05 Наурыз, 2010

БЕСЖЫЛДЫҚ КӨКЖИЕГІ

1044 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев өткен жылдың мамыр айындағы “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы­ның кезектен тыс ХІІ съезінде сөйлеген сөзінде “2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз “Қазақстан-2030” Стратегиясының аясында еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бесжылдығын бастай­мыз. Біз бұл жерде әлемнің барлық мемлекеттерінде өткен ғасырдың басында болған индустрияландыруды емес, иннова­циялық индустрияландыру туралы айтып отырмыз. Біздің индустриялан­дыруымыз әлемдік экономиканың қазіргі даму шарттарына сәйкес келуі тиіс”, деп биыл басталып отырған үлкен істің ерекшеліктері туралы айтқан еді. Мұнан кейін Елбасының биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауы тұтастай осы мәселеге негізделгендігі бел­гі­лі. Сөйтіп индустрияландыру біздің хал­қы­мыз­дың алдағы онжылдықтағы басты ұра­нына айналды. Алғашқы бесжылдық жос­пары тұтастай осы мәселеге бағытталды. Үкі­мет еліміздің үдемелі индустриялық-ин­но­ва­циялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жасап, осы уақыт аралығында қол жеткізілетін жетістіктердің болжамды мөлшерін нақты белгіледі. Біздің жоғарыдағы тақырыпта алдағы бесжылдық көкжиегі айқын деп отырғанымыз да осыдан. Сонымен біздің алдымызда енді аса маңызды екі үлкен стратегия бар. Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясы және оның екінші кезеңі болып табылатын еліміздің 2020 жылға дейінгі үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы. Қазақстанның экономика саласындағы барлық мемлекеттік құжаттары енді осы екі үлкен стратегияны жүзеге асыруға бағытталып отыр. Сондықтан екінші кезең стратегиясын жасар алдында біздегі барлық бағдарламалар мен құжаттарға қайта тексеру жүргізіліп, олардың барлығы сарапқа салынды. 52 құжаттың күші жойылды. Қазіргі қолданыстағы және әзірлену үстіндегі мемлекеттік құжаттар арасында бірінші орынға еліміздің 2014 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шығарылды. Біз төменде осы құжат туралы әңгіме қозғамақпыз. Елбасы өзінің биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында: “Таяудағы онжыл­дық­тағы еліміздің тұрақты және теңгермелі дамуы ұлттық экономикамыздың жеделдетіп әртараптандырылуы және бәсекелестік қабілетінің арттырылуы есебінен қамтама­сыз етіледі. Еңбек өнімділігінің кешенді түрде өсуі ең маңызды мақсат болып табылады. Ал еңбек өнімділігінің бұлайша өсімін инновациялар ғана бере алады. Ме­нің тапсырмам бойынша Үкімет индус­триялық-инновациялық дамудың мемлекет­тік бағдарламасы мен еліміздің индус­трияландыру картасын әзірледі. Бұл екі құжат – біздің таяудағы 5 жылда қандай әрекеттер жасайтындығымыздың нақты жоспары болып табылады”, деп атап көрсеткен болатын. Демек, қазіргі күні еліміздің алдындағы, Үкімет пен барлық жергілікті мемлекеттік атқару органдарының және бизнес қауымдастықтың алдындағы міндет айқын. Ол – бесжылдық бағдарлама мен жоспарды жүзеге асыру. Ал бағдарлама бойынша төмендегідей нәтижелі көрсет­кіштерге жетуіміз керек. 