Дендеген дерт
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:12
Міне, бүкіл дүние жүзі, соның ішінде капиталистік өндірістің алғашқы отаны болып табылатын Батыс елдері әлемді шарпып алған дағдарыс салдарынан тұйыққа тіреліп тұрған кезде, біздің Қазақстанымыз өзінің даму қарқынын жоғалтпай алға басып келеді. Қазір Қазақстанды өзінің алға қойған әлеуметтік бағдарламаларын толық орындап отырған бірден-бір ел деп айтуға болады.
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:12
Міне, бүкіл дүние жүзі, соның ішінде капиталистік өндірістің алғашқы отаны болып табылатын Батыс елдері әлемді шарпып алған дағдарыс салдарынан тұйыққа тіреліп тұрған кезде, біздің Қазақстанымыз өзінің даму қарқынын жоғалтпай алға басып келеді. Қазір Қазақстанды өзінің алға қойған әлеуметтік бағдарламаларын толық орындап отырған бірден-бір ел деп айтуға болады.
Мұның сыры неде? Әрине, ол ұзақ әңгіме. Оның шет жағасын біз жазып та жатырмыз. Бірқатар сарапшылар қазіргі күні Батыс елдерінің аяғына тұсау салып тұрған бұрыннан қалыптасып қалған қарыз проблемалары десе, екінші бір сарапшылар одан да тереңірек кетіп, Батыстағы қазіргі дағдарысты қаржы капитализмінің күйреуінің басына, жалпы, осы жүйенің «аққу әніне», яғни соңғы әніне балап отыр. Мұның да себеп-салдары жоқ емес секілді.
Бұрынырақ уақыттарда экономикалық дағдарыс жекелеген елдер айналасында өріс алып, әрі кеткенде белгілі бір өңірлерді қамтитын. Қазір бұл құбылыстың бір өңірді шарпып барып екінші бір өңірге ауысуы, сөйтіп бүкіл әлемді кезе бастауы байқалады. Осы тұрғыдан алғанда адамзат соңғы 10-15 жылдан бері дағдарыс қаупінен көз ашпай келеді десе де болады. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экономикасын тұралатып кеткен осы дерт 2008-2009 жылдары АҚШ-та жаңа тегеурінді екпінмен бас көтерген еді. Оның қызуы сәл салқындай түскен сәтте, енді міне, еуроаймақ елдерін өрттей шарпи бастады. Оның екпіні де аса қатты. «Еуроаймақ ортақ валютаға біріккен ел ретінде өмір сүріп қала ала ма, қала алмай ма?» деген сұрақ күн тәртібіне шығып отыр. Оның үстіне қазіргі күні осы өңір елдерінде болып жатқан жағдайдың басқа өңірлердің де тізесін дірілдете бастағандығы сезіледі. Мәселен, осы уақытқа дейін сыр бермей келген, даму қарқыны 10 пайыздық деңгейден төмендемеген Қытай экономикасының таяу болашағы туралы сарапшылар болжамы да жақсы болмай тұр. Осы елдің Мемлекеттік ақпараттық орталығы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Қытай ішкі жалпы өнімінің өсімі 8,5 пайызды құрайды деп мәлімдесе, әлем елдері экономикаларының дамуына ауық-ауық білікті баға беріп, болжам жасап отыратын Халықаралық валюта қоры үстіміздегі жылы бұл елдің даму деңгейі 8,2 пайыздан аспайды деген қорытынды түйді. Ал басқа да кейбір халықаралық сарапшылар Қытайдың биылғы жылы даму көрсеткіші 7-7,5 пайыздық дамумен тұйықталады деген де күдік айтты. Осы уақытқа дейін сыр бермей келе жатқан алып экономика туралы болжам осылай болғанда, дағдарыс өртіне жиі шарпылып тұрған батыстық алдыңғы қатарлы экономикалар туралы қауіп-қатер бұдан да күштірек.
Жуықта ғана болып өткен Давостағы басқосу әлемдік деңгейде сөз сөйлейтін саяси қайраткерлер мен экономист ғалымдардың, сарапшылардың көңіліне қатты алаң кіріп отырғандығын тағы бір дәлелдеп берді. Олар «дағдарыстың ұлы көші», яғни бұл дерттің бір кезеңнен екінші кезеңге кедергісіз өтіп, бүкіл әлемді шарлай бастауы туралы айтуға кірісті. Осы форумның атқарушы директоры Клаус Швабтың өзі болашаққа қара бұлт төндіре сөйледі. «2012 жыл – біз үшін аса маңызды. Біз дәл осы жылы еуроаймақта дағдарыстың бұдан әрі өршуіне жол бермеуге тиістіміз. Осы ретте мен біздің болашағымыздың күрескерлері жас ұрпақтың дауысын естігім келер еді. Ал олардың өзін қазіргі күні қалың, күрделі проблемалар шырмай бастады. Оның ең қауіптісі – жұмыссыздық. Бізге кем дегенде 6 миллион жұмыс орнын құру қажет. Бұл – әрі әлеуметтік, әрі саяси мәселе», деді.
Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Кристин Лагардтың айтуынша, еуроаймақтағы жағдай жақсарар емес. Осы өңірдегі көптеген дамыған елдердің жиынтық қарызы шамадан тым асып кетті. Осыған орай Халықаралық валюта қоры қарыз дағдарысының екпінін басып, Еуроодақтағы жағдайды ретке келтіру үшін әлемнің үлкен елдерінен 500 миллиард долларды қосымша бөлуді сұраған. Алайда, АҚШ, Қытай, Жапония сияқты әлеуетті елдер өздерінің мұндай қадамға әлі дайын емес екендігін сездірді. Осыған орай Кристин Лагард Давос форумындағы өз сөзінде егер әлемдік қауымдастық рецессияның алдын алу үшін тиімді әрекет етпейтін болса, онда бүкіләлемдік экономика дағдарыс тұңғиығына бататындығын, ал оның әсері АҚШ-тағы 30-жылдардағы «ұлы күйзелістен» кем болмайтындығын» мәлімдеді. «Бізге дәл қазіргі сәттің айқындаушы сәт екендігін ұғудың маңызы өте зор. Бұл жерде әңгіме жекелеген елді немесе өңірді аман сақтап қалу туралы болып отырған жоқ. Бүкіл әлемді экономикалық тұңғиықтан аман сақтап қалу туралы болып отыр. АҚШ-та 30-жылдардың басындағы әрекетсіздік пен оралымсыздық және қатаң идеологиялық ұстаным ақыр аяғында осы елге ұлы күйзелістің дендей енуіне жол ашқан болатын. Бұл жолғы жағдай да дәл сондай», деді.
Халықаралық валюта қоры Еуропадағы басталу үстіндегі рецессияның дүние дидарына тигізетін ықпалын өзінің бұрынғы болжамынан қарағанда неғұрлым салмақтырақ бағалап, әлемдік экономиканың үстіміздегі жылғы дамуы жөніндегі болжамды көрсеткіштерін төмендете түсті. Оның бұрынғы, яғни өткен жылдың қыркүйек айындағы болжамы бойынша, әлемдік экономиканың 2012 жылғы даму деңгейі 4 пайызды құрайды деп есептелсе, енді ол 3,3 пайызға төмендетіліп отыр. Сол сияқты бұрын Еуроодақтың даму деңгейі 1,1 пайыз болады деп есептелсе, енді ол, керісінше, өткен жылғы көрсеткішіне қарағанда 0,5 пайызға құлдырайды деп болжануда. Еуропада жағдайы төмендей түсетін елдер қатарында Грекия, Италия, Испания және тағы басқа да бірқатар елдер бар.
Енді осы елдердің жағдайына жекелей тоқтала кетейік.
Еуроодақ дағдарысының Грекиядан басталып кеткендігі белгілі. Жалпы, Грекияны батыстық демократия мен өркениеттің отаны деп айтуға әбден болады. Грекияның осыдан мыңдаған жыл бұрынғы гүлденген дәуірі әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Алғашқы грек философтарының адамзатқа қалдырған асыл сөздері, ой-мұралары ғалымдардың зерттеу нысандарынан ешбір түскен емес. Міне, осындай елдің заман өте келе екінші бір қырынан бой көрсетіп, батыстық дағдарыстың басты ошағына айналуы ойлантпай тұрмайды. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Грекия әлемдегі алғашқы банкрот ел атануы да ғажап емес. Қазіргі оқиғалардың өрбу барысы қайда апарып соғатыны әлі де болса белгісіз жағдайда қалып келеді.
Грекияның дағдарысқа ұрынуына басты себеп болып отырған жағдайлардың бірі, халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, ол елдің шет мемлекеттер мен халықаралық қорлар алдындағы қарызының шектен тыс артуы болып отыр. Өткен 2009 жылдың өзінде ғана бұл ел жағдайының ауырлығына байланысты 80 миллиард еуроға жуық қарыз алған. Бұл қарыздың өзі оның ішкі жалпы өнімінің 30 пайызын құрайды. Жуықта елдің жалпы қарызы 360 миллиард еуроға жеткендігі мәлім болды. Екінші жақтан бюджет тапшылығының мәселесі де ел еңсесін түсіріп барады. Ол еуроаймақ бойынша рекордтық көрсеткішке жетіп, елдің ішкі жалпы өнімінің 13 пайызын құрап отыр.
Еуроаймақ елдерінің басшылары қарыз берер алдында Грекияға бірқатар ауыр шарттар қойды. Енді бұл ел жалақы мен зейнетақыны, жәрдемақыны барынша қысқартып, аздан да, көптен де үнемдеуге кірісті. Бірақ бұған халық наразылық танытып, жиі-жиі ереуілдерге шығуда. Ереуілге шыққанымен, одан ешқандай пайда жоқтығы, жағдай бұлай созыла берсе, кезіндегі гүлденген мемлекеттің бір-ақ сәттің ішінде құрдымның құрығына түсетіндігі мәлім. Осыны ұққан ереуіл ұйымдастырушы Грекияның кәсіптік одағы үкіметпен келісімге келіп, Германия, Франция мен Халықаралық валюта қоры басшыларының қойған шарттарын орындауға мәжбүр болды.
Еуроодаққа мүше елдердің арасында жағдайы ауыр болып отырған тағы бір ел – Испания. Бұл елдегі қазіргі жұмыссыздар саны 5 миллион адамнан асқан. Мұның өзі әрбір 4 адамның бірі жұмыссыз екендігін көрсетеді. Мұндағы неғұрлым зардап шеккен салалардың бірі – қызмет көрсету саласы. Елдегі туризм жақсы жетілген өңірлердің бірі – Андалусияда жұмыссыздық деңгейі 30 пайызға дейін көтерілген. Каталониядағы жағдай да осыған ұқсас. Бұл өңірлер бұрын Испаниядағы неғұрлым халық тұрмысы жақсы өңірлер қатарында аталатын. Тіпті, осы жағдайға байланысты Испаниядан бөлек кетіп, автономия құрмақ ойлары да болған. Ал қазіргі жағдай тек туризм саласына ғана сүйеніп, өмір сүру мүмкін еместігін, бұл саланың дағдарыс шырмауына түсуге неғұрлым бейім екендігін көрсетіп берді.
Сарапшылар Испаниядағы экономиканы инвестициялау деңгейінің де құлдырағандығын айтып отыр. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, бұл көрсеткіш биылғы жылы 10,3 пайызға дейін төмендей түспек. 2013 жылы да осы жағдай жалғасуы мүмкін.
Сарапшылардың атап көрсеткеніндей, бұл елдің де түбіне жетіп отырған мәселе жақсы өмірдің қызығын мейлінше қызықтау, бар мен жоқтың арасын екшемей, қарызбен күн кешу болып отыр. Мұнда мемлекеттік қарыздың көлемі ішкі жалпы өнімнің 67 пайызына дейін жеткен. Бюджет тапшылығы 8 пайыздан асып түскен. Ел үкіметінің басшылығы енді оны 2012 жылы 4,3 пайызға дейін шектеп, 2013 жылы жалпыеуропалық стандарт 3 пайыздық шамаға жеткізу жөнінде уәде беріп отыр.
Әрине, Испания – күш-мүмкіндігі мол үлкен ел. Еуропадағы байырғы тарихы бар, даму деңгейі жоғары мемлекеттердің бірі. Сондықтан бірқатар сарапшылар оның дағдарыс құрығынан сытылып шығатындығына көп күмән келтірмейді. Бәрін де Еуроодақтың жалпы жағдайымен байланыстырады.
Батыс әлемінде дағдарыс тұңғиығына малтыққан елдердің алдыңғы қатарында Португалия тұр. Португалия халқының саны жөнінен шағын ел болғанымен, капиталистік қарым-қатынастар алғаш басталған тұста Еуропадағы теңіз державасы атанған тарихы мығым ел. ХV ғасырдан бастау алған осы тарих оның бүгінгі күніне де әсер етіп келе жатыр десек, артық айтқандық емес. Бар болғаны 10 миллион адамды құрайтын португал тілінде қазіргі күні әлемдік үш құрлықтың – Еуразияның, Африканың, Оңтүстік Американың 200 миллионнан астам адамы сөйлейтіндігі соның бір жақсы дәлелі.
Мамандардың айтуына қарағанда, Португалиядағы дағдарыстың алғашқы шеті 2009 жылы осы елдегі троцкийшіл-маошыл блоктың парламент сайлауында 10 пайыздық дауысқа ие болуынан басталған. Бұл елдің басты заң шығарушы органындағы саяси кикілжіңді күшейтіп, елге келіп жатқан инвестиция көлемінің азаюына ықпал етті. Инвесторлар 2009 жылғы ел бюджетіндегі шығындардың артуына өз наразылықтарын білдірді. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 9,3 пайызын құрады.
Жағдайдың нашарлағандығы елдегі бағалы қағаздар сату жөніндегі өткізілетін аукциондардан көрініс берді. Мемлекеттік облигациялар мен елдегі ірі компаниялардың бағалы қағаздарының құны құлдырай бастады. Елдегі экономикалық жағдайға жауап беретін министр Хорхе Лакаоның айтуынша, парламентте басталып кеткен саяси дау-дамай ақыр аяғында үкіметтің елді басқару қабілетінің төмендеуіне алып келді. «Қазір күн тәртібіне Португалияның мемлекет ретіндегі өмір сүруіне сенім білдіру мәселесін қою ғана қалып отыр», деді ол парламенттегі сөзінде.
Португалияның мемлекеттік қарызы жөнінде тәуекелді білдіретін несиелік-дефолттық көрсеткіші 2 ақпан күні 28 базистік пунктке көтеріліп, рекордтық жағдай 222 деңгейлік көрсеткішке дейін жетті. Осыған орай, ел премьер-министрі Жозе Сократес өзінің отставкаға кету ниеті бар екенін білдіріп те қалды. Мұның негізгі себебі ретінде ол өзінің парламентте елді басқаруға, қатаң жағдайдағы экономикалық шараларды енгізуге жеткілікті дәрежеде құқыққа ие бола алмағандығымен түсіндірген.
Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Португалия Еуроодақ көмегіне сүйенбей, осындағы Халықаралық валюта қоры, Еуропалық орталық банк секілді ірі қаржы ұйымдарының несиесін алмай, өз бетімен тығырықтан шыға алмайды. Сондықтан да мамандар халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінетін келесі ел Португалия болады деп есептейді.
Еуропалық дағдарыстың ауыр соққысы Ирландияның жағдайын да күйзелтіп кеткен болатын. Ирландия дағдарысқа дейін Еуропадағы ең жақсы қарқынмен дамып келе жатқан ел еді. Мұнда Америкадан, Еуропаның бірқатар алдыңғы қатарлы елдерінен, кейіннен Қытайдан инвестицияның ағынды түрде құйылуына байланысты жұмыс орындары бірінен кейін бірі ашылып, халықтың әл-ауқаты тез көтерілді. Бұған шамасы, Ирландияның оңаша аралда орналасуы, экологиялық жағдайының әлем бойынша алғанда алдыңғы қатарда болуы көп әсер еткен. Сөйтіп, халықаралық инвестицияның нәтижесінде тез көтерілген Ирландияның өз басы да халықаралық жағдайға барынша тәуелді бола түскен. Өйткені, экономикасының басым бөлігі шетелдік рыноктарға негізделген. Міне, осы жағдай, «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, шағын елдің жағдайына бірден әсер етті. Халықаралық рынокта, соның ішінде Ирландияның іргесінде тұрған Еуропа рыногында жағдай нашарлап еді, Ирландия экономикасы да бірден сылқ ете түсті. Жалпы, қаржы капитализмінің қазіргі ауруы әбден меңдеп алған батыстық экономиканың ойнамалы сипатын, ең алдымен, осы Ирландия экономикасынан байқауға болатындай. Сондықтан да бірқатар сарапшылар бұл елдің қазіргі жағдайын жалпы капитализмнің ортақ дағдарысына, соңғы жылдары тіптен жиілеп кеткен дауасыз дертіне балап отыр.
Жалпы, батыстық мемлекеттердің қай-қайсысын алып қарасақ та, тек Германия, Финляндия, Франция секілді қуатты экономикаларды қоспағанда, басқаларының жағдайы мәз емес секілді. Мұны Еуропада осы уақытқа дейін мығым экономикалардың қатарында аталып келген елдердің бірі Италия жағдайына қарап-ақ аңғаруға болатындай.
Бұл елдің басқалардан бір ерекшелігі – оның алыптығы. Экономикалық қуаты жөнінен Италия Еуропада Германия мен Франциядан кейінгі үшінші орын алады. Сондықтан оның экономикасын, егер алда-жалда дефолт жағдайы орнығатын болса, құтқарып қалу тіптен қиындыққа түспек. Осы жағдайды ескере отырып, Италия дағдарыспен күрес шараларын күшейтіп жатқанымен, әзірге олардың тиімділігі байқалмай отыр.
Мәселен, бұл ел 2020 жылы Римде өтуге тиіс Олимпиададан бас тартты. Бұл жайында Италияның премьер-министрі Марио Монти мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндағы негізгі себеп елдегі қаржы жағдайының нашарлауына байланысты болып отыр. «Өткір қаржы дағдарысының қарсаңында үкімет салық төлеушілердің ақшасын мұндай жобаларға шаша алмайды», деп мәлімдеді ол. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Римде өтуге тиіс Олимпиаданы ұйымдастыру үшін 12,5 миллиард долларға жуық мемлекеттік инвестиция қажет болады екен. Өзінің басқа жыртықтарын бүтіндей алмай отырған Италия үшін мұндай қаржы табу тым қиынға түспек. Осы ретте 2020 жылғы Олимпиаданы өткізуге Италиямен қатар Әзербайжан, Түркия, Испания, Жапония, Катар елдерінің де үміткер ретінде тіркелгендігі белгілі. Олимпиада өткізу құқы енді осы елдердің қайсысына бұйырмақ? Оны Халықаралық олимпиялық комитет 2013 жылы нақты айқындайтын болады. Ал Италия туралы айтарымыз, бұл елдің дағдарысқа қарсы ұйымдастырып жатқан шараларының тиімсіз болатын себебі, мемлекеттің мойнына алып отырған әлеуметтік шығындарының тым көлемді екендігі. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, мұндағы парламент депутаттары мен премьер-министрдің алып отырған жалақылары басқа Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда артық көрінеді.
Сонымен, қазіргі күні Еуропа елдерін, әсіресе, еуроаймақты дағдарыс бұлты кернеп тұр. Соның ішінде жұмыссыздық проблемасы алдыңғы қатарда тұр. Ал жұмыссыз адам – қауіпті адам. Ол кез келген елдегі әлеуметтік сілкіністің белсенді қатысушысына айналады.
Мәселен, Еуропада соңғы кездері адамдардың көшеге шығуы белең алып отырғандығы белгілі. Осындай дерттен сақтану үшін бірінші кезекте бұрынғы жұмыс орындарын сақтай отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу Еуропа үшін аса маңызды, күн тәртібінде тұрған бірінші міндет болып отыр. Бірақ, дәл қазіргі күні оның айқын тәсілдері мен амалдары табыла қойған жоқ. Еуропаның жекелеген елдерін барған сайын қаржы қарызы басып барады.
Бүкіл әлем бойынша жағдайдың күрделене түсуі Қазақстан үшін де кері ықпал ететіндігі айқын. Өйткені, біздің еліміз қазірдің өзінде бүкіләлемдік қоғамдастықтың қай жағынан алып қарасақ та белсенді мүшесіне айналған. Біз халықаралық рыноктарға көмірсутегі шикізатын, металл мен астық саудалау үстіндеміз. Әлемде дағдарыс белең алған жағдайда елдердің сатып алу қабілеті төмендеп, осыдан барып біздің стратегиялық тауарларымыздың бағасы да арзандай түсетіндігі белгілі. Демек, біздің еліміз үшін де дәл қазіргі уақытта жағдай біршама жақсы, экономикамыздың дамуы тұрақты болып отырғанымен, күллі әлемді шарпи бастаған дағдарысқа тыңғылықты әзірлік керек. Мұны өзінің жуықтағы Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мықтап ескертті.
«Өткен 2011 жылы ел экономикасы 7,5 пайызға өсті. Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты. Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», «Қарашығанақ», «Қашаған» кен орындары мен ЕNRC, «Қазақмыс» компанияларының басым активтері мемлекет иелігінде болады. Кезінде мен мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазір жекешелендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылуда. Барлық акциялар пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз. Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды. Дегенмен, біз күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда өмір сүрудеміз. Болжанған жаһандық дағдарыс қаупі шындыққа айналып келе жатқанын көріп отырсыздар. Сарапшылардың пікірінше, жаңа әлемдік дағдарыс бес-алты жылға созылуы мүмкін. Біздің міндетіміз – экономиканы осы сынаққа дайындау, оны әртараптандыруды жалғастыру болып табылады», деді.
Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауының бір ерекшелігі осы әлемді шарпып келе жатқан дағдарыспен күрестің басты бағыттары мен амалдарын көрсетіп бергендігі болды. Жолдауда он міндетті алға тартқан Елбасы соның ең бірінші міндеті ретінде Үкіметке жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын биылғы жылдан бастап ел көлемінде жаппай жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Яғни, Жолдау қазіргі әлемді кернеп отырған күрделі проблеманы ел ішінде еңсеру мақсатын көздеп, бүкіләлемдік жағдайға орайлас жасалған. Біздің ойымызша, бұл Елбасының биылғы Жолдауының басты сипаты болып табылады.
Қазақстан экономикасының осы уақытқа дейінгі даму қарқыны, осы қарқындылықтан туындаған әлеуметтік жағдайдың жылдан-жылға жақсара түсуі адамдардың біраз бөлігін жолдауларды оқыған кезде олардан өздерінің жеке басына жақсылық күтуге дағдыландырған еді. Қалыптасып қалған бұл құбылысты «Жолдаудан жылма-жылғы дәмету» деп атасақ та артық емес. Бұл жолғы Жолдауда «ана әлеуметтік топтың жалақысын ұлғайтайық, мына әлеуметтік топтың жәрдемақысын көбейтейік» дегендей, атаулы тапсырмалар болған жоқ. Оның есесіне бұл Жолдауда бүкіл қазақстандықтарға ортақ мәселелер қамтылған. Экономиканы нығайтудың, оның әлеуетін арттырудың басты жолдары көрсетілген. Ал мұның қайыры бұрынғы жолдаулардан ешбір кем болмайтындығы ақиқат.
Елбасы осыған орай Үкіметке дағдарыстың Қазақстанға тигізер әсерін елеп-екшей отырып, бірнеше нұсқалар бойынша жұмыс істеудің алдын ала сценарийлерін әзірлеуді тапсырды. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Дағдарыстың Қазақстанға қандай әсер ететіндігі бізге әзірге белгісіз. Мына аумалы-төкпелі заманда, бүкіл дүние дүрбелеңге түсіп тұрған шақта алдағы уақыттан бәрін де күтуге болады. Соның тек жамандығы аз, жақсылығы мол болса екен. Әрине, ол үшін ең алдымен береке-бірлік, тәртіп пен өз мемлекетіңе деген сенім, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан», деп Абай атамыз айтқандай, жұртшылық болып қолға алып жатқан іске жақсы ниет қажет демекпіз.
Еуропалық дағдарыстың арты қайда апарып соғатыны әзірге белгісіз. Еуроодақ басшыларының қазіргі күні жасап жатқан айла-амалдары жүзеге асып, дағдарыстан сытылып кетсе жақсы-ақ. Оның жағымды әсері барлық елдерге сезілуі тиіс. Ал егер Еуропалық одақ дағдарыс құрығынан шыға алмай, соның салдарымен осыдан ондаған жыл бұрын ғана құрылған еуроаймақ ыдырайтын болса, бұл бүкіл адамзатқа қатерлі. Онда бұл капитализмнің жалпы күйреуіне ұласуы да мүмкін. Қоғамды мұндай жағдайға әлеуметтік шиеленістер мен сілкіністер әкеліп тірейтін болады.
Міне, осындай жағдайда бұрынғы Кеңес одағынан қалған социализмнің басты қағидаттарын біздің елімізде сақтап қалуға қол жеткізген Елбасының көрегендігіне амалсыз сүйсінесіз. Бізде қазір жалпыға ортақ білім тегін. Жоғары оқу орындарының жұмыстары мемлекеттік грант арқылы ұйымдастырылып, білім қуған жастар үшін ол да тегін болып отыр. Оны айтасыз, қазір Қазақстан жастары «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет мемлекеттердің ең алдыңғы қатарлы оқу орындарында мемлекет күшімен оқып жатыр. Халықтың денсаулық жағдайы да барған сайын жақсарып, көптеген емханалар үсті-үстіне тұрғызылуда. Спорт алаңдары мен ғимараттары ашылуда. Көптеген ем түрлері халық үшін тегін көрсетіледі. Міне, осының барлығына біз экономикамыздың қол жеткізген жетістіктері арқылы келіп отырмыз. Экономикалық қуаттылық нәтижесінде дағдарыстан қысылмай шығатынымызға сенім мол.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.