Сауын сиырға арналған ірі кешенде 15 адам құрылыс жұмыстарына тартылған. Бұдан кейін кешен голландиялық технологиялармен жабдықталады. Құрылыс учаскесінің басшысы Максим Сладковтың айтуынша, құрылыстың жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Салынып жатқан екі кешенде 600 бас сауын сиырлар болады. Тағы да автоматтандырылған сүт сауу залы мен мал төлдетуге арналған үшінші орын бар екен. Қазір серіктестіктегі мал басының саны 2000-ға жуықтапты. Оның 800-ден астамы асыл тұқымды сиырлар. Олардан күн сайын 7 тонна сүт алынады. Қазіргі кезде 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған серіктестік жаңа ферма іске қосылса, жұмысшылар қатарын тағы 50 адаммен толықтыратынын айтып отыр.
Ал Жуалы аудандық ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев 1200 басқа арналған сүт тауарлы ферманы 2020 жылы толықтай аяқтау жоспарланып отырғандығын айтты. Сектор меңгерушісінің айтуынша, серіктестіктің өткен жылғы өндірген өнім көлемі 844 миллион теңгені құраған. «Негізгі басымдық сүт пен ет бағыты болғандықтан, малға қажетті жем-шөпті де өздері дайындайды. Бүгінгі күні 1000 гектар алқапқа арпа, бидай, 400 гектар жерге көп жылдық шөп егілген», дейді Сәбит Нұрлыбаев.
Хамит Есаман,
«Egemen Qazagstan»
Жамбыл облысы