2014 жылы 2008 жылмен салыстырғанда ішкі жалпы өнім көрсеткіші 50 пайызға ұлғаятын болады. Еңбек өнімділігі өңдеу секторында 50 пайызға, ал экономиканың жекелеген салаларында 100 пайызға дейін артады. Жалпы экспорттағы шикізаттық емес экспорттың үлесі 40 пайызға дейін жеткізіледі. Ішкі жалпы өнімді өндірудегі қуат көздеріне деген мәжбүрлілік 2008 жылмен салыстырғанда 10 пайызға төмендейді. Барлық кәсіпорындар арасындағы инновациялық бағыттағы субъектілердің үлесі 10 пайызға артады. Мұндай көрсеткіштерді жүзеге асыру оңай емес. Мәселен, осылардың ішінде біреуін ғана, атап айтқанда, еңбек өнім­ділігін 50 пайызға дейін арттыру мәселесін ғана алып, аздап талдап көрейік. Егер бүкіл адамзаттың осы уақытқа дейінгі даму тарихын алатын болсақ, оның қазіргі өркениетті қоғамды қалыптасты­руына бірінші кезекте еңбек өнімділігі артуының орасан зор ықпал еткендігін байқауға болады. Себебі, ерте замандардағы шаруа адамы ат пен өгізге жегілетін қол соқамен жер жыртқан кезде күніне ең әрі кеткенде 1-2 гектар ғана жер жыртатын. Мұнан кейін алғашқы тракторлардың пайда болуына байланысты ол енді күніне кем дегенде 30-40 гектар жер жырту мүмкін-дігіне ие болды. Осылайша алғашқы техникалық прогрестің өзі шаруаның еңбек өнімділігін бірнеше есе арттырды. Мұнан кейін өндіріске қазіргі заманғы аса қуатты техникалар мен технологиялық кешендер енгізіле бастады. Енді бір трактордың өзі бұрынғы 30-40 гектарға қарағанда әлдеқайда көп жер жыртатын болып жүр. Демек, еңбек өнімділігінің артуы деге­німіз қоғамның дамуын көрсететін басты көрсеткіштердің бірі. Осының нәтижесінде бұрын жүздеген адам атқаратын шаруаны енді бір-екі адам ғана атқара беретін болды. Карл Маркстің айтуы бойынша бұл өмірдегі ең бағалы нәрсе уақыт екен. “Барлық үнемдеулердің ақыры ең аяғында уақытты үнемдеуге келіп ұласады”, – дейді Карл Маркс. Еңбек өнімділігінің артуы міне, осы уақытты үнемдеуге де ықпал еткендігін көреміз. Мәселен, біздің Қазақстанда өткен онжылдықтың өзінде ғана 100 жылға татитын ұлан-ғайыр дү­ниелер жүзеге асырылды. Басқа мәселелерді былай қойғанда 5-6 жылдың өзінде жаңа астана салып тастадық. Ал орта ғасырларда дәл осындай астана тұрғызу үшін қанша жыл қажет болатындығын ойша есептей беріңіз. Бәлкім жүздеген жылдар қажет болар. Уақыттан үнемдеу дегеніміз міне, осы. Ал бұл үнемдеу еңбек өнімділігінің артуы арқылы жүзеге асқандығын көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі. Техникалық прогресс дамыған сайын еңбек өнімділігі де арта береді. Себебі, өндіріске ерекше қуатты жаңа техноло­гиялар енгізіледі. Ол технологияларды басқаратын адамдардың білімі де соған сәйкес болады. Бұл жағдай әлемдік бәсекеде мемлекеттерге артықшылық беретін басты шарттардың бірі. Мәселен, АҚШ-та ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бізден 30 еседей артық екен. Ал Батыста бір шаруа 60 мың доллардың өнімін өндірсе, бізде бір шаруа 3 мың доллардың өнімін өндіреді. Неге? Себебі оларда технологиялық қарулану өте күшті. Сондықтан біздің Елбасымыз соңғы жылдарда еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше мән беруде. Осы бесжылдықтағы басты талаптардың бірі ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру болып отыр. Оны 4 есе көбейту керек. Сонымен еңбек өнімділігін арттыру дегеніміз – ол заманға лайықты жаңа технологияларды елімізге жеткізіп игеру, адамдардың бәсекелестік қабілетін арттыру, еңбек тәжірибесін шыңдау, білім мен денсаулығын нығайту, қоғамның алдыңғы легінде жүріп отыруы тиіс ғылымды дамыту, қоғамда әркім өзінің қабілеті мен еңбегіне сәйкес игілік көре алатындай әділетті қарым-қатынастар мен заңдарды орнық­тыру, еңбек сіңірмей байитын жемқорлыққа жол бермеу деген сөз. Аталған міндетті жүзеге асырудың қиындығы да осында. Ол кешенді әдіс-тәсілдерді қалыптастыруды қажет етеді. Міне, осылайша жоғарыдағы әрбір міндетті жүзеге асырудың өзіндік қиындық­тары бар. Индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық бағдарламасында осылардың тетіктері қарастырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін елімізге не қажет болатындығы және ол қажеттілікті қандай жолдар арқылы өтеуге болатындығы ескерілген. Соның біреуіне тоқтала кетейік. Қазіргі уақытта ойға алғанды жүзеге асыру үшін бірінші кезекте ынта мен ниет болуы керектігі, сонан кейін қаржының қажет болатындығы түсінікті. Бағдарламада Елбасы алдыға қойған міндетке халықтың ынтасын ояту үшін ең алдымен оның алдыңғы қатарындағы кәсіпкерлер тобына көп сенім артылып отыр. Ал осы кәсіп­керлердің өзінің ынтасын қалай оятамыз? Осы үшін бірнеше бағдарлама жасалынған. Солардың бастыларының бірі “Бизнестің жол картасы-2020” жобасы. Осы жоба бойынша кәсіпкерлерді индустриялық-инновациялық даму ісіне тартудың бірнеше жолдары мен әдіс-тәсілдері қарастырылған. Мәселен, бағдарламада көрсетілгендей, өнім өндіріп, оны экспортқа бағыттай алған кәсіпкер үшін несие алуда көптеген артықшылықтар жасалады. Кәсіпкердің банктен алған несиесінің сыйақы ставкасы мемлекет есебінен субсидияланады. Кейбір кәсіпкерлер үшін олардың атқаратын шаруасына байланысты алған несиелерінің қайтарылымына мемлекет банк алдында кепілдік береді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өз ісін дамыту үшін тиісті кеңестер беріледі. Сервистік қызмет көрсету ісі дамытылады. Міне, осындай жолдар арқылы мемлекет кәсіпкерлерді индустриялық-инновациялық даму ісіне тартатын болады. Ал енді қажетті қаржыны қалай табамыз? Бұл үшін бағдарлама негізінде “Инвестициялар-2020” жобасы қарасты­рылып отыр. Қазіргі кезде шетелдерден келетін тікелей инвестицияларға бүкіл әлем халқының таласып отырғандығы белгілі. Аталған жобаны жасау кезінде біздің инвестиция тартудағы артықшылықтарымыз бен кемшіліктеріміз сарапқа салынып, мынадай мәселе айқыналған: Қазақстан шетелдерден осы уақытқа дейін едәуір деңгейде инвестиция тарта алғанымен бұл істе де кемшіліктеріміз жоқ емес екен. Бас­ты себеп, біздің кадрларымыздың біліктілік қабілетінің төмендігі, инфрақұрылымдардың жетілмегендігі, кәсіпкерлер алдындағы әкімшілік кедергілердің болуы және кез келген мәселеден еңбексіз пайда іздейтін жемқорлықтың күштілігі. Міне, осы факторлар Қазақстанға инвестициялардың келуіне бөгет болуда. Осыған орай үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2014 жылға дейінгі бағдарламасы аталған кемшіліктерді жоюдың жолдарын қарастырып, белгілеген. Мәселен, осыған дейінгі заңдарда қарас­тырылған инвестициялық преференциялар берудің ауқымы кеңейтілетін болады. Еркін экономикалық аймақтарға салық жеңілдік­тері ұсынылады. Сонымен қатар еліміздің даму институттары инвестиция қажет етілетін жобаларды бірлесіп қаржылан­дыруға қатыстырылады. Шетелдік инвестицияларды тартудың тағы бір жолы ретінде қазақстандық үлесті арттыру жөніндегі бағдарламаға арнайы ко­миссияның шешімімен шетелдік инвестор­ларды да қатыстыру мүмкіндіктері қарастырылған. Инвестиция тартудың шетелдік тәжіри­белері зерттеле келіп, бұл іспен шұғылда­натын мамандандырылған агенттік құру қажет деп танылды. Мұндай агенттік 160-қа тарта елдерде бар екен. Оларға едәуір дәрежеде кең өкілеттіліктер мен инвестиция тарту ресурстары берілген. Бұл ретте әсіресе осы салада үлкен жетістікке жеткен Корея, Австралия, Бразилия елдеріндегі агенттік­тердің жұмыстары зерттеле келе “KAZNEX” АҚ базасында “KAZNEX ІNBEST” экспорт пен инвестицияны алға жылжыту жөніндегі ұлттық агенттік құрылатын болды. Сонымен бірге шетелдік инвестор­лармен қатар отандық бизнес өкілдері де өздеріне әріптес іздеуіне мүмкіндік беретін бірыңғай интернет портал құрылмақ. Басқа да жағдайлар жасалынбақ. Елбасы бағдарламаны жүзеге асырудың 7 басым бағытын айқындап берген болатын. Олар – агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, мұнай өңдеу, энергетика, химия мен дәрі-дәрмек өндірісі, құрылыс индустриясы, көлік және ақпараттық коммуникация салалары. Бұған қоса енді 5 сала ұсынылып отыр. Олар – мәшине жасау, уран және жеңіл өнеркәсіп, туризм, ғарыш салалары. Бірақ бұл салалардың барлығы бірдей мемлекеттік қолдаудың басымдығына ие бола бермейді. Негізінен салалардағы экспортқа шығатындай және өзіміздің ішкі рыногымызда зәру болып отырған заттарды өндіре алатындар кәсіпорындарға барынша қолайлы жағдай туғызылатын болады. Мұндай кәсіпорын­дарды қалыптастырудың алғашқы сәтті жобасы елімізде жоқ емес. Соның қата­рында Астанада ашылған локомотив зауы­тын айтуға болады. Мұндағы еңбек өнім­ділігі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып отыр. Бағдарлама аясында осы 5 жылдың ішінде біздің елімізде қандай кәсіпорындар салынатындығы, олардың қандай өңірлерде орналастырылатындығы нақты айқын­далған. Осы үшін өндірістік қуаттарды тиімді орналастырудың кестесі әзірленген. Бұл кестеде отын-энергетикалық ресурс­тардың болжамды теңгерілімі, минералды-шикізаттық базаны, су мен жер ресурстарын дамытудың болжамды теңгерілімі, еңбек ресурстарын орналастырудың болжамды теңгерілімі жасалынған. Құбырлар, темір жолдар, автокөлік жолдары, су және әуе көліктері инфрақұрылымдарын дамыту жоспарлары әзірленген. Еркін экономи­калық аймақтар мен индустриялық белдеулердің қалай қалыптастырылып, дамытылатындығы көрсетілген. Жоғарыда бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қазақстанды индустрияландырудың 2010-2014 жылдарға арналған картасының жасалғандығын айттық. Бұл картаға жалпы құны 6,4 трлн. теңге тұратын 97 жобаны енгізу мақұлданып отыр. Осының негізінде 64,3 мың жұмыс орны ашылуы тиіс. Осымен қатар әрбір өңірдің өзіндік картасы да болады. Осы өңірлік карталар бойынша жалпы құны 119,7 млрд. теңге тұратын 65 жоба мақұлданды. Осылардың негізінде тағы да 10,2 мың жұмыс орны құрылмақ. Міне, осындай сан-салалы ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру үшін Қазақ-станның индустриялық-инновациялық дамуының 23 шеберлік жоспары әзірленетін болады. Олар жергілікті мемлекеттік орган­дардың белсене қатысуымен әзірленеді. Осы бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру салмағы өңірлерге ауады. Орталық бұл жоспарларды жүзеге асыру жағдайын қатаң бақылауда ұстайды. Осы мәселеге байланысты әкімдіктердің алдындағы міндетпен қатар олардың қыз­меттерін бағалаудың өлшемдері әзірленген. Әкімдердің қызметі ендігі кезекте өздері басқарып отырған өңірлерде еңбек өнімді­лігінің қаншалықты деңгейде артқанды­ғымен, қаншалықты көлемде тікелей ин­вестициялар тарта алғандығымен, қанша­лық­ты деңгейде шикізаттық емес экспорт­тың үлесін арттыра алғандық­тарымен, қанша инновациялық кәсіп­орындарды іске қосқандығымен, қан­шалықты деңгейде жоғарғы өнімділік беретін жұмыс орындарын ұйымдастыр­ғандығымен бағаланатын болады. Осындай өлшемдер бойынша өңірді алға сүйреп шығара алған әкімдердің абыройы артады. Қысқасы, “жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” дегендей, ендігі кезекте мемлекеттік билік буындарындағы басшылардың арасындағы бәсеке де қыза түсетін болады. Елбасының еліміздің үдемелі индус­триялық-инновациялық дамуы бойынша Жолдауда берген тапсырмаларын жүзеге асырып, бұл істегі сан-салалы шаруаны бір ізге салып, жүйелі басшылықты қамтамасыз ету үшін Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мовтің арнайы қаулысымен Республикалық басқару орталығы құрылды. Мұнда негізінен неғұрлым ірі жобалардың орындалауына көбірек мән беріледі. Бұл орталыққа Премьер-Министрдің өзі басшылық жасайды. Әкім басқаратын осындай орталық өңірлерде де құрылады. Сонымен қатар жобаларды жүзеге асыруға қатысты проблемалық мәселелерді жедел шешіп отыру үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқаратын жедел топ құрылды. Бұл жедел топ жоспарланған барлық жобалар бойынша жұмыстар өз арнасына түскенге дейін өңірлерді аралап, іс барысымен тиянақты түрде танысып отыруы тиіс. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2014 жылға дейінгі бағдарламасы оған қатысушы барлық жақтардың, атап айтқанда, кәсіпкерлік құрылымдардың, банктердің, жергілікті билік органдарының, “Нұр Отан” партиясының, министрліктер мен агенттіктердің белсене қатысуымен жан-жақты талқыланды. Өткен аптадағы Үкімет отырысында қабылданды. Осы отырыс барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бағдарламаның жеткілікті дәрежеде пысықталғандығын атап көрсете келе ендігі маңызды мәселе оны жеделдетіп жүзеге асыру екендігін айтты. Сөйтіп, бағдарлама Елбасы қарауына тапсырылды. Сонымен еліміздің алдындағы осы бесжылдықтың аса маңызды міндеті айқындалып отыр. Ол міндет – бесжылдық бағдарлама мен жоспарды жүзеге асыру. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері небір қиын кезеңдерді бастан кешіре отырып, сол қиын кезеңдердің өзінде жасалып, халықты жақсы өмірге жетелеген “Қазақстан-2030” Стратегиясын жүзеге асыруда едәуір тәжірибе жинақтап, шың-дала білді. Осының нәтижесінде халық­аралық аренада үлкен беделге ие болды. Еліміздің ішінде тұрақтылық пен ауызбірлік қалыптасып, әлеуметтік тұрмыста да жақсы жетістіктерге жетті. Ел болудың, ірге көтерудің барлық шарттары орындалды. Енді алдымызға одан да зор міндет қойыл­ды. Ол міндет – әлем халықтарының ал­дың­ғы легіне ұмтылу, бәсекелестік қабілеті мығым деп саналатын алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына кіру. Сөз болып отырған еліміздің үдемелі инудстриялық-иннова­циялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы – осы мақсатқа қол жеткізудің кілті болып табылады. Егер біз онда көрсетілген межелерге қол жеткізетін болсақ, бола­шағымыздың қазіргіден де жарқын болатындығына сөз жоқ. “ЖОЛ КАРТАСЫ” ЖӘНЕ “ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІ” Венера ТҮГЕЛБАЙ. Үздік бағдарламалар санатынан табылған “Жол картасының” шеңберінде “Жастар тәжірибесі” ұйымдастырылғаны мәлім. Бағдар­лама жас мамандарға тәжірибе жинақтауға, оған қоса жаңа жұмыс орындарына жұмысқа тұруы олардың бәсекеге қабілетті маман болуына септігін тигізіп отыр. Бұған дейін де Үкімет “Халық­ты жұмыспен қамтамасыз ету” туралы заңға орай халықтың нақ­тыланған белгілі бір бөлігін еңбекпен қамтамасыз етуді қолға алған-тын. Ал бұл жолғы еңбекпен қамтылуға тиісті әлеуметтік топ­тарға, 21 жасқа дейінгі жастар мен білім беруші ұйымдар, сондай-ақ жоо-ны бітірген түлектер кірді. Жастарды жұмыспен қамтама­сыз етудің негізгі себептерінің бірі кәсіби дағдының жоқтығынан бәсекеге қабілеттіліктің төмен бо-луы. Осыған орай еңбек рыног­ын­да жұмыспен қамтамасыз етуге жағ­дай туғызу маңызды міндет бо­лып табылады. 2009 жылы жұ-мыспен қамту органдарына жұ­мыс­қа орналасу мақсатымен кел­ген 16 мен 24 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың ұзын-ыр­ғасы 196 мың екен. Бүгінгі күні олар­дың 155 мыңнан астамы жұмысқа ор­налас­қан. Бұл жұмыссыз жас­тардың 79 пайы­зын құрай­ды және уа­қытша бол­са да құр босқа қарап жүр­мейтіндігіне кепіл. Жұмыспен қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі “Жастар тәжірибесін” жүзеге асыру болып табылады. Жоба барысында жас­тар алатын алғашқы еңбек тәжі­рибесі, сондай-ақ еңбек дағдысы еңбек рыногында олардың бәсеке-ге қабілеттілігін күшейтуіне септі­гін тигізеді. Елбасымыздың өткен жылғы Жолдауында жарияланған міндеттерге сәйкес жергілікті ат­қару органдары “Жастар тәжіри­бесі” бағдарламасының есебінен уақытша жұмыс орындарын қарастырып, оларға 35,2 мың оқу орындарын бітірушілерді бағыт­таған болатын. Бұған республи­калық бюджеттен 3,2 млрд.теңге бөлінген. Бұл орайда айта кететін нәрсе, әр тәжірибеден өтуші жас маманға 15 мың теңге көлемінде жалақы төленді. Осыған орай алдын ала дайын­дық жұмыстары жүргізілді. Жыл сайынғы әкімдер қаулысымен бекітілетін мақсатты топтар сана­тына қосымша арнайы оқу орын­да­рын бітірген жастар да енгізілді, оларды әлеуметтік қорғаудың нақты шаралары қарастырылды. Оған қоса Шығыс Қазақстан об­лысы мен Алматы қаласында  “Жас­тар тәжірибесі” ұйымдары­ның арнайы ережесі жасақталды. Барлық аймақтарда түрлі деңгей­дегі оқу орындарын бітірген ма-ман­дық, кәсіп иелерінің анкета­сын бір жерге жинақтап, ортақ мәлімет банкі құрылды. Банктегі мәліметтер негізінде жастар тәжірибесіне қатысуға үміткерлер нақтыланды. Оқу орындарында жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырылып, олармен ақпа­раттық, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 12,8 мың жұмыс берушімен келісім-шарт жасалып, оның негізінде 51,2 мың адам тәжірибеден өтуге жұмысқа қабылданса, 9,7 мыңы тұрақты жұмысқа қабылданған. “Жастар тәжірибесіне” қаты­сушылардың негізгі дені орта арнаулы кәсіптік білім беру ұйымдарынан болып табылады. Олардың пайыздық көрсеткіші 50 пайызды құрап отыр. Ал  жоо бі­тіргендер екінші орында. Сонымен қатар қатысушылардың 57 пайыз-дан астамы 2009 жылы бітіргендер болса, көмекке жүгінгендердің 43 пайызы алдыңғы жылдары бітір­гендер екен. Барлық аймақтарда қатысушылардың көлеміне орай жоспарланған тапсырмалар арты­ғы­мен орындалды. Олардың ішін­де Алматы және Астана қалалары, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыс­тарында тәжірибеге қабылданған­дардың үлес салмағы басқаларға қарағанда басымдау. Ал тәжірибені аяқтаған соң тұрақты жұмысқа қалдырылғандардың саны Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында және Астана қаласында артқаны бай­қа­лып отыр. Мысалы, Атырау об­лысында бағдарламаның белсенді қатысушылары шетелдік компа­ния­лар болып табылады. Мысалы, “Уорли Парсонс”, “Шлюмберже Лод­желко Инк”, “Bateman Казахстан”, “Ренко-Кат”, “ЮСС Суппорт Сервисез” және басқа да шетелдік компанияларда Атырау мұнай-газ институтының 54 түлегі тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Олардың 16-сы тәжірибе аяқталған соң тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал Ақмола облысында үш жоғары оқу орнын “көлік бакалавры – көлікті пайдалануға енгізу және қозғалысты, тасымал­ды ұйымдастыру” мамандығы бойынша бітірген 3 түлек “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-тың Ақмола жол бөлімшесінде Бурабай курорты стансасында тәжірибеден өтіп, оны аяқтаған соң жұмысқа қалдырылған. Бағдарлама жастарды жұмыс дағдысына үйретіп қана қоймай, жұмыс істеуге ынталандыруда үл­кен құлшыныс, серпін  тудыруда. Оған қоса алынған тәжірибе де жас маманға жұмысқа тұрғанда кібіртектемей, жүктелген міндетті қиналмай алып кетуіне көмек береді. “Жол картасы” шеңберінде жүргізілген “Жастар тәжірибесі” бағдарламасының қорытындысы жұмыссыз жастарға әлеуметтік қорғаудың тиімді екендігін көрсе­тіп отыр. Сондай-ақ тек жастарға ғана емес, жұмыс берушілерге де тиімді. Жұмысқа алу барысында олар игерген дағды мен жинақтал­ған тәжірибе кейін қажетіне жа­райтын болады. Ал жұмыс беруші компанияларға өз бизнесінде адам ресурсын қосымша пайдалану және болашақта жұмысқа алына­тын дұрыс кандидатты дәл табуын жеделдетеді. Жұмыспен қамтама­сыз ететін органдар жұмыс беру-ші­лермен арадағы қарым-қатынас­ты бекіте түседі. “Жастар тәжі­рибесі” өзге де жұмысқа орналас­тыру шараларымен кешенді түрде байланыса отырып өткен жылдың 4-тоқсанында жастар жұмыс­сыздығын 6 пайызға  қысқартты. Осылайша жастар тәжірибесі өз тиімділігін, өміршеңдігін  тағы бір рет дәлелдеген соң ол 2010 жылғы “Жол картасы” аясында да жалғасын таппақ. Бұл үшін рес­публикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлініп отыр. Оған қоса ендігі жерде тәжірибеден өтушілер 15 