Жақында 9 сынып оқушысы Аслан Ғазизов сабақтан кейін өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысқан еді. Қазір облыс полициясы оқиға орын алған Талғар ауданының Туғанбай ауылындағы №30 мектеп оқушысының өліміне қатысты тергеу жүргізуде. Сабақты жақсы оқитын, қоғамдық жұмысқа белсене қатысатын Аслан болашақта әнші болуды армандайтын. Тіпті 8 наурызға арналған концертте ән шырқауға дайындалып жүріпті. Өкініштісі, мектепте болған кикілжіңнен кейін үйіне келген оқушы қораға кіріп, асылып қалыпты.
- Ұлым сол күні сабақтан көңілсіз келді. Себебін сұрағанда, 7 сыныптың оқуышысымен төбелескенін білдім. Осы оқиғаны көрген мектептің география пәнінің мұғалімі Асланды бүкіл мектеп оқушыларының көзінше жазалап, намысын тиетін сөз айтқан. Мұны төменгі сыныпта оқитын қызым айтып келді. Мен ұлым сабасына түскесін сөйлесуді ойлап, істі ушықтырмадым. Ол қораны тазалауға шығып кеткен. Артынан барғанымызда асылып қалыпты. Жанұшырып дәрігер шақырдық, көмектсе алмадық, - дейді қан жұтқан ана Бақыт Сейсенбина.
Куәгерлердің айтуынша, мектептің екі мұғалімі Асланды тәртіпке салмақ болып асыра сілтегенге ұқсайды. Ұстаздың бірі сақиналы саусағымен нұқып, оқушының көзін жаралап алған. Төменгі сынып оқуышлары алдында тізерлеп кешірім сұратқан. «Ең өкініштісі, мұғалім менің мектепте еден жуатынымды айтып, ұлымды кекеткен. «Өзің кедейдің, еден жуушының баласы болсаңда пысық екенсің» деп, басқа ауыр сөздермен ызаландырған. Мұғалімнің сөзіне қызым да жылап қалған» дейді марқұм оқушының анасы.
Облыс полициясы Талғар ауданының Туғанбай ауылындағы №30 мектеп оқушысының өліміне қатысты қылмыстық іс қозағаған кейін, мектеп мұғалімдері Бақыт Сейсенбинаның үйіне келген. Күдікке ілінген ұстаздың да туыстары қазір қайғыыл ананың босағасын босатпай жүр екен.
- Ешкім менің ұлымды қайтырып бермейді. Жазықсыз адамды сот та кінәламайды ғой. Менің жаныма бататыны, «Өлер бала өлді, енді кешірім бер» деп ақша ұсынғаны, - дейді күрсінген ана.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы