
Өйткені дүние есігін ашқан сәбидің ағзасы мен ересек адамдардың кеселдерінде үлкен айырмашылықтар болатыны қарапайым жандарға да аян. Бала анатомиясы – құрсаққа біткен сәттен бастап біртіндеп жетіліп келе жатқан, бірақ гормондары әлі түзілмеген басқа әлем. Бұл оны егжей-тегжейлі зерттеген мамандарға ғана белгілі. Мәселен, медицина мамандары педиатрлардың білетінін ересек адамдарды қарайтын дәрігерлер біле бермейтінін мойындайды.
Жастар жылы аясында өткізілген «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияның көтерген мәселелері ауқымды.
Халықаралық конференцияда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балаларға медициналық көмек беруді ұйымдастыру аспектілері, сирек ауруларды емдеуді жетілдіру, түрлі хирургиялық және соматикалық ауытқулары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу, балалар жасындағы интенсивті терапия мен анестезиология, ем барысында қолданылатын заманауи медициналық технологиялар сияқты өзекті мәселелер талқыланып, ғылыми жобалар ұсынылды. Сонымен қатар педиатрия тәжірибесінде сирек кездесетін әртүрлі клиникалық жағдайлар көптің талқысына салынды.
Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен өткен конференцияға Ресей, Өзбекстан, Қырғыз және еліміздің 200-ден астам жас педиатрлары мен балалар хирург-дәрігерлері де қатысты. Конференцияда салалық 100-ден астам ғылыми жұмыстар, арнайы баяндамалар, мақалалар және постерлік баяндамалар ұсынылды. Әртүрлі ЖОО мен елдердің жас делегаттары педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
«Заманауи медициналық ғылым мен практиканың дамуы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетінсіз мүмкін емес. Сондықтан біз жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, жас ізденушілерді ғылыммен айналысуға шақыру мақсатында осы шараны өткіздік. Ғылыми-зерттеу жұмыстары тәжірибемен ұштасуы керек. Бүгінгі конференция балалар жасындағы ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудағы негізгі мәселелердің бетін ашуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин: «Мемлекет басшысының биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы қоғамның қозғаушы күші медицина саласындағы жастарға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Жастар қай кезде де жастық жігерінен танбай, денсаулық саласын дамытуға, әсіресе балалар саулығы жолында бар күш-жігерін сала еңбек етеді деп сенемін», дейді.
Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Конференция барысында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша), «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша арнайы дипломдармен марапатталды. Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми журналында жарияланды. Журнал ғылыми қызметтердің нәтижелерін жариялау үшін Білім және ғылым министрлігінің Ғылым және білім саласын қадағалау комитетімен ұсынылған, сондай-ақ Ресейлік ғылыми дәйексөз алу индексі (РИНЦ) мәліметтер базасына кіреді.
Алдағы уақытта ғылыми конференция дәстүрлі шараға айналмақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