Өмірінде орын алған әрбір оқиғаны мезгілінен шатаспай айтып беріп отырды. Әлемнің тыныс-тіршілігін, еліміздің ахуалын, бүгінгі даму деңгейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп отырады екен. Әңгіме барысында әжей биыл жарық көргеніне ғасыр толып отырған «Egemen Qazaqstan» газетімен де түйдей құрдас екенін, бас басылымның бетіне шыққан барлық дүниелерді бағдарлап отыратынын айтып, басылымның ғасырдан-ғасырға жалғаса беруіне тілектестік білдірді.
Бибіжиһан әже татар қызы екен. Ұлты татар болса да, саналы өмірі қазақ жерінде өткен жанның қазақ тіліне деген құрметі ерекше екенін байқадық. 1937 жылы жергілікті халықты сауаттандыру мақсатында Ресейден Қазақстанға жіберілген азаматтардың ішінде Бибіжиһан әже де болады. Он сегіз жастағы қаршадай қыз тағдырдың қиындығына мойымай, алдына мақсат қояды. Сөйтіп қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында тұрақтайды. 1940 жылы сол жерде Бектен Олжабековпен шаңырақ көтереді. «Әкем Ғабдулла қарапайым колхозшы болып жұмыс істеді. Біз де қиындықты көп көрдік. Жалпы отызыншы, қырқыншы жылдары халықтың тұрмысы қиын еді ғой. Аш-жалаңаш халықтың кейпі әлі көз алдымда. Сөйтіп 1965 жылы Жамбыл өңіріне қоныс аудардық. Құдайға шүкір, жолдасымыз екеуміз 6 бала өсіріп, 60 жылға жуық бірге өмір сүрдік», дейді ғасыр жасаған әже.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой халқымыз. Бибіжиһан әже бүгінде ұлы Серіктің қолында тұрады. Ұлы Серік Олжабеков Тараз қаласындағы «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады. Бибіжиһан әже бүгінде 9 немере, 18 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған бақытты ана. «Заманымыз тыныш болса екен деймін. Жастар қиындық көрмесе екен, еңбекқор болып, ата-анасын сыйласа екен деп тілеймін», дейді Бибіжиһан Ғабдуллина.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы