Еліміздің түкпір-түкпірінен 33 жүйрік қатысқан бәйге таңғы сағат 7.45-те Зайсанның Сәтпай ауылынан басталып, сәйгүліктер «Майқапшағай-Омбы» жолының бойымен Тарбағатай ауданының Байтоғас ауылына дейін тізгінді босатып, кері қайтыпты. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында 130 шақырымға шабу оңай ма? Жарыс барысында жолай бір аттың сырғасы тайып, бірі аяғын інге тығып, бірнеше қыл құйрықты сайысты мезгілінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Сонымен, бәйге қорытындысында 130 шақырымды 6 сағат 38 минутта жүріп өткен Катонқарағай ауданының жүйрігі «Тарпаң» 1-орынды иеленіп, иесіне 1 миллион теңгенің жүлдесін тарту етті. Бұдан кейінгі екі орынды да Төр Алтайдың сәйгүліктері қанжығаларына байлады. Төртінші орын Аягөз ауданына бұйырса, 5,6,7-орындар Зайсан ауданының өзінде қалды. Жүз отыз шақырымда бас жүлде алған тұлпардың иесі Ерболат Тоқсанов аты жылқы ішінде бос жүргенін, бұрын-соңды бәйгеге түспегенін, жартылай асыл тұқымды екендігін айтады. «Шабандозы – Сергей Рыбин деген жұмысшым. 15 жасынан бері менің жанымда мал бағып, ат баптап келеді. Қазір жасы – 28-де. Осы «Тарпаңды» бәйгеге дайындаған да өзі. Таңдауы теріс болмаған сияқты», дейді Ерболат Тоқсанов.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы