жарияланған. 

Тозады екен бәрі де, жоқ

 екен ғой тозбасым,

Мен де тоздым, қайтейін,

 әппақ қардай боз басым. 

Жадыратқан жанымды, 

жапыраққа «қош» айтып,

Терезенің сыртынан сорғалап

тұр көз жасым!..

Бұл бөлімде ақын өзінің көр­ген-білгені мол, жиған-тергені ұшан-теңіз, толысқан тұлға ретінде танылады. «Ақ көңілінің, пәк көңілінің» көкжиегінен өзін қоршаған ортаға деген көз­қа­расын, өзгермелі өмірдің қалт­арыс-бұлтарыстарын қалт жібермей өлең өзегіне айнал­дыр­ған. Үшінші томдағы ерекше тоқталып өтетін  жаңа­лық – ақынның өзге тілден ауда­рыл­ған, өзге тілге аударылған аудармалары. Орыс, украин, өзбек, қырғыз және саха (якут) тілде­ріндегі өлеңдері ақын шы­ғар­­маларының көкжиегі кеңейе түс­кендігін көрсетеді. 

Ханбибі Есенқарақызы поэ­зиямен қатар повесть, әң­гі­ме, эссе жазумен де танымал. Нақты-насатты жазылған шығар­малары талғамсыздықты тық­паламайды. Айтар ойын та­банда жеткізеді де артынша қорытындылап береді. Төртін­ші томда халқымыздың кіл қай­мақтары: Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов сынды Халық Қаһар­ман­­дары, Ә.Нұршайықов, Ә.Кекіл­баев, С.Шаймерденов, Ф.Оңғар­сыновадай  қайталанбас қа­лам иелері,  Ресейдің Кемеров об­лысының губернаторы болған А.Төлеев, әйгілі  өзбек қаламгері Саид Ахмад, қара дауыл атанған Қ.Сарыбаев, халық ақыны Ә.Қалыбекова жайлы эсселері аталған тұлғалардың ішкі жан-дүниесін, адамдық қасиеттерін жарқырата көрсетеді. 

Он томдық шығармалар жина­ғының бесінші томын­да уақытқа жедел үн қосатын жанр – әр кезеңдердегі сұх­бат­тары жинақталған. Адам жүрегінің айнасы болып саналатын сұхбаттарында да Ханбибі Есенқарақызы өзінің ақындық-адамдық кредосынан бір сәтке де айнымайды. 

«Ханбибі Есенқарақызы – әлдеқашан қазақ әдебиетіндегі өз орнын ойып алып, жеке өз әлемін түзген ақын». Бұл белгілі сыншы Бақыт Сарба­ла­ұлының Хан апамыздың ақын­дық өнеріне, өлеңіне берген бағасы. Алтыншы томда поэ­зия әлемінен ойып орын алған ақынның өзі турасында, өлең­де­рі жайында талдап, таразылап жазылған алпыстан астам мақала жарияланған.

Қайраткер ақынның ерекше тоқ­та­лып өтетін, келешекте тия­нақты зерттеуді қажет ететін ең­бегі – Алаш ардақтыларына, тарих­тың тасасында қалып қойған қай­рат­кер тұлғалардың мұра­сын жарыққа шығаруға бағытталған еңбектері. Осы ретте ақынның Алаш ардақ­ты­­ларының бастамасымен (С.Қожанов, Ж.Аймауытов, И.Тоқ­ты­бай, т.б.) Ташкентте 1920-1926 жылдары жарық көрген «Ақ­жол» газетінің 25 томдығын әзір­л­егенін, (10 томдығы кітап бо­лып шықты), сондай-ақ 1922-1923 жылдары жарық көрген «Шолпан» журналының барлық санын (сегіз нөмірі) кітап етіп шығар­ғандығын еске сала кет­кен­ жөн.

Қаламгердің проза жанрын­да­ғы «Ауылды аңсағанда», «Ақ патшам еді анашым», «Жібек», «Талант тағдыры», «Көмбе», «Күнгей мен көлеңке» деп ата­латын әңгімелері мен повес­те­рі сегізінші томда жарық көрген. Дәл осы тұста Ханбибі Есен­қа­ра­қызының қара сөздің де хас шебері екендігіне қайран қаласыз. Қаламгер М.Байғұт ағамыздың сөзімен айтсақ,  Хан апамыз проза жанрында да «стиліне адал, ізденімпаздығына берік».

Он томдық шығармалар жина­ғы­ның тоғызыншы томында өт­кен күндердің айнасы болып саналатын күнделіктер мен хат­тар топтастырылған. Ақын күн­делігінде: «Мені жеңсе – дұш­пан­да­рым жең­бейді, жылдар жеңеді. Дұш­пан­дарым «біз жеңдік» деп ойлайды. Бірақ заман оларға жаңа дұшпандар әзірлейді. Ол – халық. Халықты ешкім жеңе алмайды. Мен сол халықтың бір мүшесімін» деп жазған екен. Біз ақынның он томдық шығармалар жинағына үңіле отырып, Хан қызындай Ханбибі Есенқарақызы жылдардың тасасында қалып қоятын көптің бірі емес, сондықтан да ол уақыттың тар шеңберіне берілмейтін, жылдарға жеңілмейтін қай­рат­кер ақын деп танимыз. 

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты