Аймақтар • 12 Наурыз, 2019

2019 жылғы қаңтарда 898 млрд теңгеге жаңа кредиттер берілді - Е. Досаев

1898 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2019 жылғы қаңтарда депозиттер көлемінің 19,2 трлн теңгеге дейін 3,7%-ға өскен. Ұлттық валютамен депозиттер 11,9%-ға өсті. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында айтып берді.

2019 жылғы қаңтарда 898 млрд теңгеге жаңа кредиттер берілді - Е. Досаев

«Көп жағдайда мұндай өсу «Цеснабанк» АҚ-ты қолдау бойынша іс-шараларды іске асыруға байланысты болды. Шетел валютасымен депозиттер 5,0%-ға төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 44,4%-ға дейін төмендеді», - деді ол.

Е. Досаев отырыс барысында кредит беру нарығының қалпына келіп жатқандығын айтты. «2019 жылғы қаңтарда 898 млрд теңге сомаға жаңа кредиттер берілді, бұл өткен жылғы осындай кезеңнен 8,2%-ға көп. Кредиттік портфель 2019 жылғы қаңтардың соңында 12,5 трлн теңгені құрады», - деп түсініктеме берді Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Ол кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме 2018 жылдың басындағы 13,2%-дан 2019 жылғы қаңтарда 12,4%-ға дейін төмендегенін, қысқа мерзімді кредиттер бойынша мөлшерлеме 12,9%-дан 12,3%-ға дейін, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 14,3%-дан 13,8%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

«Экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. Қазіргі уақытта олар іске асырылуда. 2019 жылғы 1 наурызда екі банктің 25 млрд теңге сомаға облигациялары сатып алынды», - деп хабарлады Е. Досаев.

Сонымен қатар ол «7-20-25» бағдарламасының 8 банк арқылы жүзеге асырылып жатқандығы туралы айтып берді. «1 наурызда 114,1 млрд теңге сомаға 9 983 өтінім қабылданды, 68 млрд теңге сомаға 5 816 өтінім мақұлданды, банктер 4 566 өтінім бойынша 54,5 млрд теңге берді.

«Баспана» ИҰ 13 әкімдікпен Бағдарлама бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау туралы меморандумдар жасасты.

Ұлттық Банк пен «Баспана» ИҰ белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді», - деді Е. Досаев.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы 2019 жылғы қаңтарда банктердің активтері 0,1%-ға азайып, 25,2 трлн теңге болғанын атап өтті.

«90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер несие портфелінің 8,1%-ын құрады. Сақтандыру ұйымдарының активтері ағымдағы жылғы қаңтарда 1 080 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 5,6%-ға ұлғайып, 548 млрд теңге болды», - деді сөзін қорытындылай келе Е. Досаев.