мың мен 20 мың теңге ара­сында еңбекақы алатын болады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. “ТАЛСАЙЕТТІҢ” ЖАҢА ЦЕХЫ шаруа қожалықтары мен тұтынушы талғамын қанағаттандыруда Күмісжан БАЙЖАН. Халқының саны күрт өскен Талдықорған қаласындағы “Тал­СайЕт” ауылдық тұтыну коопера­тиві бүгінде 26 шаруа қожалығы­мен өзара байланыста еңбек етіп, алға қойған міндеттерге сай жұ­мысын жетілдіруде. Мұнда шаруа қожалықтары бордақыланған малдарын әкеліп, арнайы малдәрі­герлік зертханада тексеруден өткізеді. Әкелінген мал жұқпалы аурулардан таза екендігіне көз жекізілгеннен кейін сойылып, сауда орындарына жөнелтіледі. Бүгінде адам денсаулығы көбіне тағамның таза болуымен өлшене­тіндіктен оған ерекше мән беріл­ген. Осылайша арнайы мал сою цехын ашу күн тәртібіне өткір қойылды. Тұтыну кооперативі 2006 жыл­дан бастап мал сою цехын ашу мақ­сатында “Аграрлық несие кор­порациясы” акционерлік қоға­мынан мал сою мен шұжық цехын ашу үшін алынған 67 млн. теңге қаражатты тиімді жұмсап, жұмыс­тың тиянағын келтірді. Жаңадан ашылған кәсіпорын тәулігіне 50 бас ірі қара, 100 қой, тағы басқа малдарды союға арналған. Цехта 50 тонна ет сақтайтын тоңазыт­қыш, тағы басқа да шаруа қожа­лықтарының сұранысын қанағат­тандыратын орындар бар. Жаз айларында базарға әкелінген еттің бұзылмауы үшін ша­руалар өнімдерін осында сақтауына мүмкіндігі мол. Қажет болса, мал­ды бордақылап, се­мір­ту қызметі де қарастырылған. Тұтынушы бү­гінде ірі қара етінің бір ки­лосын 550 теңгеден сатып алуына болады. Бұл өзге базарларға қарағанда едәуір арзан. Шаруа қожалықтарының жағ­дайын жақсартуға мал сою цехы­ның қызметі көп көмегін тигізуде. Мәселен, “Ақ бастау” шаруа қо­жалығының жетекшісі, кербұ­лақтық Б.Бекиев кооперативке бес бас ірі қара әкеліп, алынған бағаға қанағаттанатынын жеткізді. Бұған дейін ет алушы делдалдар еттің килосын 450-480 теңгеге бағалап, нәтижесінде шаруа адамдары едәуір ұтылатын. “ТалСай­Ет­тік­тер” 5 бас ірі қараның әр килосын 550 теңгеден бағалап, қолма-қол есеп айырысқан. Сонымен қатар малдәрігерлік зертхана мен мал сою цехы да шаруалардың көп жұмысын жеңілдеткен. Әрине, кооператив ұжымы әлі де жұмыстарын жетілдіруді, қызмет ауқымын кеңейтуді жос­пар­лауда. Өйткені, бүгінгі тұ­тынушының азық-түлік өнімдеріне деген сұранысы өсуде. Мал өнім­дерінен сапалы шұжық жасап, жылжымалы дүңгіршектер арқылы қала халқының дастархан мәзірін толықтыруда. Шұжықтың бір килосының бағасы 600 теңге. Ет өнімдерімен қатар мұнда ас атасы – нанның 40 түрі пісіріліп, тал­дықорғандықтардың талап-талғамынан шығуда. Кәсіпорын қаладағы жұмыс­сыздықты жою мәселесіне де өзіндік үлесін қосып, қазіргі кезде мұнда 130 адам жұмыспен қамтылса, оларды тұрақтандыру мәселесіне де көңіл бөлінуде. Цехтың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков қатысып, қолға алынған жұмыстарға бағасын берді. Экологиялық жағынан таза тағам өндірісін дамыту мәселесі шешімін тапқан мұндай цехтарды Алматы қаласына жақын орналас­қан Қарасай, Талғар ауданындағы “Алтын орда”, “Катализатор” базар­ларында ашу қажеттігін қадап айтты. Жалпы, өңірдегі 37 ауылдық тұтыну кооперативі осындай мал сою цехын ашуды қолға алып отыр. Алматы облысы.