Ақтауда ерте көктемде теңіз жағасына шайылып шыққан шаяндар оның етіне құмарларды қарқ қылып тастар ма еді, егер оған тиісті орындар мен табиғат жанашырлары араласпағанда?! Теңізде болған қатты жел жүздеген шаянды толқынмен лақтырып жағалауға шығарып тастады. Қысқы суықтан соң әлі күш жиып үлгермеген шаяндардың өз күштерімен теңізге жетуі қиын. Осылайша «Солдат жағажайы» деп аталатын тегіс жағалауда қайраңдап қалған шаяндарға қамқорлық танытып, қайтадан суға салудың орнына кейбіреулер арнайы ыдыстармен келіп шаяндарды үйлеріне таси бастаған.
Шаяндардың жағалауға топтап шығарылуын тиісті орындар – Маңғыстау облысы Балық шаруашылығы инспекциясы мен Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті әлдебір заң бұзушылардың қолымен жасалған қасақана ұйымдастырылған іс емес, табиғат әсері, теңіздегі қатты желдің әсерінен болып тұратын жағдай деп түсіндірді. Сонымен қатар оқиғаға байланысты экологиялық заңдылықты бұзу дерегі, оны тексеруге қатысты шағым түспегендіктен, тексеру-тергеу жұмыстары жүргізілмейді.
Табиғат жанашырларының айтуынша, сәуірден бастап уылдырық шашатын теңіз шаяндарын үйді-үйге тасу әбестік. Сондай-ақ кеше ғана қыстан шыққан, оның үстіне уылдырық шашуға дайындалып жүрген шаяндар ерте көктемде жеу үшін аса қолайлы емес екен. Ал күзгі салым, әсіресе тамыз айының соңы мен қазан айының соңына дейін олардың еті майлы әрі дәмді болмақ.
Жағалауға толқын ұрып шығарып тастаған шаяндарды қорғауға табиғатты қорғау полицейлері араласып, ыдыспен келген тұрғындармен сөйлесіп, шаяндарды теңізге қайта жеткізуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы